Мемлекеттік қызмет — абыройлы міндет

0
187

Осыдан 20 жыл бұрын мемлекеттік қызмет саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты жүзеге асырушы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі құрылған болатын. Ал 1999 жылы «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң қабылданды. Аталған заң азаматтардың мемлекеттік қызметке қол жеткізу теңдігіне арналған конституциялық құқықтарын жүзеге асыруда шешуші рөл атқарады және Қазақстанның қазіргі заманғы мемлекеттік қызметтің берік іргетасын қалыптастырады. Аталған уақыт ішінде атқарылған жұмыс орасан зор. Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан бері аталған салада бірқатар жетістіктерге қол жеткізіп, жаңа кәсіби мемлекеттік аппарат құрылды.
Мемлекеттік қызметшілерге саяси реформалармен жүктелген міндеттерін кәсіби деңгейде орындап, еліміздің тәуелсіз, демократиялық егеменді мемлекетке айналуына өз үлестерін қосты.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» стратегиялық құжатында елімізде кәсіби мемлекеттік аппарат құру қажеттігін атап өтті. Аталған жұмысты жалғастыру үшін ең біріншіден барлық мемлекеттік органдарда қызмет істейтін мемлекеттік қызметшілердің білімі мен біліктілігін арттыру қажеттігі туралы талаптар басты назарда болды. Өйткені елеміздің өркендеуі, дамуы, мемлекеттік қызметшілердің отан сүйгіштігіне, білімі мен біліктілігіне байланысты. Сонымен қатар, үлкен жауапкершілікті де талап етеді. Себебі, мемлекеттің саясатын іске асыратын мемлекеттік қызметкер, ал мемлекеттік қыметтің мәртебесі мен беделі мемлекеттік қызметшілерге тікелей байланысты екені айдан анық.
Мемлекеттік қызметшілердің ең басты міндеті – халыққа адал қызмет ету. Әрбір мемлекеттік қызметші осы қағиданы еш уақытта ұмытпауы тиіс. Халыққа жақын болып, кез келген жағдайда «қара қылды қақ жаратын» әділ болулары қажет. Олар елдің мүддесін бірінші орынға қоятын, тез әрі дұрыс шешім қабылдай алуы міндетті. Себебі, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығы тікелей мемлекеттік қызметке байланысты. Нақты айтатын болсақ, ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болу – жауапты міндет. Өйткені, ол қай кезде де биліктің биік бейнесін, іскерлік қабілетін көрсетеді.
Егеменді еліміз ТМД аумағында алғашқылардың бірі болып мемлекеттік қызмет туралы заңнама қабылдап, қызметтік мансап жүйесін енгізді, әкімшілік және саяси мемлекеттік қызметшілердің кадрлық резервін құрды. Қазақстанда бұрынғы кеңестік елдер арасында алғаш рет мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеу енгізілуі, мемлекеттік лауазымдардың саяси және әкімшілік болып бөлініп, мемлекеттік қызметшілерді кәсібилендіру жөніндегі шаралар іске асырылды.
Осының арқасында 2000 жылдардың басында Дүниежүзілік банк Қазақстанды ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасында мемлекеттік қызмет саласындағы реформалардың көшбасшысы деп таныды.
Бүгінгі күні елімізде мемелкеттік қызмет толығымен жаңартылып, заман ағымына орай реформаланды.
Қандай да бір қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуында мемлекеттік қызметтің алатын орны ерекше. Қоғам мен мемлекетті түбегейлі қайта өзгертуге негіз қалайтын «100 нақты қадам» жоспарының «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» бөлігіне 15 қадамның енгізілуі мемлекеттік қызметтің маңыздылығын көрсетеді.
Мемлекеттік қызметшілер – билік пен қарапайым бұқара халықтың арасын жалғайтын алтын көпір. Елбасының: «Алда тұрған мемлекеттік қызмет жүйесін реформалау азаматтардың құқықтарын құрметтейтіндей және олардың заңды мүдделеріне қызмет ететіндей мөлдір де тиімді модельді қалыптастырады. Мемлекеттік қызмет меритократия қағидаты негізінде барлық азаматтарға өз қабілеттерін жүзеге асыру үшін бірдей мүмкіндіктер берілетін әділ қазақстандық қоғамның түп бейнесіне айналады» дегені аталмыш реформаның мемлекеттік қызметшілердің келешегі үшін жасалып отырған қадам екенін білдіреді. Елбасымыз атап өткендей, мемлекеттік аппаратта тамыр-таныстық жойылып, мемлекеттік қызметшілерде айқын мансаптық келешек қалыптастырылуы қажет.
Осы орайда Ұлт жоспарының 15-қадамын орындау үшін «Б» корпусының мемлекеттік қызметшілерін кешенді аттестациядан өткізуді тапсырған болатын. Бұл институттық реформаның логикалық жалғасы саналады. Өткен жылы оны жүзеге асыру аясында жаңа құқықтық жағдай қалыптастырылып, мемлекеттік қызмет туралы заңнама жаңғыртылды. Қазіргі аттестациялаудың бұған дейінгі аттестациядан айырмашылығы қызметкерлердің әлеуетін бағалау болып отыр.
Өткен жылы үш кезеңді қамтитын атестацияда мемлекеттік қызметкерлердің өздеріне жүктелген міндеттерді орындау дағдысы тексеріліп, құзыреттерін анықтау бойынша тестілеуден өтті. Аудан бойынша аудан әкімдігіне қарасты бөлімдер мен Боралдай кенті және ауылдық округ әкімі аппараттарынан бүгінгі күні 185 мемлекеттік қызметкер қызмет атқарады. Аттестациялау қорытындысы бойынша 15 мемлекеттік қызметкер лауазымын жоғарылатуға ұсынылды.
Қызметшілердің мемлекеттік қызметке жауапты және саналы қатынасын қалыптастырудың негізі болып табылатын атестациялау — олардың мемлекеттік функцияларды жүзеге асыру жағдайларына бейімделуіне көмек көрсету; кәсіби дайындау үдерістерін жеделдету; қызметшілердің өзіне жүктелген міндеттерін өз бетінше, сапалы және жауапты орындау қабілеттерін дамытудағы тәлімгерліктің негізгі міндеттері болып табылады.
Аудан көлемінде құрылған комиссия мүшелері әңгімелесу барысында өздерінің қызметтік лауазымына сәйкестігін анықтау мақсатында сұрақ жауап түрінде өткізілді. Яғни, қызметкер мен комиссия мүшелері өзара диалог жүргізді. Осы сөйлесу барысында қызметкердің Отанға, атқарып жүрген қызметіне деген көзқарасы, жауапкершілігі, оның халық алдында сөйлеу мәдениеті мен мемлекеттік қызмет атқарудағы жауапкершілігі жан-жақты толық анықталды. Соған сәйкес комиссия мүшелері осыған дейінгі әр маманның көрсеткен нәтижелерін ескере отырып, қорытынды шығарды.
Қазіргідей күрделі кезеңде мемлекет алдында тұрған өзекті шараларды жүзеге асыратын мемлекеттік қызметшілер екендігін ескерсек, бұл тұрғыда мемлекеттік қызметшілер басқаларға өзінің ісімен, білім-білігімен, тәжірибесімен ғана емес, әділдігімен, қарапайымдылығымен, сабырлығымен, отан сүйгіштігімен, қызметте қажыр-қайратымен және кез-келген ортада үлгі болуы керек.
Соңғы кезде мемлекеттік органдардың кадр қызметтерінің персоналды дамыту жөніндегі жұмысты жетілдіру бойынша рөлін күшейтуге бағытталған белсенді шаралар қабылдануда, соның ішінде ең алдымен қызметкердің мансапты жоспарлау үдерістерін ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлініп отыр.
Кадр саясатындағы өзекті мәселенің бірі – біліктілік пен тұрақтылық. Бүгінгі күннің маңызды мәселелерінің бірі Мемлекеттік қызметшілердің имиджін көтеру және халық арасында мемлекеттік қызметшіге деген оң көзқарасты қалыптастыру болып отыр. Бұл мәселеге байланысты, азаматтарды мемлекеттік қызметке қабылдау конкурстарында, әсіресе әңгімелесу кезінде ситуациялық сұрақтардың қойылуына ерекше көңіл бөлініп келеді. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметкерлерді тұрақты түрде оқыту, олардың біліктілігін көтеруге баса назар аудырылуда.
Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс барысындағы басты құралы болып табылатын жаңа Әдеп жөніндегі кодексі, бұл — жауапкершілік жүгін арттыратын, талаптар ауқымын белгілейтін маңызды құжат. Ол мемлекеттік қызметшілердің моральдық-этикалық келбетін ғана емес, сондай-ақ олардың өзін-өзі ұстау мәнерінің базалық стандарттарын бекітеді. Мемлекеттік қызметшілер өздерінің күнделікті жұмысында қарапайымдылық, әділдік, адалдық, сатылмаушылық сияқты принциптерді ұстану керектігі басты орында тұрады.
Мемлекеттік қызметшілердің әдептілігі мен сыбайлас жемқорлықтың бетін қайтаруы бірін-бірі толықтыратын фактор болып табылады. Сондықтан мемлекеттік органдардың осы бағытта жүйелі түрде жұмыс істеуі бүгінгі күннің талабы болмақ. Әдеп жөніндегі кеңестің негізгі міндеті — мемлекеттік қызметшілер тарапынан орын алатын құқықбұзушылықтардың алдын алу.
Ең негізгісі, мемлекеттік қызметшілер халықтың сенімін ақтап, Отанға қызмет етуі керек. Сонда ғана біз дамыған отыз елдің қатарына енеміз. Мемлекеттік қызметкерлердің көтеретін жүгі ауыр.
Соған қарамастан олар күндіз-түні елге адал қызмет етіп келеді. Мемлекеттік қызметші болу зор жауапкершілікті, абыройлы міндетті жүктейтіні сырт қараған адамға байқала бермейтіні рас. Оған лайық болуың үшін сенің бойыңда кәсіби біліктілігіңнен бөлек адами құндылығың да жоғары болуы тиіс.
Мемлекеттік қызмет қашанда мінсіз болуы тиіс. Себебі, елдің ертеңі соларға байланысты. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі таңда мемлекеттік қызмет билік пен қарапайым халық арасын жалғайтын алтын көпірге айналды.
Бүгінде мемлекеттік саладағы мамандардың білім-біліктілігінен бұрын, адамгершілік асыл қасиет пен ананың сүтімен келетін тәлім-тәрбиені де талап ететініміз анық.
Даму кезеңімізде мемлекеттік қызметті жетілдіруге бағытталған реформалар жүргізіліп, уақыттың көші жылжыған сайын мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптарда барынша күшейтіліп келеді. Нәтижесінде бұл мемлекеттік қызметтің сапасының артуына мүмкіндік береді.
Жалпы мемлекеттік қызмет жауапты міндеттер жүктейтін, абыройлы лауазым болып табылады. Бүгінде әрбір арнайы-орта және жоғары білімі бар жас мамандарға мемлекеттік қызметке келу үшін оңай жағдай жасалған. Бұл қызмет түрі үміткерден небәрі жеткілікті білімді, құқықтық сауаттылықты, өнегелі тәртіпті, адалдық пен ар-намыс тазалығын талап етеді.
Жоғары кәсіби мемлекеттік қызметті және тиімді басқару құрылымын құру ісінде міндеттерді іске асыру көбіне мемлекеттік қызметшінің кәсібилігіне байланысты. Сонымен қатар, маңызды функционалдық және мәртебелік маңызы бар мемлекеттік қызмет имиджі халықтың мемлекеттік аппаратқа сенімі деңгейінің көрсеткіші және қоғамның басқару қызметінің тиімділігін бағалау өлшемі болып табылады.
Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметшілерге, олардың басқару үдерісіне қосқан үлесінің нәтижелілігі бойынша еңбекке ақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу мәселесі көтерілуде.
Олардың қызметтері мен экономикада қол жеткізген табыстарының әр жылдағы нәтижелері бойынша саяси қызметшілер үшін бонустар және әкімшілік қызметшілер үшін сыйақылар төлеуді қарастыру қажет деген ұсыныстарда алға тартылды.
Мемлекеттік қызметші билік пен өз өкілеттіктерін қолдана білуі және адал болуы, ол өз қамы үшін емес, мемлекет игілігіне жұмыс істеуі, мемлекет қаржысын өз қалтасымен шатастырмауы керек. Заң талаптарымен толық сәйкестікте өмір сүріп, кез келген орында, кез келген лауазымда қандай жағдай болса да халықтың, өз елі азаматтарының сенімін жоғалтпай, әділдіктің, қарапайымдылықтың үлгісі болып, адамдар арасында өзін ұстауға тәрбиелеу керек.
«Біз өзіміздің халықтың қызметшісі екенімізді ұмытпайық. Мансапқорлық көрсетпей, халыққа жақын, әр істе әділ болып, әрбір адамның мұң-мұқтажын қолдан келгенше түсініп, оны дәл сол кезде орындай алмасаң да түсіндіріп, дұрыс жауап беріп, шығарып салу – біздің парызымыз. Сонда әкімшілік те, мемлекеттік қызметкерлер де халыққа жақын болады»- деген Елбасының сөздері әрбір мемлекеттік қызметші үшін басты қағидаға айналуы тиіс деп білемін.
Бірнеше жыл бұрын мерекелік күнтізбенің қатарына 23 маусым – Қазақстан Республикасында «Мемлекеттік қызметшілер күні» болып бекітілген болатын. Биылғы жылы мемлекеттік қызмет органдарының құрылғанына 20 жыл толып отыр. Осы орайда мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерейлі мерекелері қарсаңында аудан облыс көлемінде түрлі шаралар өткізілуде. Күні кеше ғана Іле ауданының мемлекеттік қызметшілері 1 мамыр мерекесі қарсаңында велошеру ұйымдастырды. Сонымен қатар жаңадан ашылған Өтеген батыр саябағында аудан мемлекеттік қызметішлері «Өзгерістерді өзіңнен баста» акциясын қолдап, ағаш көшеттерін отырғызды. Іле ауданының мемлекеттік қызметкерлері ауданда өтетін спорттық шараларға, мемелкеттік қызметшілер спартакиадаларына тұрақты түрде қатысып тұрады.
Мерекенің басты мақсаты – мемлекеттік орындарда қызмет істейтін азаматтардыдың жұмысқа деген ынта-жігерді арттыру, жылдар бойы сіңірген еңбегін назардан тыс қалдырмай, марапаттау, елге талмай еңбек етіп жатқан азаматтарымыздың шығармашылығына шабыт беру, халық пен билік арасындағы байланысты нығайта түсу болып табылады.

Әсем НҰРАХМЕТОВА,
Іле ауданы әкімі аппаратының
персоналды басқару қызметі
бөлімінің басшысы.

Алматы облысы
Іле ауданы
Өтеген батыр ауылы

Жауап қалдыру