Саялы бәйтерек

0
44

Бүгінде қариялық дейтін қастерлі жастың шыңына жақындаған Ботан Шормақовтың бойындағы үш қасиетті жеке-жеке жіктеп әңгімелегім келді. Ол – белсенділігі, ұстаздығы, кәсіпкерлігі.
Ботан ағамен таныстығым 1992 жылы басталды. Ол кез КСРО дейтін алып империяның құлап, қазақ халқының егеменді ел болып өз ошағынан түтінін түзу ұшырып, әлемге дербес мемлекет ретінде таныла бастаған кезі.
Кешегі халқым деп қызыл империяның құрбандарына айналып, жанын қиған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов секілді арыстардың бүгінгі тілекшілері болып әр ауыл, аудан, облыстарда азаматтардың ұлтым, тілім, ділім, ата-бабаларымыздың та­­рихи жер атаулары деп белсене шығып жатқан кезі еді. Сон­дай ауданымыздың аяулы аза­маттарының бірі педа­гог-қаламгер Құдайберген Жыл­қы­байұлы бастама көтеріп, алдыңғы қатарлы ұстаз ағасы Нұрмаш Сағабаевті басшылыққа ала отырып ұлтым деген азаматтарды топтастырып аудандық «Қазақ тілі» қоғамын құрды. Мен сол қоғамға сәл кейінірек жауапты хатшылыққа тағайындалдым. Ауыл-ауылда қоғамның бастауыш ұйымдары құрылды. Біз жо­ғарыда атаған Ботан Шор­мақұлы ауыл басшылығы мен белсенділерінің ұсынысымен Үлкен Дихан ауылына ұйым төрағасы болып сайланды. Өзі тіл маманы, тарихи жер-су атауларын жақсы білетін білімгер азамат бір сөзбен айтқанда өзіне тапсырылған істі үлкен жауапкершілікпен атқарды. Мемлекеттік тілдің, салт-дәстүрдің ауылда жандануына, іс-қағаздардың қазақ тілінде жүргізілуіне өз ықпалын тигізді. Бұл белсенділігі.
1941 жылы 4 мамырда жоғарыда аталған ауылда өмірге келген ол төменгі бастауыш сыныптағы ұстазы Мәлік Айдардан тілін сындырып, көрші орталықтағы Октябрь орта мектебін Сапар ағайының қолынан бітіріп шығады. Ол шаңырақта кейіннен елге танымал болған Мырқасым Оразалиев, Кері­мақын Мұхаметжанов (директор), Нұрмаш Сағабаевтардан (аудан­дағы тұңғыш Ы.Алтын­сарин медалінің иегері) тәлім алады. «Ұстазы жақсының –ұстанымы жақсы» деген осы болар. Сол кездегі уақыт талабына сай мектептен соң үш жыл (кейіннен Одаққа танымал бол­ған атақты шопан) ағасы Сәлім Шор­мақовқа көмекші болып еңбек етеді.
1965 жылы ҚазПИ-дің қазақ филологиясы бөліміне сырттай оқуға түседі. Институтта да мүйізі қарағайдай ғалым-ұстаздар Нығмет Ғабдул­лин, Н.Бейсенбаева, Рәзия Рүстем­бекова, Нұржамал Оралбаева, Ас­хат Әбілхаев тағы басқалардан дәріс алады. Институтта оқуын бастаған жас талап ауылға келіп төменгі бастауыш сыныпта ұстаздық жолын бастайды. Ол уақытқа дейін «жоғарғы-төменгі» ауыл болып бөлінетін. Аз уақыттан соң екі ауылға ортақ 8 жылдық мектеп ашылды. Алғашқы шәкірттерінен Бағдат Әбшалқов – журналист, Карима Абаханова – дәрігер болса, талайы ірілі-кішілі оқу орындарын бітірді. Ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығына араласты. Қысқасын айтқанда ұстаздық ұзақ жолындағы мыңдаған шәкірттері қазіргі таңда өздеріне лайықты еңбек етіп Отанымыздың түкпір-түкпірінде хакім Абай айтпақшы «кірпіш-болып қаланып» жүр. Ол ұстаздық өмірінің үшінші жылынан бастап мамандығына сай орта, жоғарғы сыныптарға қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Ұзақ жыл директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, мектеп директоры қызметін атқарды. Талай жас маманның тәжірибесі мен талабын ұштады, қалыптасуына ықпал етті. Бұл тұрғыда ұстаздардың ұстазы десек артық айтқандық емес. Ағаның мен білетін бір ерекшелігі мәнсап, атақ үшін «мен, маған» деп жоғарыдағы бәзбіреулердің алдына барған емес. Барға қанағат, жоққа салауат етті. Бірақ сол атақ-еңбегі еленіп, өзі алдына келді. IX бесжылдықтың жеңімпазы атағы, аудан, облыс көлеміндегі білім саласынан алған Мақтау, Құрмет грамоталары соның айғағы. Ал жасынан бастап түрлі тақырыптағы ауыл, еңбекшілер, ағартушылық саласынан қалам тартқан «тілшілігін» айтар болсақ өз алдына бір төбе. Егер «шабыттанса» өлең де жазып жіберетін қасиеті тағы бар. Бұл ағаның ұстаздығы.
Иә, ұстаз демекші өмірлік жары болған марқұм Әбзелхан Жүнісова да білікті де білімді химия, биология пәнінің мұғалімі болған. Сол үшін де респуб­ликамыздың ағарту саласындағы ең жоғарғы «КазССР-нің үздік мұғалімі» атанды. Осыдан-ақ қандай маман болғанын па­йым­дауға болады. Сонымен қатар мінезі қандай жібектей болса, саусақтары сәндікке жаралған шебер еді. Өнерлі қолдан шыққан ұлттық нақыштағы сырмақ, кесте, салған ою, шашақтары көздің жауын алатын.
Жұмыс бабымен алғаш рет ауылға барып, үйлерінде қонақ болып отырғам. Қазақы салтымызбен дастархан басында жөн сұрады. Мен сөз ыңғайына қарай өзім туралы, отбасымыздағы жалғыз бала екенімді айттым. Өңі бал-бұл жанып «Айналайын мына біздің Қосжан да ұлдан жалғыз. Екеуің аға-іні, бауыр болып жүріңдер» деп аналық ақ тілегін айтқан-ды. Тәтемнің сол сөзі жадымнан мәңгілік шықпақ емес.
Содан кейін жолым түсіп барсам болды, туған бауырындай көріп аялаушы еді. Алладан тілейтінім артындағы ұрпақтары аман болып, тәтемнің жанын мәңгілік жәннатта еткей. Сол інім Қосжан да алдымен Алматы индустриалдық техникумын, кейін Алматы мемлекеттік университетінің көркемсурет-кескіндеме факультетін бітірді. Институттағы жетекшісі атағы әлемге танылған, қазақ қолө­нерін дамытушы, зергер Дәр­кенбай Шоқпарұлы болғанын айтпасқа болмас. Ұстаздық жолын шәкірттерге «Еңбек» пәнінен дәріс беруден бастаған ол, қызығы мен қиындығы қатар өрілген ұстаздық жолдан ысылып өткен. Жұбайы Зәуре Нақысбекова да мұғалім. Әлихан, Рамазан, Фаузия, Рәзия атты перзенттерінің ата-анасы.
Ботан мен Әбзелхан тәтенің шаңырағынан түлеп ұшқан баланың үшеуі дәрігер болса қалғаны түгел педагог. Айжан – Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінде қазақ тілі бойынша ғалым. Арай – Тіл білімі институтында ғылыми қызметкер. Бұл әулетті педагогтар жанұясы десек, артық айтқандығымыз емес. Немереден шөбере сүйген жандар.
Шормақовтар отбасы ауылға тән қасиет шаруашылықпен де айналысады. «Шолпан» атты шаруақожалықтарында өздеріне тиесілі егіншілік пен жайылым жерлері, сондай- ақ төрт түлік малдары бар. Аталған шаруашылық арқылы 5-6 жанұяны еңбекпен қамтып отырса, ауыл орталы­ғындағы «Әбзел Ана» дүкені халыққа қажеттіліктің барлық түрімен қамтамасыз етіп, ел ризашылығына бөленуде. Бұл – кейіпкеріміздің кәсіпкерлігі.
Ботан Шормақұлы жанұяда да, ұстаздықта да, шаруашылықта да, яғни өмірде де осындай өркен жайған еңселі жан. Астананың символы Бәйтерек болса, біз жоғарыда баяндаған әулеттің Бәйтерегі осы қария. Одан басқа қандай теңеу болмақ. Ұрпақтарыңыздың бәйтеректей саясы болып жасай беріңіз, Аға!

Қуанышбек ҚОЖАХМЕТ,
журналист.

Үлкен Дихан ауылы.
Ұйғыр ауданы.
Алматы облысы

Жауап қалдыру