«Қорғас – Шығыс қақпасында»

0
66

Өткен сенбіде Қазақстандағы шет елдер елшілерінің дипломатиялық корпусы «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағымен танысуға келді. ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Абдрахманов бастап келген бұл топ Алматыдан Алтынкөлге поезбен жетіп, бірден арнайы автобустарға отырып «Құрғақ портқа» келді. Қазақстандағы шет елдердің дипломаттары мен әлемнің танымал ақпарат құралдарының тілшілері мұнда осымен екінші мәрте бас қосып, Қорғастағы қарымды қарекеттермен танысуда, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімдігінің ресми сайты.
Бұл басқосуда алдымен Алматы облысының әкімі Амандық Баталов мінберге көтеріліп, 25 шет мемлекет атынан келген 40-тан астам құрметті қонаққа Елбасының күні кеше 5 қазанда жасаған кезекті дәстүрлі Жолдауынан туындайтын міндеттер жайында әңгіме өрбітіп, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» трансконтинетальды дәлізінің өлкеге, барша қазақстандықтарға әкелген игіліктерін жіліктеп жеткізді.
Алматы облысының та­биғи-климаттық ерекшеліктеріне, әлеуметтік-эконо­ми­калық даму бағытына тоқ­тала отырып, Жетісу өңірі жайлы әңгімелеп берді. Мәселен, облыс бойынша жалпы инвестиция сомасы 1,3 трлн теңге болатын 50 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатса, соның 32-сі шетелдік компаниялардың қатысуымен іске асырылуда. Сонымен қатар облыста «Кока-Кола», «Фуд Мастер», «Данон», «Эфес», «Джи Ти Ай», «Тикурилла» сияқты 20-дан астам трансұлттық компаниялардың да табысты жұмыс істеп жатқаны тілге тиек етілді.
– Бүгінгі басқосу біздің облыс пен сіздердің елдеріңіздің арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі нығайтып, эко­номикалық, іскерлік және мәдени байланыстарымызды жандандыра түседі деген сенімдемін, – деді А. Баталов.
Облыс әкімінен кейін мінберге шыққан ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Абдарахманов Қытайдан бас­тау алатын бұл жолдың Батыс Еуропаға дейінгі Орта Азия, Түркия және Парсы шығанағы елдері арқылы өтіп, әлемдік сауда байланысын қамтитынын атап өтті. 2015 жылы 29 маусымда жұмысын бастаған Құрғақ порт арқылы биылғы жылдың 30 қыркүйегіне дейін 235225 контейнер жан-жаққа жөнелтілген екен. Алғашқы күнен бастап Құрғақ порт күн сайын 5-6 жүк пойызын қабылдап келсе, жаңа қуатты техникалар мен жабдықтарды іске қосудың нәтижесінде биылдан бастап 10-12 жүк пойызын тиеп-түсіріп жөнелтуге мүмкіндік алып отыр.
Министр «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы эко­но­микалық аймағының әлем­дік сауда байланысы мен халықаралық қарым-қаты­насқа әкелер қолайлы әлеуеті жайлы кеңінен баяндады.
Қонақтарға бұдан соң Құрғақ порт жұмысы мен оның аумағында салынып жатқан халықаралық астық, цемент зауыттарының тағы басқа да нысандардың құрылысы бейнефильм, стенділер арқылы таныстырылып, пойыздарға жүк тиеу жұмыстары іс жүзінде көрсетілді. Сонымен қатар елшілер «Қорғас» шекара ма­ңы халықаралық ын­ты­мақтастығы орталығ­ының» қызметімен де та­ныс­­ты.

Жауап қалдыру