Меже айқын, жұмыс серпінді

0
161

ҚР Президенті Н.Назарбаев өткен жылдың қоңыр күзінде Алматы облысындағы жұмыс сапары кезінде Ескелді ауданындағы «Нам Г. Н.» шаруақожалығында болып, ондағы қант қызылшасын өсіру жөніндегі бірқатар іс-шаралармен танысқан болатын. Елбасының осы сапары кезінде жер жәннаты Жетісу өңіріндегі атқарылған шараларға оң баға беруі ел аузында «Күндіз күміс, түнде алтын» аталып кеткен қасиетті Қаратал өзенінің екі қапталын жағалай орналасқан аудан тұрғындарына жаңаша серпін берді.

Облыс көлемінде «шағын аудан» деп аталғанымен,  өңір бүгінгі күні заман талаптарына сай даму үстінде. Бұрын тек ауыл шаруашылығымен айналысып келген аймақта жаңа өндіріс орындары іске қосылып, жұмыс орындары ашылуда. Сонымен бірге ауданға қарасты елдімекендерді көріктендіру-көркейту және аббаттандыру жұмыстарына да баса назар аударылған. Осындай жағымды жаңалықтармен аудандағы 11 ауылдық округ әкімдерінің тұрғындармен кездесуі барысында құлағдар болған едік.
Ескелді ауданының әкімі Жұ­баныш Ноғайбековтың аудан орталығы  Қарабұлақ кентінде сейсенбі күні өткен аудан тұрғындары алдындағы есебіне арнайы қатысып, жыл бойы атқарылған істерге куә  болдық.
Аймақ  басшысы өз есебінде өткен мерекелі жыл аудан үшін табысты жылдардың бірі болғандығын атап өтті.
Аудан экономикасының бас­ты саласы ауыл шаруашылығы болғандықтан әкім бірінші кезекте ауыл шаруашылығындағы жетістіктерге тоқталды. Жыл ішінде бұл сала өнімінің жалпы көлемі – 23 млрд теңгеден асып, нақты көлем көрсеткіші – 102,1 пайызды  көрсеткен. Оның ішінде мал шаруашылығында – 8 млрд теңгеден астам, егістіктен  16 млрд теңгеге жуық өнім алынды. Ал, 26,5 мың гектар алқапқа егілген масақты дәнді дақылдардан 64 мың тонна дән жиналып, әр гектардан орта есеппен 24,2 центнерден өнім алынған.
Бүгінгі күні өңірде Елбасы тапсырмасына сәйкес қант қызылшасын өсіру қарқынды түрде жүргізілуде. Қызылша өсірушілерге жасалған нақты қол­даулардың нәтижесінде 1484 гек­тарға қант қызылшасы себіліп, 77,7 мың тонна тәтті түбір жиналды. Сөйтіп, әр гектардан 523,6 цент­нерден өнім жиналған. Иә, аудан еңбеккерлері қант қызылшасын өсіруге әбден дағдыланған және көпжылдық тәжірибелері де бар. Сондықтан да, биылғы жылы қант қызылшасын өсіретін алқапты 1800 гектарға жеткізуді межелеп отыр.
Жыл ішінде аудан бойынша 9 мың тоннадан астам мал және құс еті, 29 мың тоннаға жуық сүт, 8 мыңға тарта жұмыртқа және 280 тонна жүн алынды. Аймақта өндірілген мал және ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу басты назарға алынған. Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдейтін 30 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның ішінде 3 диірмен, 5 наубайхана, 2 шұжық цехы, 3 май өңдеу, 2 макарон, 2 кондитер цехтары және 13 мал сою алаңдары бар. Сонымен бірге, өндірілген өнімді сақтау шаралары да – нәтижелі. Қазіргі таңда  картоп сақтайтын 10, көкөністік 1 қойма және жеміс-жидекке арналған 3 қойма жұмыс істейді. Онда 11 мың тонна картоп, 650 тонна жеміс-жидек, 2,0 мың тонна көкөніс сақтаулы тұр.
Аймақта «Сыбаға», «Құ­лан» жә­не «Алтын асық» бағ­дар­ламалары шең­берінде 400-ге жуық бас ірі қара мал, 200-ге жетеғабыл жылқы жә­не 950 бас ұсақ мал алынды.
Аудан тұрғындарын электр қуа­ты­мен қамтамасыз ету мақ­са­тында 2015 жылдың қараша айы­нан бастап, Қора өзенінде құны 3 млрд теңгені құрайтын су электр стансасының құрылысы жүргізілуде. Аталған жобалардың іске қосылуы өнеркәсіп өнімінің және инвестиция көлемінің өсу­іне ықпалын тигізуде.
Өткен жылы шағын және орта бизнес саласында жалпы сомасы 175,5 млн теңгені құрайтын 7 жаңа нысан іске қосылып, 47 жаңа жұмыс орындары ашылды.  «Биз­нестің жол картасы – 2020» бағдарламасының негізінде 144,5 млн теңге сомасына 8 жоба іске асырылмақ.
Өткен жылы  аудан бойынша 9100 шар­шы метр тұрғын үй пай­далануға берілді. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда – 2,1 есеге артық.
Аудан әкімінің есебінде ауыл тұр­ғындарын ауызсумен қам­тамасыз ету, су құбырларын реконструкциялау және салу жұмыстарының нәтижесі ретінде Елтай, Теңлік, Ақын Сара және Екпінді ауылдарында атқа­рылған шаралар ерекше атап көрсетілді.
Аудандағы халықтың саны бүгінгі күні 50 мыңнан асып отыр. Өткен жылы өкілетті органға өтініш білдірген 1213 адамның 710 өтініші қанағаттандырылды, 364 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға жіберілді. 133 адамға атаулы әлеуметтік көмек, 18 жасқа толмаған 796 балаға жәрдемақы төленді. Бағдарламаның  «Кәсіп­керлік бастаманы ынталандыру» бағыты бойынша 63 азаматқа өз кәсіптерін кеңейту мен жаңадан ашуға 208,2 млн теңге көлемінде шағын несие берілді.
Ауданда күндізгі жалпы білім беретін 30 мектеп, 10 балабақша  жұмыс істейді. Денсаулық сақтау саласы бойынша оңды істермен қатар, алдағы уақытта қолдауды қажет ететін  мәселелер де бар. Кей елдімекендерде дәрігерлік пункттердің жағдайы заман талаптарына сай келмейді. Ауыл адамдарына  мәдени қызмет көрсету саласында 30 мәдениет мекемелері жұмыс істейді.
Өткен жылы дала академигі – Нұрмолда Алдабергенов және ақын Темірғали Рүстембековтың 110 жылдығы аталып өтті. Жазушы Сайын Мұратбековтың 80 жылдығына орай «Сайын прозасы «Алтын ғасыр» әдебиетінің асыл мұрасы» атты әдеби танымдық конференция өтті. Ауданда спорт саласындағы жетістіктер де жан-жақты сараланды. Қысы жайлы, жазы салқын, табиғаты тамаша аудан көлемінде туризмді дамыту жөнінде бірқатар игілікті шаралар атқарылған екен.
Жиын соңында аудан әкімі Жұбаныш Ноғайбеков тұрғындар тарапынан келіп түскен сауалдарға тиянақты  жауап берді.

Ғалым ЖАЗЫЛБЕКОВ,
«Президент және Халық»

Алматы облысы

Жауап қалдыру