Шелек ауданы қалпына келтірілсін!

0
68

1997 жылы Премьер-министр Әкежан Қажыгелд­иннің тұсында жүргізілген ойсыз оңтайландыру кезінде Алматы облысының Шелек ауданы Еңбекшіқазақ ауданы құрамына қосылған болатын. Халықтың келісімінсіз жасалған аумақтық әкімшілік өзгеріс аудан тұрғындарына орасан қолайсыздықтар туғызып келеді. Өңірдің демог­рафиялық, экономи­калық әлеуметтік мүмкін­діктерін ескере отырып Ең­бекшіқазақ ауданынан бөлу жолымен Шелек кентін аудан орталығы ете отырып, бұрынғы аумағында қайтадан Шелек ауданын қалпына келтіру қажет.
Бұл туралы мәселе жыл сайын әкімдердің жылдық есебі кезінде, Парламент депутаттарымен кездесулер кезінде үнемі көтеріліп келеді. Таяуда мыңнан ас­там адам қол қойған арнайы хат ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың атына да жол­данды. Алайда одан әлі күнге жауап жоқ.
1997 жылы Шелек ауданында 33 елді мекен болатын, онда 120 мың халық тұратын. Қазақстанның кейбір өңірлерінде, атап айт­қанда Ақмола облы­сының Егіндікөл ауданында небары 6 мың ғана тұрғыны бар. Осындай жағдайда 120 мың халқы бар Шелек ау­данын 170 мың халқы бар Еңбекшіқазақ ауданына қосудың ешқандай қажет­тілігі жоқ болатын. Екі аудан қосылған тұста Еңбек­шіқазақ ауданының жылдық бюджетінің 62,5 пайызы Шелек өңірінің 33 елді мекенінің үлесінен құралатын.
Бүгінде Еңбекшіқазақ ауданында 330 мың халық тұрады. Түрлі экономикалық қиындықтардан Алматы ма­ңына жақындауды мақ­сат тұтқан, алыс-жақын та­рап­тардан көшіп келген, сая­жай­ларды мекендейтін, тұ­рақты тіркеуде жоқ барша тұрғындарды қосса­ңыз аудан халқы 400 мыңға жуық­тайды. Бұл 2007 жылғы санақ бойынша бүкіл Маң­ғыстау облы­сының хал­қы­мен тең. Мұн­дай халқы көп ауданды басқарудың өзі көп­­теген қиын­дықтар туғызады. Ал Ше­лек ауданы Еңбекшіқазақ ауданынан бөлінетін болса Шелек кенті аудан орталығы мәртебесін қалпына келтіруге әбден лайық.
1997 жылы Алматы облы­сының оңтайландыруға түс­пеген аудандарының жер көлемі мен халқының санын салыстырып көрелік. Мысалы, Ақсу ауданының жер көлемі – 12,6 мың шаршы шақырым, халқы – 40500 адам, Көксу ауданы жер көлемі – 6,9 мың шш2, халқы – 40800 адам, Ұйғыр ауданы жер көлемі – 8,7 мың шш2 халқы –63336 адам, Балқаш ауданы жер көлемі –37,4 шш2, халқы – 30065 адам, Ескелді ауданы жер көлемі – 4 мың шш2, халқы – 50163 адам, Қаратал ауданы жер көлемі 24,2 шш2, халқы – 47717 адам. Қарап тұрсаңыз, Ақсу, Көксу, Балқаш, Қаратал сияқты әр ауданның халқы бір Шелек ауылының халқымен тең болып тұр ғой.
Мәселені ойланбастан волюн­таристік жолмен ше­шу­дің тұрғындарға тигізіп отырған залалы ұшан-теңіз. Шелек пен Есік кенттерінің арақашықтығы 90 шақырым. Аудан орталығында өтетін жиналыстарға қатысу, бір жапырақ анықтама қағаз алу, кассалық аппарат тексерту, жұмыссыздықты тіркеу, ауырып қалсаң дәрі­герге көріну, әскери міндетті жастардың медкомис­сия өтуі, тағы басқа осы сияқты ондаған шаруа тындыру үшін алысқа сапар шегуге тура келеді. Шелек өңіріндегі ауылдардан Есікке жету оңай емес, Сөгеті Есіктен – 130 шақырым, Нұрлы – 130 шм, Малыбай – 130 шм, Асысаға – 125 шм, Ақтоған – 125 км. Бұл аралықта тұрақты автобус маршруттары да қарастырылмаған. Есікке бару үшін, Шелекке жету керек, одан әрі такси іздейсің. Бір анықтама алу үшін сөйтіп күніңді арнап, арлы-бері 260 шм жол жүресің. Бір барғанда кемінде 3 мың теңге жұмсалады.
Ең өрескелі өңірде денсау­лық мекемелерінің жабылуы болды. 1997 жылы Шелек өңірінде жұмыс жасап тұрған, адам денсаулығына араша болатын «Қазақстан» ауылында – 100 орындық, Қаратұрық ауылында – 100 орындық, Қорам ауылында – 25 орындық, Қайрат ауылында – 25 орындық, Бижанов ауылында 50 орындық ауыл ауруханалары, Шелек ауылындағы туберкулез, тері аурулары, терапия ауруханалары бәрі жабылып қалды. Өңірдегі Шелек ауылдық ауруханасына орасан ауыртпақ түсті. Тіпті дәрі-дәрмек, бинт, ине, төсек орын т.т. жетпеушілігі сырқаттарды қиын жағдайда қалдырды. Түрлі ота жасау, отадан кейін күтім мен медициналық шаралар жасату да үлкен проблема болып отыр.
Шелек кентінің аудан орталығы мәртебесінен айырылуы кезінде гүлденіп тұрған елдімекенді құлдыратып жіберді. «Шағын қала» мемлекеттік бағдарламасы даярланып, жүзеге асып жатыр дегенмен оның бәрі қағаз жүзінде қалып жатыр. ХХІ ғасырда өмір кешіп жатсақ та, көп қабатты үйлердің ахуалы бейшара халге түсті. Орталық жылыту жүйесі істен шыққан. 200-ден астам отбасы, жасы да, жасамысы да жеке-жеке төменнен жоғарыға қарай үйдің сыртынан мұржа тартқызып, үстіңгі қабаттарға көмір, ағаш отын, газ баллондарын тасып әлек.
Кезінде Шелек жолаушы тасымалдау кәсіпорны На­рынқол, Кеген, Ұйғыр аудан­дарын Алматы қаласы­мен байланыстырып тұра­тын. Шелек газбен қамту кәсіпорны 4 аудан халқын газбен қамтамасыз етті. Шелек кірпіш заводы күйдірілген кірпішпен бес аудан халқының қажеттілігін қамтамасыз етсе, Шелек «Казсельхозтехника» бөлімшесінің 120 жұмыскері 4 ауданның комбайн, трактор моторларын жөндеуден өткізіп отыратын. Шелек байланыс торабы ЭТУС бөлімі бірнеше аудандардың телефон байланысын реттейтін. Шелек өңіріндегі «Радиоцентр 7» 14 тілде жаңалықтарды көп­теген мемлекеттерге таратып отырған режимді мекеме еді. Өңірде жексенбі күндері істейтін мал базары да бар еді. Бүгінде бұл қызметтер ертегіге ұқсайды. Аңызға айналған сол мекемелер бүгін қайда?
Шелек ауданы қалпына келтірілген жағдайда оның тиімділігі айтарлықтай болады. Шелек бөлек аудан орталығы болған жағдайда Еңбекшіқазақ аудандық әкімі аппаратын ұстау шығы­ны екіге бөлінеді, мемлекетке зиян жоқ. Елді мекен тұрғын­дарының аудандық ауру­ханаға жету мүмкіндігі жеңіл­дейді. Өйткені Шелек Сөгеті ауылынан небары 20 шм, Нұрлыдан 25 шм, Асысағадан 19 шм, Ақто­ған­нан 21 шм. Шелек ауылы 32 елді мекеннің дәл ор­тасына орналасқан. Тұрғын­дардың әр ауылдағы дәрігерлік амбулаториядан Есік қаласындағы аудандық ауруханаға жетуі, жүздеген жеке кәсіпкерлердің аудан орталығына сабылу шы­ғындары 4 есеге қысқа­рады.
Аудан орталығы статусын алған жағдайда Шелек ауылында бүгінгі күні аудандық мекемелерге ғимараттар салу проблемасы мүлде жоқ, себебі барлық мекемелер ғимараттары қиратылмай орнында сақталынған.
Шелек өңірі бойынша 7 мыңнан астам шаруа қожа­лығы, 24 ЖШС, 2 мыңнан астам жеке кәсіпкер, өндіріс­тік кооператив, АҚ шаруа­шылықпен айналысады, жұ­мыспен қамтылған.
Халықаралық маңызы зор Алматы – Қарғос темір­жолы, Батыс Еуропа – Батыс Қытай тас жолы Шелек арқылы өтеді. Ол үлкен логистикалық орталық ашуға мүмкіндік береді, оған ла­йықты ғимараттар бар. Халыққа қызмет көрсету оңайланады. Жаңа кәсі­порындар іске қосылады. Күрделі эконо­микалық, ин­дуст­­­риалдық инно­вация­лық даму стратегиясы қолға алынған жағдайда өңірде жүздеген жұмыс орындары ашылмақ. Бұл әлбетте жастардың қалаға көшуіне тежеу болмақ. Қай жағынан алып қарасаңыз да Шелек өңірі өз алдына бөлек аудан болуға әбден лайық!

Нұрлан ЕРДӘУЛЕТҰЛЫ,
зейнеткер
Шелек ауылы

 

 

 

Жауап қалдыру