Шарапатты шипажай

0
156

«Осында келгелі Бурабайдың халқымыз үшін қаншалықты қымбат екендігін түсініп, бар­ша­­мызды толғандырар көр­кем­діктің көгілдір құша­ғында жүргендеймін. Абылай алаңында болдым. Хан иемнің көзі көрмеген армандарының арасында жүргендей сезіндім. Жаныма шипа таптым. Шипа демекші, мемлекет өз азамат­тарының денсаулығын ойлап, тіршіліктің шамын жарқыратуға күш салатынына шүкіршілік дегім келеді. Арнайы жолдамамен «Бурабай» оңалту орталығында демалып, жанашыр ұжымның басымнан өткен бүкіл хикметтерімді ұмыттырып жібергеніне ризамын». Мұны «Бурабай» республикалық мемлекеттік оңалту орталығындағы демалу­шы, ақтөбелік Асылбек Жүнісовтің «Хош келдік» пікір кітабындағы рахым рахметінен жазып алып едім.
Қандай ғажап! Тәуелсіз қазақ мемлекетінің мерейлі мұраттары осы ғой. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халқымызға арнаған жуырдағы Жолдауында: «Қазақстан болашағына сенімді және қарқынды дамып келе жатқан мемлекет! Біз тәуелсіз Қазақстанның 25 жылдық даму жолынан өттік. Алдағы 25 жылда бұдан да биік белестер күтіп тұр», – дегенді нықтап айтты. Осы ақжарылқап сөздердің астарында көп мағына бар. Бәрінен бұрын, болашаққа бастайтын даңғыл жолымыз, түйіндеп айтқанда, дені сау қоғамның қолынан келмек. Біздің басты артықшылығымыз да осында. Ел тұрғындарының өмір сүру ұзақтығы жетпістің ортасына жақындап қалғаны айтылуда. Бұл шырайлы шындық.
Асылбек айтпақшы, ел аза­мат­тарының саулығы үшін қыз­мет атқарып жатқан «Бурабай» республикалық оңалту орта­лығының құрылғанына биыл 107 жыл толады екен. Әрине, ғасырдан да ұзақ ғұмырында мекеме бірнеше құрылымдық өзгерістерге түскені белгілі. Бурабай музейіндегі академик А. Успенскийдің жазбасында аталған мекеме 1910 жылы дача, одан кейін өкпе ауруларына арналған корпус, курорт түрінде жұмыс бастаған. Осы туберкулез санаториясы «Қарағай» атымен «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Қайырлы Құрмановтың басшылығымен ерен істер атқарды. Бүгінгі күні мекеме қайтадан «Бурабай» атын алып, тәуелсіз мем­лекетіміздің «Құрмет» орде­ні­нің иегері Дүйсенбек Аман­жо­ловтың (сурете ) басшылығымен берекелі тірлігін жалғастыруда.
Оң істерге бой бұрған орта­лық сауықтыруға қажетті бар­лық қолайлы жағдайларды жұптастырып отыр. Біз бұған мекеме басшысының орынбасары Еркін Асқаровпен бірге орталықтың негізгі корпустарын аралағанымызда айқын көз жеткіздік. Мемлекеттік қол­дау­дың арқасында осын­дағы ересектер, балалар, жасөс­пірімдердің көпқабатты ғи­­марат­­­тары жөн­деу­­ден өткі­зіліп, қа­жетті ме­ди­циналық, тұр­­мыс­тық жабдық­тар­мен  қамта­масыз етіл­ген. Біз «Бурабайда» болғанда респуб­лика­мыз­­дың түкпір-түкпірінен ке­лген кісілердің емшара жөні­нен еш­қандай кілтипанға кезік­пейтінінің куәсі болдық.
– Мен осында екінші рет келіп отырмын, – дейді қызы­лордалық қария Бақыт Оспанов. – Жас күнімізде білмейміз. Денсаулықтың қадірі жас еңкейгенде екен ғой. Үкімет берген мүмкіндікті пайдаланып, сауықтыру шараларынан өтіп жатырмын. Медбикеміз Гүлжамила Бапынова қарағым өз қызымдай болып кетті. Светлана Васильева, Валентина Тен, Ольга Шлемова сияқты қызметкерлерді кәсібіне берілген жандар деп білемін.
Бәрінен, құдайдың қайыры­мындағы та­биғатқа қайранмын. Тынысым ашылып, түлеп қаламын. Сол­түстік серпіліс үстінде. Елбасының ша­қыруымен біздің біраз ағайын Көкшетау маңына көшіп кел­генін білдік. Мұның басқа да астары бар. Мәселен, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде «Серпін» бағдарламасымен бес жүзден астам бала жоғары білім алуда. Ертеңіміз еңселі екендігін осыдан-ақ аңғара бер.
Екібастұз тумасы Данияр Нұқышев ағамыздың пайымы былай: «Шипажайда жанға жайлы жағдайлар көңіл өсіреді. Жан жағымыздың бәрі тазалық. Бес мезгіл тамағымыз бар, қымыз, бал дейсіз бе, түр-түрімен ұсынады. Дәрігерлер, медбикелер, күтім жасаушылар жан ұшырып жүреді. Алғашқы тексерісте маған бес түрлі емшара алуға кеңес берілген. Ризамын. Мәдени, спорттық шаралар да көңілден шығады. Кәдесый дүкенін ашқаны ұнайды. Дүкен­ші Қымбат Өзбекованың сөресі Бурабайдың табиғатын, халқы­мыздың тарихын, салт-дәстүрін әспеттейтін дүниелерге толы екен.
Балалар мен жасөспірімдерге арналған корпус зәулім бес қабатты ғимараттан тұрады. Мұнда 90 бала сауықтырылып жатыр екен. Жоғары санаттағы педиатор Қымбат Жақұтова өзін анасындай қоршаған балалар­дың ортасында гүл-гүл жайнайды. Асыр салған бір дүние. Мұнда балалар артық-ауысты ұмытып, көңіл көкжиегін аша түсетіндей. Медбике Бақыт Әміренова мен аға тәрбиеші Самал Таңатарованың көмегімен Қазақстан аумағына саяхат жасағандай болдық. Мұндай мүм­кіндік павлодарлық 7 сынып оқушысы Ділназ Алдоң­ғаро­ваның, атыраулық Ақерке Қуаныштың, шымкенттік төр­тінші сынып оқушысы Элуиза Көшенованың, Жамбылдағы Жуалының 11 жастағы ұланы Елнұр Сайлаудың туған өлке туралы тақпақтарынан туын­даған еді. Бұл думанды қаума­лаған тынығушылардың қо­ша­метімен және осындағы мек­тептегі ашық сабақтарда тама­шалағанымыздың өзі ғанибет.
Мемлекеттік мекеме жыл бойы жұмыс істейді. Мұнда 2014 жылдан бері әр жылда 3,5 мыңдай адам денсаулығын түзетіп келеді. Мұның ішінде 700-ден астам бала мен жасөспірім бар. Шарапатты шипажай биыл да осы көлемде мемлекеттік кепілді тапсырыс алып отыр. Негізгі ұстаным туберкулез, тыныс жолдары, жүйке аурулары, буын, тірек қозғалыс желісі, тағы басқа кеселдерге шалдыққандар мен ауруханадан кейінгі арнайы есептегі кісілерді оңалтуға бағытталған.

Бақберген АМАЛБЕК,
«Президент және Халық».

Ақмола облысы,
Бурабай ауданы.

Жауап қалдыру