Мемориалды кешен бой көтерді

0
97

1 қыркүйек күні Қарасай ауданында сәулеті қайталанбас ерекше «Батыр бабалар» мемориалды кешенінің ашылуы өтті. Бұл жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстық әкімдік пен өңір меценаттарының бірлесіп атқарған жұмысының жемісі. Осынау атаулы күнімен аудан тұрғындарын облыс әкімі арнайы барып құттықтады, – деп хабарлайды облыстық баспасөз қызметі.
Салтанатты шараның ашылуында ба­­тыр­лардың ерлігін паш ететін театрлан­дырылған көрініс қойылды. Содан кейін жиналғандар алдында облыс әкімі Амандық Баталов сөз сөйледі.
– Баршаңызды «Батыр бабалар» мемориалды кешенінің ашылуымен құттықтай­мын. Бұл біз үшін «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасын жүзеге асыру аясындағы маңызды жобалардың бірі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, ел тарихын, батыр бабаларымыздың есімін жадымызда ұстау ертеңіміз үшін өте маңызды. Бүгінгі ашылып отырған мемориалды кешеннің жетісулық өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудегі алар орны ерекше болатындығына сенім білдіремін – деп, сөзін аяқтаған Амандық Ғаббасұлы кешеннің салтанатты түрде лентасын қию рәсіміне қатысты.
Сонымен қатар кешеннің ашы­лу салтанатында меце­нат, генерал-майор А.Шпек­баев, Қа­ра­сай ауданы­ның Құр­метті азаматы С.Жылқыбаев пен Ушинский атын­дағы орта мектептің 8-сынып оқу­шысы Дархан Шафхатов өз құттық­тау­ларын жеткізді.
Белгілі болғанындай, мемориалды кешен экспозициялары бір үлкен залдан және үш тақырыптық бөліктен тұрады. Олар: «Сақ дәуірінен Алаш Орда үкіметінің құрылуына дейін», «Тәуелсіздікке жетуге елеулі үлес қос­қан атақты хандар мен билер», «Ер­лігімен туған жердің даңқын асқақтатқан батырлар», деп аталады.
Экспозицияда кескілескен ұрыстар мен ел тағдыры қыл үстінде тұрған алмағайып заманда өзінің ерлігімен талай жаудың бетін қайтарып, ұлан ғайыр атырапты ұрпағына сақтап қалған атақты хандар мен билер, батырлар мен ел тәуелсіздігіне үлесін қосқан адамдардың портреттері бейнеленген. Экспозицияның орталық тұсында батыр бабаларға тағзым көрсетуді әспеттейтін композиция бейнеленген.
Мемориалды кешеннің құрылысын «Дәу­лет Серпін 603» ЖШС мердігер құры­лыс мекемесі жүргізді. Нысанның орналас­қан жалпы жер аумағы – 1,04 га. Кешеннің айналасына декоративті шыршалар мен көшеттер отырғызылып, толықтай абаттандырылған. Музей ғимараты облыс меценаттарының қаржысына, ал ішкі экспозицияларының құрылысы Алматы облысы әкімдігінің тапсырысы бойынша салынды. Мемориалды кешенді күтіп-ұстауға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы жауапты.

Жауап қалдыру