Мерекелік қуаныштар

0
71

Талдықорған қаласында «Тәуелсіз­дігі­міздің – тірегі, Отанымыздың – жүрегі» ару Астананың 20 жылдық мерейтойына арналған шаралардың ішінде еңбек сүйгіш облыс жұртшы­лығы өткенімізді еске түсіріп, түп тарихымызды түгендеуге арналған ел жүрегін елжіреткен оқиғалардың куәсі болды. Солардың ішінде ең алғашқысы – қаланың оңтүстік батыс аймағында жаңадан бой көтерген заманауи үлгіде салынған үйлердің қақ ортасынан өтетін, екі жағында теректері тербелген үлкен көшеге «Астана даңғылы» атауы берілуі болды.

Одан кейін Талды­қорғанға кіре берістегі аркадан Жан­сүгіров көше­сіне дейінгі ұзын­дығы 3 ша­қы­рым­дық көшеге қазақ халқы­ның қа­лып­тасуына үл­­кен үлес қосқан, та­рих­шы, қоғам қай­рат­кері, халық бірлігін сақтауға ұйтқы бол­ған Қадырғали Жа­лай­ридің есімі бе­рілді.
Мерейлі ме­рекеге орай ұйым­дасты­рыл­ған ша­ра­лар одан әрі жалғ­асты. Атап айт­қан­да, қаланың жа­ңа­дан салынған ша­ғын ауда­нындағы тағы екі көшеге аса көр­нек­ті партия, мемлекет және қоғам қай­рат­кері, Қазақ RСР Минис­трлер Кеңесінің төрағасы, Ұлы Отан соғысының ардагері, Ең­бек Ері Бәйкен Әші­мов пен Еңбек Ері, Алматы облысының Құр­метті азаматы Зли­ха Там­­шыбаеваға берілді.
Ел ардақтыларын ұлықтауға арналған шараларға арнайы қа­тысып, өзінің игі тілегін білдіріп, зор қолдау көрсеткен облыс әкімі Аман­дық Баталов «Жас­тар» мә­дени-де­малыс пар­кінде өткі­зілген мере­­келік жиында жеті­­сулық­тарды ел мерейін асырған мере­кемен құттықтады.

– Баршаңызды бай­тақ еліміздің басты ор­дасы, асқақ ай­быны, ұлт келбеті Ас­тана қаласының 20 жылдық мерекесі­мен шын жүректен құттық­таймын! Астана – Елба­сының төл перзенті, Қа­зақстанның жаңа дәуірінің батыл бастамасы! Бүгінгі Астана – Тәуелсіз Қазақстанның өз қолымен орнатқан ең бірінші Елордасы, татулықтың тұрағы, бейбітшіліктің бесігі, жасампаздықтың жар­қын үлгісі! Ұлты­мыздың ұлы арман­дарының ақи­қатқа айналған тарихи шежіресі. Бас қаланың көрке­йіп, сәулетіне сәулет қосуы – біз үшін үлкен мәртебе! Алматы облысы сый ретінде бас қалада «Жетісу» саябағын жаңғыртты. Осы та­нымдық сая­бақ­тың жаңа келбеті Елба­сымызға таныстырылып, оң бағасын берді, – деді, өңір басшысы өз құттықтауында.
Жағымды жаңа­лыққа қала жұртшы­лығы қуана қол соқты.
Одан кейін Аман­дық Баталов бірқа­тар азаматтарға «Аста­наның 20 жыл­ды­ғы» медальдері ме­н көп балалы отбасыларына, мүгедек жандарға, зейнеткерлерге пәтер кілттерін табыс етті. Шара соңы мерекелік концертке ұласты.

Ғ. БИШАЛОВ.
Талдықорған

Жауап қалдыру