Қорғастағы қорқаулар

0
23

Қазақ–Қытай шекарасындағы «Қорғас» бекетінен тағы да шу шықты. Жемқорлық жайлаған аймақ бұл жолы да пара алу дерегі бойынша елді елең еткізді. Алыс-берістің бәрі шытырлаған ақшамен шешілетін бекеттегі кезекті пара алу дерегі несіне елді елең еткізді дерсіз… Мәселе алмақ болған параның сомасында, ол – 1 млн АҚШ доллары.
5-қыркүйек күні Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі ұлттық бюро «Қорғас» халық­аралық шекаралық ынтымақ­тастық орталығының президенті Василий Ниді 1 млн. АҚШ доллары көлемінде пара алып жатқан жерінде ұстады. Ол оны инвестициялық тендерді «Қорғас-Тюльпан» ЖШС-ның ұтып алуына жәрдемдескені үшін алған. Дәлірек айтқанда «Қорғас» халықаралық шека­ралық ынтымақтастық орталы­ғының президенті өзінің инвес­торлармен жұмыс жөніндегі бөлім жетек­шісі М.Сайдуллаев арқылы халықаралық орталық аумағында 5-класты қонақүй кешенін салу жөнінде осы ЖШС-ны жеңімпаз деп деп танып, сол арқылы көл-көсір ақшаға кенелмек болған. Бүгінде Василий Ни ҚР ҚПК 128-бабы негізінде ұсталып, сот алдындағы тергеу жұмыстары жүргізілуде.
Заңгер Айман Омарованың айтуынша, егер Василий Нидің үлкен көлемдегі сомада пара алғаны дәлелденсе, Қылмыстық кодекстің 15-тарау 366-бап 4-тармағы бойынша жауапқа тартылады. Оған сәйкес, айып­та­лушының дүние-мүлкі тәркі­леніп, қандайда бір лауазым иесі атану я болмаса қандайда бір қызметпен айналысуға өмір бойына тыйым салынып, алған параның сексен еселен­ген мөлшерінде айыппұл салынады. Немесе 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айрылады.
«Қорғас» бекетіндегі пара алу дерегі бұған дейін де бірнеше рет тіркелген. Әзірге майлы шелпекке ауыз салушыларға заң тұсау бола алмауда.
Айталық, 2006 жылы аталған бекеттің сол кездегі бастығы Болат Жұмабеков, «қылмыстық топ құрып, оны басқарғаны» үшін тұтқындалған болатын.
2010 жылы қазан айында Экономикалық қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының сол кездегі президенті Нұрлан Сейдалиннің және еншілес «Қорғас-сервис» ЖШС жетек­шісі Ерлан Рақымбаевтың қа­мал­ған­дығы жөнінде хабар­ла­ды. Оларға ЖШС-тің жар­ғы­лық капиталын ұл­ғай­ту желеуімен жалған кәсі­порын­дардың есепшоттары ар­қылы бюджеттен 190 млн теңге жым­­қырған деген айып тағыл­ды.
Араға бір жыл салып Қор­ғасты сүлікше сорған­дар­дың кезекті әрекеті әшкереленді. Алайда бұл жолы параны құ­қық қорғаушылардың өзі алып келген. 2011 жылы Ұлт­тық қауіпсіздік және Кеден комитетінің кейбір қызмет­­кер­лерінің 5 жыл бойы Қытайдан Қазақстан аумағына жүк көлік­терінің кедергісіз өтуі үшін әрқайсысынан кемі 30 мың доллардан пара алып отыр­ғаны анықталды. Тергеу амал­дарының қорытындысы бойын­ша аталған қылмысқа Ақмола облыстық ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті басты­ғының орынбасары Бақытбек Құрмәналиевтің, «Қорғас» бе­кетінің бастығы Айдаров пен Алматы облысының кедендік бақылау департаментінің бастығы Құрманбек Артық­баевтың қатысы бары белгілі болып, жауапқа тартылды. Ар­тын­ша сол кездегі кеден коми­тетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Кәрбозов қызметінен алынды.
Қылмыстық іс барысында 45 адам жауапқа тартылды. Олардың алды 17 жылға дейін бас бостандығынан айырылған. 19 күдіктіге іздеу жарияланып, кейін құрықталды. 2 жыл тергеу жүргізген қаржы полициясы 1500 томдық қылмыстық істі мамандандырылған әскери сотқа өткізген болатын. Сот процесіне 94 адвокат, 600 куә тартылды.
Келесі пара алу дерегі 2013 жылы анықталды. Ол кезде «Қор­ғас» кеденінің қызмет­кер­лері контрабандаға көз жұ­мып, қылмыстық топқа қам­қор­лық көрсету үшін құ­зыр­лы ор­ган өкілдеріне 3 жарым млн. теңге ұсынған. Сол жыл­дың маусымында тағы бір істің беті ашылды. Бас кө­лік прокуратурасы «Самұ­рық-Тараз» ЖШС өтінішін қарастыру барысында «Қор­ғас» халықаралық шекара ынты­мақтастығы орталығы» АҚ басшылығының қызметінен сы­байлас жемқорлық факті­лерін анықтады. Ол бойынша «Қорғас» тендерлік комиссиясы ашық тендер өткізу барысында заң бұзушылықтарға жол бер­ген. Тендер электрмен қамта­масыз етудің бөлу желілері бойынша құрылыс-монтаждық жұмыстарды сатып алулары бойынша өткізілген. «Қор­ғастың» Бас көлік про­куратура ұсынысымен тендерлік комис­сияның төра­ғасы болған вице-прези­денті Э.В. Шин тәртіптік жауап­қа тартылды.
Үстіміздегі жылдың 22-қаң­тарында Алматы қаласында Сы­байлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл бюросы 2011 жыл­ғы «Қорғас» қыл­мыс­тық ісі бойынша ұйым­дас­қан қылмыстық топтың белсен­ділерінің бірі Е.Малыбаевты ұстады. Малыбаев 2007-2011 жылдары аралығында қылмыс­тық топтың құрамында жүріп, контрабандалық жолмен Қытай Халық Республикасынан Қазақ­стан Республикасы аумағына өте ірі көлемде жүктер мен тауар­ларды жеткізумен айна­лысқан құрылымдық бөлім­шенің жетекшісі болған. Сот нәтижесінде, «Қорғасы ісі» бойынша 31 адамға іздеу жа­рия­ланып, оның 30-ы ұстал­ған. Олардың үшеуі Бірік­кен Араб Әмірлігінен, біреуі Ре­сей­ден және тағы біреуі Қыр­ғызстаннан елге қай­тарылды.
Меліс СЕЙДАХМЕТ,
«Президент және Халық»

Жауап қалдыру