Ұрпағы ұран қылса

0
13

Сөз жоқ, көзді ашып, көкірекке сенім ұялатқан талай-талай тарихи кезеңдер адамзаттың басынан өтті емес пе? Өмірдің мәні мен сәні, адам құдіретінің тарихи-әлеуметтік болмысын саралап, талай шындықтың шалғайына қол жеткізгендейміз. Дегенмен де әрбір кезең өзіндік сыр-сипатын көлденең тартады, соны тани алдық па?
Білім соңында жүрген жас кезіміз. Мәскеудегі, Ленин атын­­дағы кітапханада бал омар­­тасына жиналған арадай кі­лең жастар ғылым нәрі­не қа­ны­­ғудамыз. Сонда ұлы ға­лым Әлкей Марғұлан ағамыз жанымызға келіп: «Әй, ғалым­сы­мақтар, бұл кітапханадан да үлкен кітапхана бар, ол Қазан қаласында», – дегені әлі есімде. Содан бірде жол түсіп, Қазан кітапханасына да жеттік. Танысайық деген ғылыми еңбектеріміздің көбісі араб я латын тілінде болды. Әттең-аймен қайттық, кім екенімізді білдік, бұл сабақ болды бізге.
Елбасы латын әліпбиіне өту туралы Жарлыққа қол қоя отырып, болашаққа үлкен әрі нақты қадам жасап отыр. Биыл тілдің латын әліпбиінің графикасындағы бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы парламенттік тыңдау өтті, бүкілхалықтық талқылауларда әртүрлі ұсыныстар айтылды. Мұның бәрі де игіліктің басы.
Орнықтық, дамыдық, жеткен жетістіктеріміз де баршылық. Асықпай, аптықпай тілдің ерек­шелігіне, оның жазылуына, тіл ғұмырының ұзақтығына ерекше көңіл бөлінуде «Алдыңа ас қойдым, екі қолыңды бос қойдым» демекші, латын қар­піне көшу мәселесі ұлтымыз­дың ұлттығын сақтауға қосқан баршамыздың ортақ ісіміз.
Тарих – өткеннен өнеге алып, танымға таразы, тіршілігіңе бағдар беретін құндылық. Ұлт мақтанышы А.Байтұрсынов: «Біздің заманымыз – өткен заманның баласы, келер за­манның атасы» деп жазғаны бар. Тарих дегеніміз – тәрбие. Ал тарихтан тағылым алу бейне бір болашақтың бағдаршамы іспеттес. «Егер біз мемлекет болып тұрғымыз келсе, өзіміздің мемлекетімізді ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда халықтың руханиятының бас­тау­ларын түсінгеніміз жөн», – дейді Елбасы.
Ұлы Абай айтпақшы, «Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел» демейміз бе енді?! Латын қарпіне ауысу бұл еліміздегі тарихи оқиға. Ұрпағына ұран қылса, өрелі іс шапағатын шашады.
Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республи­калық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешовтың:
«Жаңа әліпбидің емлесі жасалуы керек, соның негізінде орфографиялық сөздік бекітілуі тиіс. Осыларды бір ізге түсіру мәселесі тұр» дегені орынды. Қазіргі кезде латын әліпбиімен жарнамалар, газеттер шығару қызу қолға алынып жатыр. Алайда мұндай асығыс тірліктің өкініші көп болуы мүмкін. Сондықтан баппен, байыппен келгеніміз дұрыс болар.

Берікжан ӘЛМҰХАМБЕТОВ,
Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті
Педагогика және психология институтының директоры,
педагогика ғылымдарының докторы, профессор.

Жауап қалдыру