Сот әділдігіне қашан жетеміз?

0
49

Сот әділдігінің лайықты жүзеге аспауы салдарынан ұзақ жылдар әуре-сарсаңға түсіп жүрген адамдар аз емес. Мен де солардың бірімін. «Президент және Халық» газетіне сот судьялары тарапынан жіберілген қателіктер көрсетілген арнайы мақала жазуыма тура келді. Түсінікті болу үшін әңгімені әріден бастайын.

Сарқан аудан әкімінің 1999 жылы 30-наурызында №3-221 ше­шімімен маған бекітіліп берілген 20 га суармалы жер телімін екі жылдай пайдаланып жүрдім. Сарқан аудандық жер қатынастар бөлімі 2000 жылы құқығымды бұзып, заңсыз тартып алды да, 2001 жылы аудан әкімнің ше­ші­мі­мен басқа біреуге бекітіп беріп жіберді.
Жергілікті Сарқан аудандық сотына үш жыл арызданып жүріп ақыры өз жер телімімді қайтарып алуға қол жеткіздім. 2005 жылы жергілікті Сарқан аудандық соты менің арызымды қолдап, ақ-қарасын түбегейлі дәлелдеп, аудандық жер қатынастар бөлі­міне өз жерімді қайтарып беруді міндеттеп шешім шығарды.
Аудандық соттың 2005 жылы 2-ақпанындағы шешіміне сәйкес 2005 жылғы шілдеде аудан әкімі №266 қаулысымен сол бұрынғы өз жерімді қайтадан өзіме бекітіп берді.
Бірақ өкінішке қарай аудандық жер қатынастар бөлімі соттың шешіміне де, әкімнің қаулысына да пысқырған жоқ. Шешім мен қаулы іске асырылмай қағаз жүзінде қала берді. Уақыт өте берді. Менің жерімді заңсыз иелік етіп жүрген Б. Жақсыгелдинов болса жер телімін ары қарай пайдалана берді, өйткені оның кінәсі жоқ. Себебі, қолында барлық заңды құжаттары бар, ешқай­сы­сын жер қатынастар бөлімі жер кодексінің талаптарына сәйкес өзгерткен жоқ.
Сол себептен тағы шағым­дануға мәжбүр болдым. Алматы облысының ауданаралық маман­дандырылған экономикалық соты­ның 2009 жылғы 28-сәуірдегі шешімімен менің жерім заңсыз бекітіліп берілген азамат Жақсы­гел­диновтың 2002 жылғы 30-қа­занда облыстық жер қатынастар бөлімі комитетімен жасалған №0119153 келісімшарты (мемлекеттік актісі) жарамсыз деп танылып, мен өз жеріме сол 2009 жылдан бастап қайта иелік етіп, пайдалануға құқылы болдым.
Сол күннен бастап менің құқығым жартылай қалыптасты. ҚР АК 9-бабы, 4-тармағы бойынша 8 жыл (2001-2008жж) ала-алмай қалған өнімімді өндіріп алу үшін жер теліміне құқығым пайда болған соң, арыздана бастадым.
Бірнеше арыздарым, неше түрлі себептермен экономикалық сотта қабылданбай, уақыт өте берді.
2012 жылғы 11-сәуірде жазған талап арызым қабылданып, ҚР АК 178-бабының 1-бөліміндегі белгілінген 3 жылдық мерзіміне үлгердім, яғни заң бойынша талап қоюға ешқандай кешіккенім жоқ деп есептеймін. Заңның біз білмейтін басқа астары болмаса?…
Осы сот отырысында төра­ғалық етуші судья Р. Қадырбаева «сот талапкердің қойған талаптары негізсіз болғандықтан жә­не талап қою мерзімінің өтіп кетуіне байланысты талап­ты қа­на­ғаттандырудан бас тар­туды жөн деп санайды», – деп қор­тын­дылады (Алматы облы­сының ауданара­лық маман­дан­дырылған эко­номи­калық со­тының 2012 жылғы 24-та­мы­зындағы іс №2-1654/12 ше­шімі).
Аталған судья менің бұзылған құқығымды қорғаудың орнына, өзінің өте сауатсыз жазылған шешімімен одан ары «таптады» – деуге болады. Сөзім дәлелді болу үшін бір мысал келтіре кетейін: Өзі істеп отырған облыстық соттың бөлімінің атын дұрыс жазуға сауаттары жетпепті «Мамандырылған» – деп, осыдан кейін не қайыр, не үміт!…
Осы мәселе жөнінен аудандық жер қатынастар бөлімінің сол кездегі басшысы Кизилов болған жағдайды 2005 жылы аудандық сотының отырысында толығынан ашық жазып түсініктеме берген еді, яғни осы шешімде судьяның көтерген барлық сұрақтарына жауап болатындай, бірақ судья Р. Қыдырбаева оған да мүлде мән бермеді (2005 жылғы 2-ақпандағы аудандық соттың шешімі).
Сот отырысында айтқан куә­лардың түсініктемесін шешімде өз ыңғайына қарай өзгертіп жазған, мысалы: Аудандық жер қатынастар бөлімінің өкілі Б. Байжұманов өзінің мекемеде жаңадан қызмет істеп жүргенін, талапкердің жер иеленуі туралы, өзі ештеңе білмейтінін айтып, отырыста «Заң бойынша әділ шешім шығаруларыңызды сұраймын» – деген еді.
Сот отырысы аяқталғаннан кейін, судья Р. Қыдырбаева Бай­жұ­мановты хатшының кабинетіне ертіп барып хатшыға «диктовать» етіп, компьютерге жазғызып жат­қанын өтіп бара жатып көріп қалдым. Бұл судьяның сот процесін жүргізуіндегі қай тәсіліне жататынын түсінбедім.
Қорытындысында жаңағы Бай­жұмановтың түсіктемесі шешімде басқаша сипат алып шығыпты «талапкер өзі ешқашан жер өңдемеген және ешқандай өнім өңдірмеген талабы негізсіз» – деп (келіспеген жағдайда облыстық соттағы компьютердің шрифтімен жазылғанын анықтауға болатын шығар).
Сот отырысының ауызша талқылау бөлімінде де, жазбаша шешімінде де, судья арыз жазудың ҚР АК 178-бабының, 1-бөлімінде белгіленген мерзімі өтіп кеткендігі туралы бір ауыз дәлелді тұжырым айтпады.
Р. Қыдырбаева сот отырысында кәсіби қателіктерге де бой алдырды. Мысалы: АІЖК-нің 71-бабы 2-бөлігінде соттың бұрын азаматтық іс бойынша заңды күшіне енген шешімімен белгіленген мән-жайлар сот үшін міндетті және сол адамдар қатысатын басқа азаматтық істерді талқылау кезінде қайтадан дәлелденбейді делінген. Бірақ 2005 жылғы 2-ақпандағы жергілікті Сарқан аудандық сотының шешімінде толығымен жан-жақты дәлелденіп, менің пайдама шешілген мән-жайды қайтадан талқылап сол куәларды қайтадан сотқа шақыртып, қысыр сөзді мейлінше сапырып, сот отырысында айтылмаған сөздерді «анау айтты, мынау айтты» – деп, шешімінде уақытында болған істердің деректеріне сүйенбей, дәлелсіз бос сөздер жиынтығын құрастыру арқылы «талап мерзімі өтіп кеткен» деп түсініксіз шешім шығарған,
Жоғарыда айтылғандай ешбір дәлелсіз, мерзімі өтіп кеткен деген сылтаумен, экономикалық сот­та арызымды әділетсіз түрде қанағаттандырмағаннан кейін жо­ғарғы сатыдағы соттарға жүгінуге тура келді.
Бірақ… үлкен сенім артқан облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі апелляциялық алқасының төрағасы, судья Г. Валимова нақтылы фактілерді өзінше өзгертіп, тіпті 2005 жылғы 2-ақпандағы сот шешімімен қай уақытта менің құқығымның бұзылғаны дәлелденіп тұрса да, ойына келген шешімін шығара салды. Сөзбе-сөз келтірейін: «Талапкер талап арызында 2001 жылдан 2009 жылға дейін осы даулы жерден ала-алмай қалған өнімдерінің құнын өндіруді сұ­раған, алайда 2008 жылдың көк­темінде талапкер жерін басқа­лардың бөгет жасағанына байланысты еге алмаған, осы мерзімнен бастап талапкер өзінің құқығының бұзылғанын білген, бірақ ол жөнінде сол жылдардың өнімнің құнын өндіру жөнінде сотқа тек 2012 жылғы 11-сәуірде шағымданған». (2012 жылғы 9 қазандағы №2а-2063/2012 аппеляциялық соттық қаулысы). Мен егінді 2008 жылдың көктемінде ғана еге алмағаным жоқ, 2000 жылдан 2009 жылға дейін еге алмай келдім. «Құқығы бұзылғанын 2008 жылы ғана біліп, 2012 жылы ғана арызданды» – дегені шындыққа үйлеспейді.
Біріншіден, мен 2002 жылдан бастап аудандық сотқа арызданып жүріп, 2005 жылдың 2-ақпандағы сот шешімімен жер телімін қайтып алуға мүмкіншілік алдым.
Екіншіден, 2005 жылдан бастап 2012 жылға дейін аудандық сотқа және облыстық соттарға моральдық шығынды, ала алмай қалған өнімнің құнын өндіріп алуға бірнеше рет арыздандым. Арыздарымның және барлық соттың шешімдерінің көшірмесі сақтаулы. Соңғы талап арызды 2012 жылдың 11-сәуірінде экономикалық сотқа түсірдім. 3 жылдық мерзім, судья Валимова айтқандай 2008 жылдан есептелуі тиіс емес, менің жер телімін иеленуге құқығым толық қалыптасқан күн, 2009 жылдың 28 сәуірінен, жоғарыда көрсеткендей жеке иелік еткен күннен бастап, 2012 жылдың 11-сәуіріне дейін есептелуі керек .
Тәуелсіз еліміздің конституциясында адам құқығы бірінші орында тұрса да, жоғарғы сатыдағы соттар шағым арыздарды атүсті қарайтындары маған түсініксіз болып отыр. Менің түсінігімде жазылған арызға мән беріліп, толық оқылмайтын көрінеді, бірінші сатыдағы сот шешімдерінің тұрақтылығын сақтау, біздің мемлекетіміздің жоғары сатыдағы соттары үшін адам құқығынан жоғары қойылған көрінеді. Себебі көрсеткіштері төмендеп қалатын сияқты, кәзіргі уақытта ең жоғары көрсеткішке жетіп 98,6 пайызды құрайды.
«Халық айтса, қалт айтпайды» және «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» – деген. Себебі төменде облыстық соттың кассациялық алқасы, төрағалық етуші Т.Е. Бәрпібаев қаулысы 2012 ж. 29-қарашадағы №2к-909/2012; ҚР Жоғарғы сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының судьялары: Ж. Архарова, Н. Қайып­жан, А. Сапарбаевалар да Г. Валимованың ойлап тапқан өтірік дәлелін (жоғарыда айтылған) бір әрпін өзгертпей қайталап қаулы шығарып жіберген, қаулысы 2013 ж. 21-ақпан №3г-2012-13.
ҚР Бас Прокуратурасы да, жауап хаты 07.06.2013ж. №2-012581-13-33064 сол Г. Валимованың сөз тіркестерін өзгертпей қайталап, оған қосымша өзімді кінәлап, сөзбе-сөз: «Бұл жағдай Сіздің процессуалдық кемшілігіңіз болып табылады», – деп қорытын­дылаған.
Осының бәріне шыдай алмай, үстіміздегі жылы ҚР Жоғарғы сотының төрағасы К. Мами мырзаның қабылдауына сұранып арыз жазған едім, осының бәрін ауызша жеткізейін деп, бірақ амал канша қабылдаудан бас тартыпты. Жай, қарапайым дауды әлі күнге шеше алмай келемін. Сонда бұл даудың нүктесін кім қояды?

Нұрдәулет ЖАҚЫПОВ,
зейнеткер.
Сарқан ауданы
Алматы облысы

Жауап қалдыру