Семинардан өрбіген серпін

0
97

17-ақпанда Қазақ-орыс халықаралық университетінде «Қазақстандық білім беруді модернизациялау жағдайында заманауи ЖОО басқару жүйесіндегі инновациялық тәсілдемелер» атты семинар болып өтті. Семинар барысында университет тынысы, білім берудің тиімді жақтары студенттерге медициналық көмек көрсету, жатақханамен қамтамасыз ету жайы талқыланды.
Семинарда сөз алған университет президенті Темірхан Бердімұратов бәсекелестікке қабілетті мамандар дайындауда өндірістік орындармен прак­тика жүзінде жұмыс жасауды тиімді пайдалану, көптеген жұмыстардың атқарылуын оңға бастап отырғандығын баса айтты. Сондай-ақ оқу орны­ның президенті әлеуметтік жағдайы төмен 100-ден астам студенттің сапалы білім алулары үшін 5 млн теңге қаржы бөліп, оларды қолдау шараларын ұйымдастыруға мұрындық болды.
Оқу ордасында отырыстар, жиындар, студенттермен кездесу кештері жиі өткізіледі. Дей тұрғанмен бұл жолғы семинар жиынның өтуіне тікелей облыс басшысының бастамасы себепкер болды. Таяуда Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Қазақ-орыс Ха­лықаралық Университетінің про­фессорлық-оқы­тушылық құ­ра­мымен, студенттерімен жә­не ата-аналарымен кездесуін­де, университеттің оқу үрдісі мен студенттердің бос уақы­тын тиімді пайдалануын ұйымдастырудың және жатақ­хана мәселесінің ұтымды ше­шім­дері қолданылғанын ерекше атап өтіп, облыстың ЖОО ректор­лары, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын, мектеп директорларын қатыс­тыра семинар өткізуді ұсынған болатын. Бүгінгі семинар сол ұсыныстардың іске асуының көрінісі десе болады.
Қазақ-орыс халықаралық уни­верситеті еліміздегі халық­ара­лық деңгейдегі мемлекеттік емес алғашқы қанат-қақты жобалардың бірі. Ол 1994 жылы құрылып, 1998 жылы 21-сәуірде ҚР Президенті Н.Ә.Назар­баев­тың тікелей ұсыны­сымен халық­аралық мәртебе мен атау берілген болатын.
Университет өңірдегі жоғары оқу орындары ішінде бірегейлігімен ерекшеленеді. Университет біртұтас оқу кампусы ретінде құрылып, студенттерге тек білім берумен шектелмей, әлеуметтік-тұрмыстық қыз­мет­тердің барлық түрлерін көр­сетеді. Айталық, тамақтану, сауық­тыру, мәдени қызмет көр­сету, демалыс, тұрмыстық қызмет кешені, оқу орнының база­сында студенттерге қызмет көр­сету орталығы сынды құры­лым­дардың жұмысы жақсы жолға қойылған. Университетте 23 зертхана, 5 орталық, 2 ғылыми-зерттеу институты, кітапхана, сауықтыру технологиялар паркі, телестудия, 2 мұражай жұмыс жасайды.
Бүгінде оқу ордасында жалпы 4802 студент білім алуда. Оқу ақысы басқа оқу орындарына қарағанда төмен. Университет студенттері түрлі байқауларда республикалық, халықаралық деңгейде өздерін биіктерден көрсетуде. Тәрбие ісі жөніндегі проректор Ақжігітова Бибігүл Жақсы­байқызы студенттерді қоғамдық жұмыстарға қатыс­тырып, патриоттық іс-шара­ларда, қайырымдылық акция­ларын ұйымдастыруда белсене атсалысуларына тікелей мұрын­дық болуда. Алдағы уақытта психо­логия кафедрасы жанынан қайырымдылық қорын ашпақ­шы.
Бұндай келелі істерден басқа білім ошақтарының басшылары да қорытынды жасап, нәтиже шығарып жатса, нұр үстіне нұр болары анық.
Еркін БАҚТИЯРОВ

Жауап қалдыру