Пара берме! Пара алма!

0
258

Елдің әлеуметтік-экономикалық даму динамикасының қанат жаюына кедергі келтіретін бірден-бір фактор – сыбайлас жем­қорлық. Жалпы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың бірнеше әдісі бар. Мамандар бұл ретте принциптік және жүйелі сипат болса, індеттің бұл түрін жоюға болатынын алға тартады. Ал заңдылықты қамтамасыз ету – аса маңызды міндет. Алайда сол заңдылықтар қаншалықты сақталып жүр, Маңғыстау өңірінде сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу бағытындағы жұмыстардың нәтижесі қандай? Осы және басқа да сұрақтарға жауап алу мақсатында, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрайымы Жанназарова Нұргүл Алмасқызымен сұқбаттасқанды жөн көрдік.
– Нұргүл Алмасқызы, сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу бойынша аймақта атқарылған жұмыстар туралы не айтар едіңіз?
– Статистикаға көз жүгіртетін болсақ, өткен жылы сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы сауаттандыру және мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру мақсатында 812 іс-шара ұйымдастырылып, оған 230 мыңнан астам адам қамтылды. Атап айтқанда, 631 семинар және лекция, 34 дөңгелек үстел, 24 форум және конференция, 17 интеллектуалдық конкурс, 9 флешмоб, 38 спорттық шара және 59 бұқаралық акция ұйымдастырылды. Айта кету керек, 2017 жылы 2016 жылмен салыстырғанда, атқарылған іс-шаралар екі есе көп болды. Алайда біздің ұжым үшін көрсеткіштен бұрын жа­сал­ған жұмыс нәтижесі маңызды. Оның ішінде негізгі күш-жігерімізді сы­­бай­лас жемқорлықтың алдын-алу­ға жұмсадық.
– Нақты қандай шаралар өткіз­діңіздер?
– Келтіретін мысал жетіп артылады. Ақтау қаласының теңіз жағалауында қоғамның түрлі мақсатты топтарының мыңға жуық өкілін қамтыған «Парасыз болашаққа. Бірге!» атты шара өтті. Оған Әділбек Ниязымбетов, Наталья Солодилова секілді атақты спортшылар шақырылды. Сонымен қатар, Ш.Есенов атын­дағы Каспий мем­ле­кеттік технологиялар және инжиниринг және Маңғыстау гума­нитарлық-тех­никалық университеттері студенттерінің қатысуымен 3 мыңға жуық адамды қамты­ған «Адал бол!» респуб­ликалық акция­сы шеңберінде жас­тармен флешмобтар ұйым­дастырылып, арнайы дайындалған бей­нероликтер ға­лам­тордағы әлеуметтік желілерге орналастырылды. Бұдан бөлек ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының вице-ректоры Әлтайыр Ахметов Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылындағы М.Әб­діха­­­лықов атындағы мектеп гим­­на­зияның жоғары сынып оқушылар­мен кездесіп, «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубының жұмысымен танысты. Бұл кездесуге барлығы 500-дей оқушы қатысты.
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы құрылған мобильдік топ жұмысы туралы айта отырсаңыз?
– Мобильдік топ өткен жылы 9 наурызда құрылды. Оның құрамына мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйым­дар, «Нұр Отан» партия­сы, өңір­лік кәсіпкерлер палатасы, журна­лис­тер мен блогерлер кірді. Жал­пы мобильдік топты құрудағы негізгі мақсат – тұрғындарға Елбасы Жол­дауы­ның бесінші басымдығында көрсе­тіл­ген сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейтуге қатысты басым-бағыттарды түсіндіру ғана емес, сонымен қатар азаматтардың арыз-шағымдарын жедел түрде қабылдау болып табылады. Осы уақытқа дейін мобильдік топ тұрғындар және еңбек ұжымдарымен 243 кездесу мен қоғамдық қабылдау өткізді. Нәти­жесі де жоқ емес. Бір ғана мысал, Түпқа­раған ауданы Ақшұқыр ауылы әкіміне жеке қабылдауға кіруге мүмкін еместігі туралы шағымдар түсіп, аумақтық департамент тарапынан тиісті ұсыныс облыс әкімі аппаратының басшысы және аудан әкіміне жолданып, ауылдың бұрынғы әкіміне тиісті шара қабылданды. Алдағы уақытта мобильдік топ қоғамда сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы мәдениетті қалып­тас­тыру бағытында жұмысын жалғас­тыра береді.
– Білуімізше, арнайы мониторингтік топ та құрылған болатын. Ол нендей қызметтер атқаруда?
– Иә, Маңғыстау облысы әкімдігінің 29.03.2015 жылғы №297 қаулысымен «ҚР 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы Стратегиясын іске асыру және көлегейлі экономикаға қарсы іс-қимыл жөнін­­дегі Маңғыстау облысының 2015-2017 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары» бекітіліп, әкімдікке қарасты басқармалар, қала-аудан әкім­дік­теріне және облыс аумағындағы өзге де мемлекеттік органдарға тиісті тап­сыр­малар жүктелген болатын. Осы жоспардың орындалу барысын сыртқы талдау және бағалау бойынша мүдделі мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар және БАҚ өкілдері арасынан құралған арнайы мониторингтік топ өз жұмысын бастады. Өткен жылы 9 мәжіліс өткізілді. Мониторинг барысында жоспардың орындалысына жауапты мемлекеттік органдармен кейбір тапсырмалардың орындалмағандығы және формальді түрде орындалу фактілері белгілі болды. Мәселен ветеринария, білім, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары және өзге де басқармалар жоспардағы кейбір тапсырмаларды орындамаған, ресми сайттарындағы халық үшін қажетті мағлұматтар жоқ не­ме­се ескірген мәлі­мет­тер орналас­ты­рылған. Маниторинг қо­ры­тын­дысы­мен тиісті шаралар қабыл­да­нып, кемші­ліктер жо­йылды.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы Стратегия­ны іске асыру бойынша 2018-2020 жыл­дарға арналған іс-ша­ралар жоспары талқыланды. Оның аясында, мү­ге­­дектер үшін жеке оңалту бойынша бағ­­дар­лама­лық жәр­­дем алу, ем­делу-сауығу демалыс орындарына жол­­дамалар беру, мүгедектерге қа­жетті құралдарды алу үрдістерінің жүр­гі­зі­луінің айқындылығын және осы саладағы уәкілетті мекемелер мен ұйымдардың жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында аталған үрдістердің жүзеге асырылуы туралы тиісті ақпараттарды әр тоқсан сайын олардың ресми порталдарында жариялап отыру және олардың жариялануына тұрақты негізде мониторинг жүргізіп отыру тәжірибесін енгізу қажеттігі айтылды.
Тәжірибеде, денсаулығына байланысты квота арқылы басқа қалаларға барып емделу (ота жасату және т.б.) мәселесінің қиындық туғызуына, яғни ұзақ уақыт күтуге тура келетіндігіне байланысты лауазымды тұлғалардың заңсыз сыйақы алып, біреулерге заңсыз артықшылық көрсетуі арқылы азаматтардың кезектерін жылжытып, квота жолдамасын беру жолымен сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеуі мақсатында, аталған саланы қадағалау бойынша уәкілетті органмен осы мәселеге қатысты үнемі мониторинг жұмыстарын жүргізіп, сондай-ақ, нәтижелері жө­нінде тиісті ақпараттар ұсынып отыруды осы жоспар аясында міндеттеуді қамтамасыз ету туралы тиісті ұсы­ныстар енгізілді.
Елбасының биылғы жолдауында сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында көптеген жаңа міндеттер айқындалған. Бұл дегеніміз сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу мемлекеттік саясаттың аса маңызды стратегиялық басымдығы болып қала бермек. Ал бұл проблемамен күресу бір немесе бірнеше органның міндеті деп қабылдасақ, онда қателесеміз. Мемлекет пен қоғамның күш-жігерін біріктіргенде ғана осы құбылысқа қарсы күресе аламыз және оның нәтижесін көреміз.
– Нұргүл Алмасқызы, сали­қалы сұхбатыңызға рахмет! Жұмы­сы­ңызға сәттілік тілейміз.

Сұқбаттасқан
Нұрбол ОҚУОВ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі

Маңғыстау облысы.

Жауап қалдыру