Пәтер алудың қандай жолдары бар?

0
37

Баспана мәселесі қазақстандықтардың бас ау­руына айналғалы қашан. Әсіресе үлкен қа­лаларда бұл түйіткіл аса өткір жағдайда. Десе де баспана мәселесінде мемлекет қол қусырып қарап отырған жоқ. Мемлекеттік бағдарламамен үйлі болып жатқан жанұялар жыл сайын көбеюде. Ты­рысқан адам баспанаға қол жеткізетіндей мүмкіндіктер баршылық. Тек соны көбі біле бер­мейді, білсе де көңіл қойып мән бермейді. Осы орайда Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты бас­қар­­масы басшысының орынбасары Айбек Сәйділ­даевті әңгімеге тартып, елдегі ең үлкен шаһардағы баспана мәселесінің қалай шешіліп жатқанын білген болатынбыз.
– Айбек Болатұлы, алдымен қалыптасқан жағдайға көз жүгіртсек. Алматы қаласы бойынша тұрғын-үй кезегінде қанша адам тұр? Оларды баспанамен қамту қарқыны қандай?
– Бүгінгі күні мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар есебінде 22 036 адам тіркелген. 2018 жылы 1461 пәтер үлестірілді, оның ішінде: мемлекеттік тұрғын үй қорынан 56 пәтер және 1405 пәтер ипотекалық бағдарламалар шеңберінде берілді. «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде пәтерлер Алатау ауданының «Саялы» және «Алғабас-6», Медеу ауданының «Алатау» және «Думан-2», Түрксіб ауданының «Жас Қанат» шағынаудандарынан, сон­дай-ақ Алматы облысының «Бесағаш» ауылынан үлестірілді. Жалпы 2016 мен 2018 жылдар аралығында тұрғын үйге мұқтаждар есебіндегі азаматтарға 9357 пәтер таратылды. Оның ішінде 8001 пәтер ипотекалық бағдарламалар шеңберінде және 1356 пәтер мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілді.
– Оқырмандар арасында «Нұрлы жер» бағдарламасы туралы естімегендер де болуы мүмкін. Сондықтан «осыншама пәтер беріліп жатыр екен. Оны қалай алуға болады?» деп ойлауы заңды. Осы ретте бағдарламаның шарттары мен талаптарын еске салып өтсеңіз…
– «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы шеңберінде бірнеше қар­жылық операторлар қам­тылған. Мәселен, пәтер­лер «Қазақстанның тұрғын үй құрылысы жинақ банкі» АҚ, «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» ИҰ» АҚ және «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ желілері бойынша таратылады.
Бағдарлама шеңберінде «Қазақстанның тұрғын үй құрылысы жинақ банкі» АҚ бағыты бойынша атал­ған банктің салымшылары қатыса алады. Бұл ретте тұрғын үйдің 50 пайызы кезекте тұрған азаматтар ара­сында бөлінеді. Бағ­дар­ламаға қатысқысы келетін азаматтардың шотында бас­пана құнының 20 па­йызын құрайтын қара­­жат болуы тиіс. Сонда жыл­дық 5 пайызға де­йін­гі мөл­шер­лемемен 25 жылға дейінгі мерзімге тұр­ғын үй қарызы беріледі. Несие­лен­дірудің нақты мерзімі қатысушының жеке төлем қабілеттілігіне байланысты. Өтінішті нысанға дауыс беру жарияланған кез­де www.baspana.kz сайты арқылы білдіруге болады.
«Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» ИҰ» АҚ-ның сатып алу мүмкіндігімен жалға берілетін пәтерлер тұрғын үй кезегінде келесі санаттар бойынша тұрған азаматтарға өткізіледі: көп­ба­лалы отбасылар, толық емес отбасылар, мүгедек ба­лалары бар немесе тәр­биелеп отырған отбасылар, жетім балалар, ата-ана қамқорлығынан тыс қалған балалар, оралмандар, 1 және 2-топтағы мүгедектер, мемлекеттiк қызметшiлер, әскери қызметшілер, бюд­жет­тiк ұйымдардың қызмет­керлерi. Бұл бағыт бойынша бастапқы жарна белгіленбеген.
2018 жылғы таратылған пәтерлердің 1 шаршы метрін жалдау бағасы шамамен 786 теңгеден бастап 1120 теңгені құрады. Жалға алу мерзімі 20 жылға дейін. Пәтерді мерзімінен бұрын сатып алу мүмкіндігі қарастырылған.

«Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ-ның сатып алу мүмкіндігімен жалға берілетін пәтерлер келесідей санаттар бойынша тұрғын үйі кезегінде тұрғандарға қолжетімді: же­тім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, Ұлы Отан со­ғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңес­тіріл­ген адамдар, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылары, жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер, оралмандар, экологиялық зілзалалар, табиғи және техногенді си­паттағы төтенше жағ­дайлар сал­дарынан тұрғын үйінен айырылған адамдар, көпбалалы отбасылар, то­лық емес отбасылар, мем­­ле­кеттiк қызметшiлер, бюджеттiк ұйымдардың қыз­­мет­керлерi және әскери қыз­мет­шілер.
Бағдарлама шарттары бо­­­йынша тұрғын үй 15 жыл­ға дейін сатып алу мүм­кін­дігімен жалға беріледі. Жал­ға алушылардың тұрғын үйді меншігіне мерзімінен бұ­рын сатып алу құқығы бар. Соңғы екі бағыт бойынша өтініштер «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы қабылданады. Бағдарлама шеңберінде өтініш білдіремін дейтін азаматтар өтініш пен құжаттарды қабылдау туралы ақпаратты Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасының www.uzh-almaty.kz сайтынан бақы­лауы қажет.
– Өзіңіз айтып өткен Қазақстанның ипотекалық компаниясы мен «Самұ­рық-Қазына» жылжымай­тын мү­лік қоры арқы­лы жүзеге асатын бағыт­тар­дың тоқ­та­ты­латыны жайында ақпарды көріп қал­ғаны­мыз бар. Бұл қаншалықты рас дерек?
– Қазір «Қазақстан Ипоте­калық Компаниясы» ИҰ» АҚ желісі бойынша қабыл­даулар жүргізіліп жатқан жоқ. Өйткені «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде берілген пәтерлер таратылып болды. Ал «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ бағыты жалғасуда. Жуырда ғана, 28-30 қаңтар аралығында «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы Наурызбай ауданының «Шұғыла» шағынауданында орналасқан 841 пәтерге қабылдау жүргізілді. Бұл бағыт бойынша 1 шаршы метрдің құны 14 жылға дейін жалға алғанда 2222,82 теңгені құрайды. Бүгінгі күні бағдарлама қатысу­шы­ларына «Банк ЦентрКредит» АҚ-да төлем қа­білет­тіліктерін бағалауға жол­да­малар беріліп, жалдау төлемақысын енгізу бо­йын­ша хабарламалар қа­былданып жатыр.
– Биылғы «Жастар жы­­­­­лын­да» жас отба­сы­ларға қандайда бір бағ­дар­лама­лар бола ма?
– Бүгінгі күні үкіметте Ел­басының ағымдағы жылғы «Жастар жылын» жа­риялау салтанатында мә­лімдеген тапсырмаларын орындау бо­йынша сәйкес жұмыстар жүргізіліп жатыр. Толыққанды ақпарат бекіту жұмыстары аяқталғаннан кейін белгілі болады.
Сондай-ақ «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы «Жас от­басыларға арналған тұрғын үйі» бағыты бойынша ағымдағы жылғы 9 қаңтарда және 20 ақпанда Алатау ауданының «Саялы» және «Алғабас» шағынаударында орналасқан пәтерлерге өті­ніштер қабылданды. Бағдар­ламаға кемінде екі жыл некеде тұрған, Бағдарламаға қатысуға өтініш беру сәтінде жұбайлардың екеуінің де жасы 29-дан аспаған жас отбасы, сондай-ақ балалары (баласы) бар жасы 29-ға толмаған, оның ішінде ажырасқан, жесір/тұл қалған ата-ананың біреуі ғана тәрбиелеп отырған толық емес отбасылар қатыса ала­ды. Тұрғын үйге мұқ­таж жастарды қабылдау бойын­ша ақпаратты Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасының www.uzh-almaty.kz сайтынан бақы­лауға болады.
– Жуырда Елбасы «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде көпбалалы отба­сыларға жалдамалы пә­тер­лерді көптеп салуға тап­сыр­ма берді. Бұл ба­ғыт­та қандай жұмыстар атқа­рылмақ?
– Алматы қаласындағы көпбалалы отбасылардың тұр­ғын үй мәселесін шешу мақ­сатында «Бақытты отбасы» же­ңіл­дікпен несиелен­ді­ру тұр­ғын үй бағдарламасы іске асы­рылмақ. Жоба бойын­­ша тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тіркелген 1278 көпбалалы отбасыға 1 млн тең­ге көлемінде тұрғын үй сертификаттарын табыс­тау, сондай-ақ 2 пайыз мөл­­шерлемемен 18 жылға дейін 15 млн теңге тұрғын үй қарызын беру жос­парлануда. Қазіргі уа­қытта бағдарламаны іске асыру үшін Алматы қала­сы Әлеу­меттік әл-ауқат бас­­қа­р­масы мен «Қазақ­стан­ның тұрғын үй құры­лысы жинақ банкі» АҚ-мен келісу жұмыс­тары жүр­­гізіліп жатыр. Ал­дағы ақ­па­­ратты бұқаралық ақпа­рат құралдарынан бақы­лау қа­жет.
– Былтыр тұрғын үй кезегін оңтайландыру яғни кейбір санаттар бойынша кезекте тұрғандарды алып тастау туралы бастама көтерілгені белгілі. Осы жөнінде айтып беріңізші.
– Республика бойынша тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған азаматтардың кезектілігіне түгендеу жүргі­зіліп, заңсыз тұрған 3000-ға жуық азамат (атында тұр­ғын үй тіркелген, Алматы қала­сынан тұрақты тіркеуден шы­ғып кеткен, санаттарын жоғалт­қан: 2-топ мүгедегі 3-топқа ауысқан, мемлекеттік қыз­меттен боса­тылған, бюд­жеттік емес ұйым­дарға ауыс­қан және т.б.) кезектен шыға­рылды. Бүгінгі күнге қолданыстағы Заңға санаттар бойынша өзгерістер еңгізілмеген. Өзгерістер бол­ған жағдайда, ресми түрде жарияланатын болады.

Сұқбаттасқан
Меліс СЕЙДАХМЕТОВ,
«P&H»

Бет қатталып жатқанда!
Бұл күндері «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында www.baqytty-otbasy.kz порталы арқылы тұрғын-үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасылардан құжаттар қабылдау жүруде. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы жүзеге асырылатын бағыттың шарттарына сәйкес, қарыздың сомасы 15 млн теңгені құрайды. Ол үшін өтініш берушіде пәтер бағасының 10 пайыз мөлшеріндегі бастапқы жарна болуы тиіс. Несиенің пайыздық мөлшерлемесі жылына 2 пайыз. Үй бастапқы нарықтан таңдалуы қажет. Өтініш білдіру порталда электрондық цифрлік қолтаңба арқылы жүргізіледі. Өтініштер мен құжаттарды қабылдаудың келесі кезеңі 18 наурыз бен 11 сәуір аралығында жоспарланып отыр.

Жауап қалдыру