Патшаға бас имеген

0
22

Алматы қаласында менің Мырзан Кенжебай есімді жур­налист досым бар. Ол әр кез­дескен сайын тәрбиелі, маз­мұнды әңгімелерді ылғи ай­тып отырады. Оның мына бір әңгімесі есімде қалыпты. «Ата­ларымыздың өз ұрпағын қаншалықты отансүйгіштікке, өз ұлтын сүюге тәрбиелегеніне бір мысал келтірейін, – деп бастады ол әңгімесін. Ауылда Айтқали деген ақсақал мені көрген сайын: «Оу, сын слав­ного Жахайма!» – деп қал­жыңдайтын. Бұл не сөз, мені ма­зақтағаны ма, – деп жас кезім ғой, намыстанып қалатынмын, бірақ үлкен адам ғой деп үндемейтінмін.
Бірде Алматыдағы оқудан каникулға келгенімде, сол кісі көшеде жолығып, әлгі сөзін тағы да қайталады. Мен ренжіп қалдым. Соны сезіп: «Сен рен­жіме, балам, бері кел! – деп отырып, мына әңгімені айтып берді, – дейді. 1913 жылы Ресейде Романовтар әулетінің патша тағына отырғанына 300 жыл толу мерекесі тойланып, оған қазақтың небір жақсы мен жайсаңдары шақырылады. Қазақтың байлары апарған сый-сияпатта есеп жоқ. Патша оларды қабылдап, қысқа ғана ұлықтап рәсімін өткізеді. Сол кездегі тәртіп бойынша тақта отырған патшаның алдынан бас иіп, қол қусырып өту керек екен. Сенің Жақайым атаңның қай баласы екенін білмеймін, кезек соған келгенде, патшаның дәл алдына барғанда қақшиған қалпында тұрып қалыпты. Рәсім өткізуші орыс: «Ей, поклонись!» Басыңды и! – десе, ол «Мне нельзя», – дейтін көрінеді. Сонда сол жерде тұрған сарыала киімді дворяндар: «Почему? Почему тебе нельзя?» – десе, бұл кісі: «Потому что, я сын славного Джахайма!» – деген екен. Сөйтіп қарапайым қазақтың патшаға бас имегенін мәз болып әңгімелеп берген.
Мырзанның айтқан сол әңгімесі есіме түскенде, мен де бүгінгі тәуелсіз еліміздегі қазақи қарияларға қарным ашады. Сол кездегі орыс отарындағы қазақтың ұлттық намысындай намыстың жұқанасы қалды ма екен? Осы күнгі әкімдерге кейбіреулердің батыл түрде жеткізе алмайтын мәселелерін, батыл қарияларымыз тура бетіне айтып берсе ғой, – деп терең ойларға батамын.
Айбол БИТУҒАНОВ,
ұстаз.

Жауап қалдыру