Шегіртке қаупіне ерте бастан дайындық

0
76

Биыл Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданында шегірткеге қарыс күрес 30 900 гектар жерге жүргізіледі. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекциясы комитетінің ШҚО аумақтық инспекциясынан арнайы жұмыс тобы келіп, бөлім, мекеме басшылары және ауыл әкімдерімен өткізген жиын барысында Үржар аудандық аумақтық инспекция басшысы Мұратбек Бестібеков хабарлады.
«Биыл өңірде 30 900 гектар жер залалсыздандырылуы керек. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен қаржы қарастырылды. Жалпы ауданымызда аса қауіпті екі түрлі шегіртке бар. Бірі италиялық, екіншісі азиялық шегіртке. Бұлар Қазақстанда өте кең таралған аса қауіпті зиянкестер. Химиялық өңдеу жұмыстары дернәсілдер қа­наттанғанға дейін жүр­гі­­зілсе, тиімділігі жоғары болады. Биылғы жылы азиялық шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 11,5 мың га жерге және италиялық прусқа 19,4 мың га жерге жүргізіледі деп жоспарлануда. Бүгінгі күні аудан әкімі Серік Зайнулдиннің өкімімен шегірткеге қарсы алдын алу шараларын жүргізетін арнайы штаб құрылды», – дейді Мұратбек Бестібеков.
Еске сала кетейік, өткен жылы ауданға қарасты Қа­ра­қол, Шолпан, Таскескен ауылдарының егістік алқап­тарына шегірткелер шабуыл­даған болатын. Осыған орай алқаптарды өңдеу жұмыс­тары биылғы жылы ерте бас­талмақ.

Зухра Нұржанқызы,
ҚазАқпарат

Жауап қалдыру