Облыстың дамуында оң қарқын сақталды

0
121

Таяуда Қапшағай қаласында Алматы облысы әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен облыс әкімдігінің көшпелі мәжілісі өтті.
Жиында үш мәселе қаралды: облыстың 2017 жылғы әлеуметтік-экономинкалық даму қорытындылары мен 2018 жылдың міндеттері, Қапшағай қаласының 2017 жылдың даму қорытындылары және жұмыссыздар мен өз бетінше нәтижесіз жұмыспен қамтылғандардың қызметін рәсімдеу жұмыстары туралы мәселелер қаралды.
Жиынды ашқан облыс әкімі алдымен отырыстың неліктен Қапшағай қаласында өткен­дігін түсіндірді.
– Қапшағайда өткен жы­лы ауқымды жұмыстар ат­қа­­рылды. Сондықтан аудан, қала әкімдері мұндағы жү­зеге асырылған жоба­ларды көріп, үйренсін, тәжі­рибе­лері­не енгізсін деген оймен әкім­­­діктің көш­пе­лі отырысын Қап­ша­ғай­да өт­кізуді жөн көр­дік, – деді об­лыс әкімі.
Облыстың 2017 жылғы әлеу­меттік-экономикалық да­му қорытындысы жөнінде об­лыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов баяндады. Ж. Тұя­қов­тың айтуынша, 2017 жылдың қорытындысы бойынша облыстың әлеу­меттік-эконо­микалық дамуында оң серпін байқалады. Жалпы өңір­лік өнім 2,7% ғайызға өсіп, 2 жарым трлн теңгеге жет­ті. Өнеркәсіптегі өндіріс кө­лемі 750 млрд теңге, ауыл шаруа­шы­лы­ғының жалпы өнімі – 647 млрд теңге, бөл­шек тауар ай­на­­лымы – 434 млрд тең­гені құ­ра­ды.
Құ­­ры­лыс жұмыс­тары­ның кө­лемі 257 млрд теңге­ге жетті. 646 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 26 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, жұмыссыздық дең­гейі 4,8%-дан 4,7%-ға де­йін төмендеді.
Бұдан әрі баяндамашы облыста мемлекеттік бағдар­лама­лардың орын­­далуы, ша­­ғын және орта бизнестің, әлеу­меттік сала­лардың дамуы жайына да кеңінен тоқталды. Мәселен, 2017 жылы 118 бала­бақша ашылса, соның 117-сі – жекеменшік. Балаларды мектепке дейінгі қам­ту дең­гейі 87%-дан 95,35%-ға өскен. Ал облыста ауызсумен қамту көрсеткіші 87,3 пайызға жеткен. Бұл – респуб­лика­дағы ең жоғары көрсеткіш­тердің бірі.
Ж. Тұяқов ілгерілеуші­ліктермен қатар кемшіліктерге де тоқталып өтті. Мысалы, Талдықорған, Текелі қала­ларында микрокредит алуға тиіс 140 адамның тек 18-іне ғана несие берілген. Білім сапасының төмендігі Жамбыл, Ұйғыр, Еңбекшіқазақ аудандарында байқалады. Облыстың бірқатар өңірлерінде ана өліміне жол берілген.
Жиында сөз сөйлеген Жамбыл ауданының әкі­мі Ж. Дала­баевқа облыс әкімі биылғы жылы жұ­мысты барынша нәти­желі атқаруды тапсырды. Жыл­­дың қорытындысы бо­йынша бірқатар көрсет­кіш­тердің төмендеуі, солар­дың қатарында ҰБТ қорытындысы мен білім сапасының төмендігі орын алған.
Бұдан кейін екінші мә­селе бойынша Қапшағай қа­ласының әкімі Талғат Қай­нарбеков баяндама жасады. Қала басшысы баянда­масын өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, бизнес пен туризм және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салаларына – 4 бөлікке жіктеп баяндады.
Жиын соңында А.Баталов: «Мемлекет қолдауының ар­қа­­сында 2017 жылы жалпы облыстың дамуында оң қар­­қын сақталды. Биылғы жыл­ды біз Елбасының жаңа Жол­дауында айтылған он басым­дықты бағыт етіп бас­тап отырмыз. Ол басым­дықтардың әрқайсысы бо­йынша белсенді жұмыс істелуі, әр аудан, қала өз үлесін қосуы тиіс, сонда ғана толыққанды нәтиже болады, – деді өз сөзінде.

Асан БЕРДІҚҰЛ

Жауап қалдыру