Сайлаудан кейін доллар қымбаттай ма?

0
189

Ұлттық банк теңге бағамын еркін айналымға жібергенімен, әлі күнге «тығылып» интервенция жасап отыр. Олай дейтініміз, негізсіз емес,– деп жазады inbusiness.kz.
Валюталық интервен­ция­дан әлдеқашан бас тарт­қа­нын мәлімдегенімен, ара-тұра бас банк «мәжбүрлі түрде» ұлттық валютаны «демеп» отыратынын жасыр­майды. Дегенмен мұндай «мо­йындаулар» негізінен интер­венция жасалғаннан бірнеше апта өткеннен кейін ғана көп­шілікке мәлім болады. Ал қазіргі жағдай туралы Ұлттық банк валюта нарығының таза нарықтық жағдайда қалып­тасып отырғанын айтып сендіреді. Мәселен, Нұрсұл­тан Назарбаев доғарыс­қа шыққаннан кейін бір апта ішінде, 20-26 наурыз аралы­ғында, Ұлттық банк теңге­нің бағамын ұстап тұру үшін 304 млн доллар жұм­сады. Бұл туралы бас банк­тің баспасөз қызметі арада бір айдай уақыт өткен­де ғана хабарлағаны бел­гілі. Ал өткен аптада мұнай бағасы барреліне 75 дол­­лардан 70 долларға ар­зан­­дағанда доллардың тең­геге шаққандағы бағамы айтар­лықтай өзгерген жоқ. Қалыпты 380+/- 1 теңге шамасында сақталды. Осы орайда, мұнай бағасының 5 долларға дейін арзандаған кезінде теңгенің қалыпты сақталуы көпшіліктің көкейін­де сауал қалдырғаны бел­гілі. Дегенмен күні кеше бас банкир Ерболат Досаев Ұлттық банктің интервен­циядан аулақ екенін айтып сендірді.
Соңғы бірер айда елдегі саяси ахуал теңге бағамының негізгі шешуші факторына айналғаны анық. Осы орайда, Ұлттық банктің жоғарыда аталғандай «тығылып» ин­тер­венция жасап отыруы да әбден мүмкін. Сайлауалды науқанда төл валютаның толқығаны қазір тіпті де керек емес. Осы орайда, Досаевтың интервенция жасамадық деген мәлімдемесі әдеттегі «кезекші» жауап болып, арада бірер апта өткенде Ұлттық банк мамыр айында валюталық интервенцияға осыншама қаржы жұмсалды деп жариялауы бек мүмкін. Бас банк сөз арасында валюталық бақылаудан әлі бас тартпағанын еске сала кетеді: «Қазақстан Ұлттық банкі валюталық нарықтың жай-күйіне тұрақты негізде мониторинг жүргізуді жалғас­тырады және қажет болған жағдайда қаржылық тұрақ­тылыққа қауіпті болдырмау бойынша қажетті шаралар қабылдайды», деген Ұлттық банктің баспасөз қызметі саяси науқанды валюта­лық саясатқа айнал­дыр­­мауға шақырады: «Қазақ­­стан Ұлттық банкі жекелеген сарапшылардың арандату­шылық бақылауына және болжамдарына ермеуді және тәуекелді алыпсатарлық опера­цияларды жүзеге асыр­мауды ұсынады».

Бауыржан МҰҚАН

Жауап қалдыру