ҚР Білім және ғылым министрі – Аслан СӘРІНЖІПОВ: Мұғалімдерге – мемлекеттік қамқорлық

0
181

Қолына қалам ұстатып, білім нәрімен сусындатқан мұғалімін жылылықпен еске алмайтын адам кемде-кем болар. Ұлы ғұламалардың да ұстазы болған, сондықтан болар біздің елімізде осы абыройлы міндетті атқарып жүрген жандарды халқымыз әрқашан құрмет тұтқан. Сапалы білім беріп, ел дамуын еселеуге өзіндік үлестерін қосып жатқан маман иелерінің орны әрқашан ерек. Сондықтан барша қадірменді ұстаздар қауымын өздерінің төл әрі кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Биылғы жаңа оқу жылы мұғалімдер үшін жақсы жаңа­лықпен басталды. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, ел Үкіметі бесінші шақы­рылымда бесінші сессиясын ашқан Парламенттің қарауына 2016 жылға арналған бюджеттің жобасын енгізді. Бюджет жобасында ұстаздардың катего­риясына, еңбек өтілі мен біліктілік деңгейіне қарай жа­ла­қыларын көбейту қарас­ты­рылған. Осылайша 2016 жыл­дан бастап еліміздегі ұс­таз­дардың жалақысы 20-50 па­йызға дейін көбейеді. Бұл үшін бюджеттен қосымша 200 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінеді. Менің ойымша, бұл еліміздің білім саласындағы жақсы жаңалықтың бірі. Қиын кезеңдерге қарамастан, Мемлекет басшысы білім саласына, ұстаздардың әлеуметтік жағ­дайына ерекше көзқарас танытып келеді. Сондықтан, ұстаз­дардың атынан Елбасына алғысымды айтқым келеді.
Биылға оқу жылы қарсаңында ауқымды жұмыстар жасалды. Білім беру саласында түйткілді мәселелердің бірқатары өз ше­шімін тапты. Білім сапасы­ның жоғарылауына да күш салынуда.
2015 жылы 157 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Білім және ғылым министрлігі өңірлермен бірігіп, жаңа оқу жылына дайындық жұмыс­тарын тыңғылықты орындады. Үш ауысымды және апатты мектептердің жайы да біртіндеп өз шешімдерін табуда. Бүгінгі күні үш ауысыммен сабақ беретін мектептердің саны 20 пайызға төмендеді. Деген­мен, әлі де болса еліміз­де мұндай 80 мектеп бар. Ал, апатты жағдайдағы мектептер саны 2 есеге азайды. Яғни, был­тыр 130 мектеп болса, қазір апатты жағдайдағы 66 мектеп қана қалды. Бұл мәселелер 2017 жылдың аяғына дейін толығымен шешіледі.
Ағымдағы жылы республика бойынша 7500-ден астам мек­теп 2 млн. 600 мыңдай оқу­шыны қабылдады, олардың ішінде 336 мыңы мектеп табал­дырығын алғаш аттаған бірінші сыныптың балалары. Жыл сайын бірінші сыныпқа баратын балалар саны артып келеді. Осыған байланысты біз үш ауысымдағы және апатты мектептер проблемасын жеделдетіп шешуіміз керек.
Мұнымен қоса, күрделі жөн­деу шараларымен 250 мектеп қам­тылды, ал жалпы жөндеу жұмыстары 5 мыңнан астам мектепте жүргізілген болатын.
Биыл 4,5,6 және 11-сынып­тарға арналған оқулықтарды алуға 12,5 млрд. теңге бөлініп, барлық мектептер оқулықтармен толықтай қамтамасыз етілді.
Болашақта білім беру жүйе­сіне айтарлықтай өзгеріс­тер енгізіледі. Ол жүйелі білім беруді ұйымдастырудағы тікелей жаңа оқулықтармен толығу мә­селесіне қатысты болмақ.
Үшiншi сыныптардан бастап «Жаратылыстану», «Ақпа­рат­тық-коммуни­кациялық технологиялар» пәндерi енгiзiледi және «Әлемтану» пәнi жаңа мазмұнмен толығады. «Жаратылыстану» пәнi жоғары сыныптарда өтетiн «биология», «физика» сияқты пәндердiң кiрiспе курсы ретiнде оқытылады. Ал, «Әлемтану» пәнi – қоғамдық-гуманитарлық пәндер үшiн ортақ база болмақ. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар пәнi компьютер мен жаңа технологияларды игерудiң ба­ғыты ретiнде жүреді. Үшiншi сынып оқушылары қарапайым дағдыларға қалыптасып, кесте, диаграмма құруды үйренетін болады.
Жалпы орта мектептерде 5-6-сынып кезiнде оқытылатын жа­ра­тылыстану ғылымына кiрiспе ретiнде бастауыш сы­нып­тардың пәндерi енгi­зi­ледi. Осылайша, 5-сыныпта оқы­тылатын жаратылыстану пән­дерi мен 7-8 сыныпта кiретiн биология, химия пәндерiнiң арасындағы айырмашылықты азайтамыз. Яғни, мектептердегi жаратылыстану-ғылыми бағыт үздiксiз оқытылмақ. Кез келген елдiң тарихы бүкiл әлемнiң дамуымен байланысты болады, сондықтан, «Қазақстан тарихы» пәнi бұрынғыдай алтыншы сыныптан емес, бесiншi сыныптан бастап, яғни, әлем тарихы пәнiмен қатар оқытылатын болады. Жоғары сыныптарда мiндеттi пәндердiң санын азайтамыз да тереңдетiлiп оқытылатын үш мiндеттi пән және стандартты төрт мiндеттi пәндi оқытамыз. Жаратылыстану-гуманитарлық және жаратылыстану-матема­тика бағытындағы мектептерде осы мiндеттi пәндер жеке-жеке тәсiлмен оқытылады. Оқушы таңдайтын пәндер де тереңдетiлген және стандартты бағыттарға бөлiнбек. Сонымен қатар, «Жаһандық перспектива және жобалау қызметi» деген пән енгiземiз.
Сондай-ақ Халықаралық Түр­кі академиясы «Ортақ түркі тарихы» оқулығын әзірлер отыр. Академия орта жалпы білім беретін мектептердің 8-сынып оқушыларына арналған ортақ түркі тарихы бойынша бағдарлама даярлады. Бізге ор­тақ оқулықты одан әрі жетілдіре түсу қажет. Оқулық ежелгі дәуірден ХҮ ғасырға дейінгі кезеңді қамтиды.
Осыған байланысты жоғары оқу орындарының студенттерін алмастыру бағдарламасы бойынша ынтымақтастық мә­селелерін тыңғылықты зерделеу қажет. Бұл шаралар алдыңғы қатарлы тәжірибелерді, білімді қабылдап, ғылыми әлеуеттің даму игілігі үшін идеяларды бөлісуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ол біздің елдеріміздің білім саласындағы өзара іс-қимылын біршама арттыра түсетін болады.
Білім саласындағы күн тәр­тібінде тұрған мәселе ҰБТ-ны онлайн режімде өткізу мүм­кіндігі. Бүгінде біздің басты мақсатымыз білім берудің маз­мұнын жетілдіру болып та­бы­лады, ал бағалау жүйесі маз­мұнмен тікелей астасып жа­тыр. Яғни, егерде біз бі­лімді дамытуға ғана емес, соны­мен қатар дағды мен ком­пе­тенцияны дамытуға екпін қоятындығымызды айтатын болсақ, онда сәйкесінше осы дағдыны бағалай алатын жүйе қажет болады. Биыл біз ҰБТ-ны әкімшілеу мәселелерін жаңғырту бойынша жұмысты жалғастырамыз.

Жауап қалдыру