Қоғамдық белсенділікке – кең өріс

0
38

Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында «Қазақстан – 2050» Стратегиясы, Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың жыл сайынғы халыққа Жолдаулары, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен «Мәңгілік ел» идеяларын орындау бағытындағы қоғамды әлеуметтік жағынан жаңғыртуда азаматтық секторды тарту мақсатында «Азаматтық қоғам және мемлекет: диалог, ынтымақтастық, жауапкершілік» атты облыстық форум өткізілді.
Алқалы жиынға респуб­лика­лық мемлекеттік ор­ган­дар және қоғамдық ұйым­дардың басшылары, облыс көлеміндегі үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, қоғам белсенділері, жастар мен бұқаралық ақпарат құ­ралдарының өкілдері қа­тысты. Жиын алдында оған қатысушылар үкіметтік емес ұйымдарының әлеумет­­тік маңызы бар жобалар бойынша атқарылған жұмыс­тардың көрмесімен танысты.
Жиналғандарды облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуалиев құттықтады.
– Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанда азаматтық қоғам институттары кеңінен қанат жайып, көптеген бас­тамалар іске асырып, маңызды мәселелерді ше­шуге атсалысып жүр. Елба­сы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев қоғамдық ұйымдардың маңызды миссия атқарып жүргендігін ерекше атап, әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Өз кезегінде, Елбасы үкіметтік емес ұйымдарды ел дамуының маңызды мә­се­лелерін шешуге ат­са­лы­суға шақырып оты­рады. Атап айтар болс­ақ, Мемлекет басшысы «Бола­шаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты бағдар­ла­малық мақаласын жүзеге асыру­дағы қоғамдық ұйым­­дардың рөлін атап өтті. Бұл үкіметтік емес сек­торға деген үлкен сенім, – дей отырып, А. Әбдуалиев облыс көлемінде үкіметтік емес ұйымдар тарапынан атқарылып отырған бірқатар жұ­мыстарға тоқталды.
Қазіргі уақытта облыс бо­йынша 394 қоғамдық ұйым әртүрлі бағытта өз қыз­меттерін атқаруда. Ал оларды қолдау мақсатында заңнамалық механизмдер арқылы 250 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Бү­гінгі күні облыста үкіметтік емес ұйымдар тарапынан 154 әлеуметтік жоба іске асырылуда.
Ақпараттық кеңістік шең­берінде өткізілген ша­ралар бойынша 308 ақпараттық материал (қазақ, орыс, ағыл­шын тілдерінде) 60 мың жазылушы бар «Facebook», 900 мың жазы­лу­шы бар «Вконтакте» «ЗТБ» па­рақ­шасында, ке­мін­де 500 мың жазылушы бар «Instagram» әлеу­мет­тік желі­лері­нің па­рақ­ша­ларын­да жа­рия­лан­ды.
Өткен жылы облыс әкімі Амандық Баталовтың тікелей қолдауымен Алматы облысының үкіметтік емес ұйымдардың Консалтинг орталығы ашылып, өңірдегі қоғамдық ұйымдарға консультативтік, ақпараттық көмек көрсетуде.
Азаматтық бастамаларды қолдай отырып, қоғамдағы әлеуметтік проблемаларын шешу мақсатында әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесі жыл сайын тұрақты өткізілуде.
Биылғы жылы үкіметтік емес ұйымдар жолдаған жобаларды қарастырып, болжамдық нәтижелердің жүзеге асырылу мүмкін­діктері, жобаның орнықты­лығы мен сәттілігін, даму перспективаларын ескере отырып, ең үздік 10 жобаны анықтап, жалпы құны 10 млн теңге көлемінде арнайы гранттар берілді.
Олардың ішінде Сарқан ауданының «Парыз» еріктілер қоғамдық бірлестігінің «Friend Robot» жобасы, Жамбыл ауданы Саты ауы­лындағы «Айриз-Қамқор» ұйымының мүгедектерге ар­налған арнайы киімдер тігу, Алакөл ауданындағы Әйел­дерді қолдау орталы­ғының жүннен қол өнерді дамыту жобасы, Қарасай ауданындағы «Жігер-М» бірлестігінің мүгедек-спортшыларды қолдау, Іле ауданы «Жетісу Мұрагер» қоғамдық бірлестігінің «Ауыру балаларға медициналық емес көмек көрсету» жө­ніндегі жобаларын айтуға болады.
Иә, облыстағы үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігі мен атқарып отырған жұмыстары республика бойынша алдыңғы қатарда келеді. Қазіргі кезде кез келген аймақта жұмыс іс­тейтін ұйым мүшелері жергілікті жердің ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, әлеуметтік жоба­лардың барынша сұранысқа ие, әрі тартымды болуына күш салуда.
– Елбасының жыл са­йынғы Жолдауларын, «Мәң­гілік ел» идеясын, «Бес әлеуметтік бастамасын» өңірдегі тұрғындар арасында насихаттауға шақырып, бұл жұмыстарға белсенді түрде атсалысады деген ойдамын. Азаматтық қоғам институттары мемлекеттің стратегиялық серіктестігі және тірегі болып, Ота­ны­мыздың өркендеуіне өз үлесін қоса беретіндігіне сенім зор, – деп, құттықтау сөзін аяқтаған облыс әкімінің орынбасары «Үздік әлеуметтік жоба – 2018» жеңімпаздарын салтанатты жағдайда марапаттады.
Форумда Қазақстан Қо­ғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Нарымбетов сөз сөйледі.
– Мемлекет басшысы азаматтық қоғам институт­тарымен өзара ынтымақ­тастық нығайту саласында қайта құрылған Қоғамдық даму министрлігі алдына жаңа мақсаттар мен міндеттер қойды. Біздің басты міндетіміз – азаматтық қоғам институттары мен мемлекеттің күшін біріктіру, зайырлы және демократиялық прин­циптерді күшейту. Қазақ­стан­да 22 мыңнан астам үкі­меттік емес ұйым тіркелген. Оның тек 5 мыңға жуығы «Үкіметтік емес ұйым­дардың дерекқорына» ақпаратын орналастырған. Яғни барлығы 100 пайыз қызмет атқарып жатыр дегенге келмейді. Мемлекет тарапынан қоғамдық ұйымдар қызметінің тұрақтылығын күшейту бойынша әртүрлі инструменттер жүзеге асуда. Бұл – үкіметтік емес ұйымдарға арналған грант­тық қаржыландыру. Осы механизм 2016 жылдан бері қолданылып келеді. Соның нәтижесінде жылдан жылға қоғамдық ұйымдар арасында қызығушылық артуда, – деді ол жиналғандар алдында.
Сонымен бірге үстіміздегі жылғы 13 маусымда ком­мер­циялық емес ұйым­дардың қызметі жөніндегі заңға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізіл­генін, азаматтар мен үкі­меттік емес ұйымдардың мемлекеттік әлеуметтік тап­сырыстардың бағыт­тарын қа­лыптастаыруда тиісті мемлекеттік органдарға өз­дерінің ұсыныстарын беруге мүмкіндіктері бар екендігін жеткізді. Сондай-ақ, екі жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан жаңа қоғамдық институт – «Қоғамдық кеңес­тердің» өмірге келуі билік пен азаматтық қоғам арасындағы өзара келісілген іс-қимылдарға жаңаша серпін берді.
Форумда «Азаматтық бас­тамаларды қолдау ор­талығы» КЕАҚ Басқарма төрағасының орынбасары Гүлнара Оралова, Қазақстан Азаматтық Альянсының вице-президенті Мұсағали Дуанбеков, Алматы облыстық Үкіметтік емес ұйымдары Консалтинг орталығының басшысы Елдар Сапаров сөз сөйледі.
Екі күнге созылған форум аясында арнайы тақырыптар бойынша өткізілген секция жұмыстарында оған қа­тысушылар өз жұмыс­тарына қатысты ұтымды пікірлер алмасып, тиімді кеңестер алды. Форум бағдарламасы аясында азаматтық қоғамның дамуына үлес қосқан 10 үкіметтік емес ұйымның басшылары мен 10 мемлекеттік қызметкер марапатталды.
Басқосуда Қазақстан Азаматтық VІІІ форумына делегаттар сайланды.

Ғалым
ЖАЗЫЛБЕКОВ.
«P&H».

Жауап қалдыру