Ұрпақ тағдырымен ойнауға болмайды

0
94

ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мырзаға

Құрметті
Ерлан Кенжеғалиұлы!
Қазақтың ғұлама жазушысы М.Әуезов «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деген екен. Білім мен ғылымның алтын бесігі мектеп екені белгілі. Қазіргі біздің мектептер ескегі жоқ ескі қайық сияқты, қалт-құлт етіп белгісіз бағытқа қалқып барады. Сіздер білімнің тізгінінен айырылып қалдыңыздар. Қазіргі мектеп уақытша тағайындалған министрлердің еріккенде ермек қылатын ойыншығына айналды. Сіздер елдің, болашақ ұрпақтың тағдырымен ойнап жүрсіздер. Мектеп те, мұғалімдер де таусылмайтын уақытша реформалардан шаршады. Енді Сіз келіп, қазақтың тілін үйрене алмай жүрген ұрпаққа, орыс пен ағылшын тілін қосып оқытпақсыз. Бұл – болашақ ұрпаққа жасалған қиянат, қазақ тілінің тамырын шабуға жұмсалған балта… Қазір мектептен кие, ұстаздан бедел, оқушыдан білім кетіп барады.
Мектептегі қиын жағдайға жеткізген Сіздің бұрынғы әріптестеріңіз! Елімізде әлі үш ауысымда оқитын мектептер жойылған жоқ.
Мектептердің тең жартысы әлі ескі, ғимарат­тарда, кейбірі бүлініп жатыр. Балаларымыз қира­ған партада отырып, сынық тақтаға жазып, ескі-құсқы кітаппен оқып келеді. Білім және ғылым министрлік басшылары – Сіздер ұялмасаңыздар да, балаларымыз: «мынау менің мектебім», – деп айтуға ұялатын жағдайға жетті. Қазір ХХІ ғасыр екенін ұмытпайық! Мұғалімнен қадір-қасиет қашқалы қашан? Бұрынғы Сіз бен біздің оқытқан ұстаздардың абыройы қандай еді? Сол бедел қайда?! Қазір кім көрінген мұғалім болатын жағдайға жетті. Білікті ұстаздардың көбі амалсыз мектептен кетуде. Рас, қазір мұғалімнің жалақысы өсуде. Алайда мұғалім бала оқытудан гөрі, бюрократтық қағаздар толтырудан шаршады. Ол аздай, мұғалім жергілікті әкімдердің есігінің алдында жүрген қолбаласы болып бітті. Ең лас саяси ойындардың сайқымазақ құралы. Мұғалім өз құқын қорғай алмайтын, өз пікірін ашық айта алмайтын, жалтақ, бейшара тұлғаға айналғаны жасырын емес. Ондай ұстаздардан кім үлгі алады? Оқушыларымыздың білімі мен тәрбиесі жылдан-жылға төмендеп барады. Мектептегі оқушылардың тәртібі ең соңғы шегіне жетті. Шәкірт ұстазын сабаса, қыздарымыз партада отырып босанып жатса – одан асқан сорақылық бола ма?
Бұл жағдайлар Сіздерді неге ойландырмайды? Біз жүрегіміз ауырып, жанымыз күйгесін жазамыз. Сіз еліміздің білімі мен ғылымын дамытып, мектебін көркейту үшін келдіңіз, сондықтан да Сізге берер ұсыныс, пікірлеріміз бар.
Мектеп үшін:
1. Мемлекеттің қаражаты бірінші кезекте білімге жұмсалсын.
2. Үш ауысымды оқытуды жойып, барлық мектептер күрделі жөндеуден өтіп, соңғы үлгідегі жабдықтармен қамтамасыз етілсін.
Оқушылар үшін:
1. Баланы мектепке бес жастан емес, алтын жастан беру керек.
2. Үш тілді оқыту бағдар­ламаңызды тоқтатыңыз. Баланы бастауыш сыныпты бітіргенше тек ана тілінде оқытылсын.
3. Бірінші сыныпқа келген баланы еңбек өтілі бар 1 санаттағы ұстаз оқытсын.
4. Оқушылардың мектеп формасы елімізде ортақ бір үлгіде болсын. Оқушы формасы мықты сапалы матадан тігілсін. Қыз балалардың етегі тізеден кем дегенде 10 см түсіп тұрсын. Қыз бала отырып-тұрғанда етегі ашылмасын. Оқушылар формасының тең жарты қаражатын мемлекет төлесін.
5. Қосымша пәндер мен факультативтік сабақ­тар алынып тасталсын. Оның орнына бірінші сы­ныптан бастап, мектеп бітіргенше заң сабағы жүргізілсін (Біз өмірде математиканың формуласын білмегеннен емес, заң білмегеннен қиындық көреміз).
6. Сабақтың үстінде ұстазын келемеж етіп, сабақ түсіндіруге мүмкіндік бермей, қасындағы оқушының білім алуына кедергі келтірген оқушыға шара қолданып, ата-анасына әкімшілік сот арқылы айыппұл салынсын.
7. Мектеп бітіретін оқушы өз мектебінде қазақ әдебиетінен шығарма жазып тарихтан ауызша емтихан тапсыруы керек. ҰБТ-дан заң мен таңдау (2 пәннен) пәні ғана енгізілсін. (Мысалы, әнші боламын деген балаға математиканың не қажеті бар?)
8. Мектеп бес күндік оқу жүйесіне көшкені дұрыс. Бірақ сабақ мамыр айының соңына таман аяқталсын.
9. Мектепте 11 жыл оқыған бала жүргізуші, аспаз, тігінші, сваршик, т.б қажетті мамандықтарды қосымша алып шықсын.
10. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, оқуды үздік оқыған оқушыларға стипендия төленсін.
11. Мектепте оқушы балалар тек жәй, қарапайым ұялы телефон ұстасын. Басқа қымбат, күрделі гаджеттер ұстауға тыйым салынсын.
Мұғалімнің беделін көтеру үшін:
1. Мұғалімдердің ең төменгі жалақысын көтеру қажет, полицияға жасалатын жеңілдіктер мұғалімдерге де берілсін.
2. Пән мұғалімнен оқушыны тек оқыту ғана талап етілсін.
3. Мектеп директорын мектеп ұжымы өздері сайласын, әкімшіліктер араласпасын.
4. Мұғалім сабақ беретін өз пәні бойынша және оқушыларға сабақ беру шеберлігінен сынақ тапсырып тұрсын. Сол арқылы санат берілсін.
5. Мұғалімдердің біліктілігін көтеру үшін, мұғалімдер ақылы курсқа емес, озық мектептерден тәжірибе алуға жіберілсін.
6. Мұғалімдердің тең жартысы ер ұстаздар болсын. Ол үшін «мұғалім боламын» деген ер балаларды мемлекет тегін оқытсын.
7. Ұстаздар әкімшіліктердің жұмсайтын саяси, қоғамдық жұмыстарынан мүлде босатылсын.
8. Мектепке келетін шеті жоқ аудандық, облыстық тексеріс­тер азайтылып, қағазбастылық тоқтатылсын. Мұғалім алаң­дамай сабағын берсін.
9. Мұғалімдеріміз балағ­а те­рең білім, ұлттық тәрбие, мем­лекеттік сана қалыптас­тырсын.
10. Мектеп кітапханасына бір данадан «Қазақстан мұғалімі», «Қазақстан мектебі» басылымдары, оқушыларға арнап «Қазақстан патриоты», «Ұлан», «Балдырған», «Айгөлек», «Мөлдір бұлақ», «Жас қазақ», мемлекет қаржысынан жаздыртылсын. Мұғалімдер өз пәнінің басылымына атап айтсақ, «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Қазақ тарихы», «Ма­тематика және физика», «Физика және астро­номия», «Географияны оқыту» және т.б. басы­лымдарға жазылу міндеттелсін. Мектеп мұға­лімдері үшін басылымдар арзандатылсын. Міне, біздің Министр мырзаға Ашық хат арқылы айтар ұсыныстарымыз осындай.
Ұ.ЖҰМӘДІЛОВА,
Ж.ЖАЙНАЗАРОВА
Жамбыл облысы
Жамбыл ауданы
Аса ауылы

Жауап қалдыру