Саудия қазақтары: Қазақстанға оралуымызға көмектесіңіздер!

0
115

Біздер, Сауд Арабиясында тұратын қазақтар Атамекеніміз Қазақстанға оралғымыз келеді. Түрлі тарихи оқиғаларға, саяси қуғын-сүргінге байланысты кезінде атамекеннен ауған қазақтардың ұр­пағымыз. Бұрынғы қо­ны­сымыз Ауғанстан елі болатын. Бүгінде Сауд Ара­биясының Жид­да қала­сында 200 (екі жүз­дей), Медина қала­сында 300 (үш жүз­дей) отбасы бармыз. Әр отбасыда 5-6-дан жан бар. Мұнда тұрып жатқан қазақтардың ешқайсысы Сауд Арабиясының азаматы емес. Ауғанстандық босқын ретінде жүрміз.
2017 жылы қыркүйек айында Жиддадағы Қа­зақ­стан консулдығында болып, Жиддадағы 150, Мединадағы 100-дей отбасы атынан бізді Қа­зақстанға көшіру тура­лы өтініш қалдырған едік. Бірақ одан бері сегіз ай өтсе де еш хабар жоқ. Сауд билігі жат жұрттықтарға қатты қысым көрсетіп жатыр. Біз соның зардабын тартудамыз.
Қазақстан өз қандас­тарына үнемі қамқорлық жасап отыратын ел деп естиміз. Сондықтан біз сияқты қан­даста­рының тағдырына жанашыр­лық­пен қараса екен. Қазақ­стан Үкіметінен біз­дің ата­мекенімізге – Қазақ­станға оралуымызға кө­мек­тесіп, шарапат жа­сау­ларыңызды сұ­рай­мыз.
Сол өтінішпен қол қоямыз:
Ахмет,
Назар Мұхаметибрахим,
Нұрмұхамбет,
Мұхит,
Фаслидин,
Абдурашит,
Мұхамет Ибраим,
Мұхаметхан,
Нұратажиден,
Тажидин,
Назар Мұхамет,
Жалабай Мұрат,
Нұрмұхамбет,
Мұхаметжан.
(Тізімдегі адамдардың бармақ іздері басылған хаты редакцияда сақ­тау­лы).

РЕДАКЦИЯДАН:

Сауд Арабиясындағы қазақтардың атамекенге қоныс аударуы 1997 жылы басталған. Ол тұста жиырмашақты отбасы келген. 2010 жылы қыркүйек айының басында «Боинг» ұшағы Саудиядан Маңғыстау облысына 58 оралманды жеткізді. Араға апта салып тағы 10 әулет атамекенмен қауышты. Алыстан жеткен қандастарымыз келген бойда Ақтау қаласындағы оралмандарды бейімдеу және кіріктіру орталығына орналастырылды. Көшіп келгендерді
құжаттандыру мәселесі шешілген соң оларға оралман мәртебесі беріліп, миграциялық квотаға енгізілді. Сөйтіп мемлекеттен берілетін бір жолғы жәрдемақы алып, көшіп келушілерге жол шығындары да өтеп берілді.
Сауд Арабиясындағы қазақтар негізінен сауда-саттықпен айналысады. Алайда дүкен қожалары тек арабтар болған. Қазақтардың тіпті, үй сатып алуға құқықтары болмаған. «Балаларымыз 12 жасқа дейін ғана білім алады, одан әрі оқуға болмайды. Сондықтан балаларымыз тілін ұмытып қалмас үшін біз үнемі жұбымызды жазбай жүрдік, – дейді тоғыз баланың әкесі 46 жастағы Мұхаммед Шах Асматулла.
Әлемнің қай түкпіінде жүрсе де қазақтың Қазақстаннан басқа отаны жоқ. Босқын болып, қиындықтарға ұшыраған қандастарымызға Қазақстан үкіметі тиісті назар аударғаны жөн.

Жауап қалдыру