Полигоннан қауіпті ешнәрсе байқалмады

0
98

Кеңес дәуірі кезінде Жаңа­қала, Бөкей ордасы аудандары же­рінің едәуір бөлігі Капустин Яр әскери полигонына берілген болатын. Азғыр мен Капустин Яр полигондарында жасалған әскер сынақтардан сондай-ақ Батыс Қазақстанның басқа да аудандары, көршілес Атырау облысының ауыл-аймақтары да зардап шекті. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында құрылған «Нарын» қо­ғамдық қозғалысының төр­ағасы Кәкен Көбейсіновтің қоз­ғау салуы нәтижесінде мәсе­ле Елбасына дейін жетіп, ше­­шімін таба бастаған еді. Со­ның нәтижесінде әскери сы­нақ­тардан зардап шеккен тұрғындарға әлеуметтік жәрдем беріліп, Жаңақала ауданы орталығы Жаңақала ауылында ауданаралық сауықтыру орталығы ашылған еді. Елбасы мен Үкімет тапсырмасына сәйкес ғалымдар тобы екі жыл бойы Азғыр мен Капустин Яр полигондары аума­ғын­дағы жердің ауасын, су мен то­пы­рақты, жануарлар мен адамдарды тексеруден өткізді. Осы зерттеудің қорытындысы Жаңақала ауылында өткен қо­ғам­дық тыңдауда жария етілді.
Қоғамдық тыңдауға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов, ҚР Энергетика министрлігі де­пар­та­мен­ті­нің директоры Сәуле Ташкен­баева, өзге министр­ліктер өкіл­де­рі, зерттеу жүргізген комиссия мүшелері, Бөкей ордасы ауданы әкімі Нұр­лан Рахымжанов бастаған көр­ші­лес аудан делегациясы қа­тыс­ты.
Жиынды ашқан Жаңа­қала ауданының әкімі Лавр Хайрет­ди­нов­тің атап өткеніндей, Ка­пус­тин Яр полигоны негі­зі­нен ғарышқа шы­ға­ратын зымырандарды сынайтын аумақ де­лін­генімен, мұнда да ядро­лық жарылыстар жүргізілгені мә­лім болып отыр. 1947 жылы ашылған аталмыш сы­нақ алаңында 19 жер үсті, 10 жер асты жарылысы болған. Оның зардабы болмады деп ай­ту қиын. Бүгінде ауданда 768 мү­ге­дек бар, оларға аудандық бюд­жеттен жәрдемақы төле­ну­де.
Жиында «Экосервис-С» ЖШС бөлім басшысы Ер­лан Сә­дуа­қасов осы зерттеу жұ­мыс­та­рының қоры­тын­ды­сын жария етті. «Президент тапсырмасы, Үкімет қау­лы­сы­на сай жұмыс жүргіздік. Екі жыл ішін­де полигон ғана емес, оның айналасынан 50 ша­қы­рым аймақтан да сынама алынып, 28 мың адам тұратын 39 ел­ді мекен маңы зерттелді. Ауадан, судан, топырақтан ал­ған сы­на­ма­лар­дың барлығы да бұл жер­де­гі уланудың белгі­лен­ген нормадан төмен екен­ді­гін көр­сет­ті. Радиациялық белсенді­лік те байқалмады. Жердің та­за­лы­ғы­на ет, сүт, көкөністерді тексеру кезінде де көзіміз жетті. Ауыз су ластанғаны расталды. Бір­ақ, ол да полигонның салдарынан емес. Жер асты сулары да ластанбаған», – деген маман бұл жерлерге шаруашылық жүр­гізуге болатынын, ал ха­лық­ты сауықтыру үшін кешен­ді шаралар қажеттігін айта отырып, ұсынысын жеткізді. Маман айтқан қауіптің бірі – даланың шөлге айналуы. Мұн­да да полигонның әсері емес, құмның басуы мен мал тұя­ғының жаншуы, тұздану себеп болып тұр.
Қоғамдық тыңдау барысында өңірдегі үкіметтік емес экологиялық ұйымдар қа­уым­дас­ты­ғының төрағасы Ға­зиз Қай­мулдин: «Егер сы­нақ алаңының аумағы залалсыз болса, қол-аяғы жоқ, он екі мү­ше­сі түгел емес нысаналы сә­би­лер неге дүниеге келеді?», – деп сауал қойса, бұ­ған комиссия мү­шелері адам ағ­за­ла­рын­да­ғы ауыт­қу­шы­лық­тар­ды аңғар­ма­ған­дығын ал­ға тартты. Сонымен қатар тұр­ғын­дар су мәселесінің ушығып тұр­ға­нын, Чапаев–Сайқын жо­лы­ның жағдайы нашар екенді­гін, мүгедектерді сауықтыру қа­жет­тігін және басқа жайттарды ашық айтып, өзекті мәселелерді көтерді.
Жұртшылықтың сауалдарына жауап беріліп, хаттамаға түскеннен кейін қоғамдық тыңдауды сенатор Сәрсенбай Еңсегенов қорытындылап, барлық құнды ұсыныс-пікірлердің сарапталып, маңыздылығына қарай ескерілетінін жеткізді.

Жауап қалдыру