Пәнді оқытудың пәрменділігі

0
12

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік тапсырысын жүзеге асыру аясында «Педагогикалық ғылымдар академиясы» қоғамдық қоры мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің дінтану және мәдениеттану кафедрасының ұйымдастыруымен «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәнін оқытудың өзекті мәселелері бойынша мектеп мұғалімдеріне арналған семинар болып өтті. «Жалпы білім беретін мектептердегі «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәнінің оқытылу сапасын және тиімділігін мониторингілеу» жобасы бойынша өткен семинарға Алматы қаласы бойынша 8 ауданнан 76 мұғалім қатысты.
Семинар жұмысына қатысқан Алматы қаласының Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Есенбеков пәннің дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда алатын орны өте маңызды екенін атап өтті. Педагогикалық ғылымдар академиясының басқарма төра­ғасы, академик Асқарбек Құсайынов, ҚР білім беру ісінің үздігі Қайыркен Кұнапина Алматы қаласының мектептеріндегі «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәнін оқытудың мәселелеріне қатысты сұрақ­тарды қозғады.
Бұл әлеуметтік жобаның ерекшелігі – жобаны жүзеге асы­руға жоғары білікті маман­дардың тартылуы. Семинарда жоба орындаушылары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың дінтану және мәдениеттану ка­федрасының оқытушылары да сөз сөйледі.
Дінтану және мәдениеттану кафед­расының меңгерушісі философия ғылымдарының докторы, профессор Айнұр Құрманалиева «Қазақстандағы дінтанулық білім берудің өзекті мәселелері» тақырыбында баяндама жасады. Баяндама барысында қазіргі кездегі қоғамда туындап отырған сұрақтарға, соның ішінде деструктивті идеологияны таратудың заманауи технологияларына тоқталды. Келесі сөз кезегін алған философия ғылымдарының докторы, профессор Нағима Байтенова «Қазіргі Қазақстандағы діни жағдай» баяндамасында қазіргі дінтанудың жалпы жағдайына, зайырлылық мәселелерін көте­ріп, дінтанулық білімге қатысты сұрақтарға тоқталып өтті.
Сондай-ақ семинар барысында педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Ұлмекен Төлешова «Дінтану сабағын үйретуде инновациялық технологияларды тиімді пайдалану» тақырыбындағы тренинг, философия ғылымдарының докторы профессор Елена Бурованың фокус-топтарға арналған жұ­мыс­тары ұстаздар тарапынан қызығушылықпен қабылданды.
Семинар соңында барлық қатысушыларға сертификат­тар табысталды. Мектеп қабыр­ғасында осындай мемлекеттік маңызы бар пәннен дәріс беріп жүрген ұстаздарға артылатын сенім мен жауапкершіліктің аса маңызды екенін тағы да ойға салған нәтижелі шара болды деген пікірдеміз.

Шамшия РЫСБЕКОВА,
филос.ғ.д., профессор,
Ұлжан ТҰНҒАТОВА,
дінтану магистрі.

Жауап қалдыру