Мектеп директорында мораль болмай ма?

0
190

Жас өскіншектің тәлім-тәр­биесі жанұясынан, қоршаған орта­сынан басталғанымен, оны ұш­тау, өресіне жеткізу-жетілдіру мектепте жалғасын табады. Қазақта «Ұяда не көрсең – ұшқанда соны ілесің» деген нақыл сөз бекер айтылмаған, мектеп – өнеге, тәрбие, білім, мәдениет орталығы болып қала бермек.
Н. Назарбаев бір сөзінде: «Елі­міз­ге бойына ата-баба­ларымыздың ел мен жерге деген сүйіспеншілік қасиеті дарыған, егеменді елімізге аянбай қызмет ететін, ой-өрісі кең, алғыр да жүректі, сауатты да саламатты азаматтар қажет», – деген еді.
Ал Қостанай қаласының №5 орта мектебінде директор болып істейтін Бақытжан Қаб­дықапарқызы Исетованың өзі­нің қарамағындағы мұғалімге іс­теп отырған зорлық-зомбылығы Елбасының жаңағы атап өткен на­қыл-өсиеттеріне тіпті де қа­рама-қайшы болып отыр.
2015 жылы Қостанай мемлекеттік педагогикалық инсти­ту­тын қызыл дипломға үздік бі­тір­ген Әмірова Ұлпан Жұма­ғалиқызы Қостанай қаласының №5 мектепке химия пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Бір айдай істемей жатып бойы талдырмаш келген, денесі жұқалтаң Ұлпанның жүкті екенін білген соң «Өз еркіңмен арыз жазып, жұмыстан шық, менің саған декретный төлейтін басы артық қаражатым жоқ!» деген жекіруін жаттап алғандай күнде қайталап, Ұлпанның жүйкесін күйретіп, жұқартқаны аздай, мектептің директоры жиыр­ма бір жастағы өрімдей жас келіншекті кабинетіне қа­мап: «Жұмыстан шығу туралы арыз жазбасаң, осы жерден шық­пайсың!» – деп, зіркілдеп, кабинеттің есігін құлыптап ке­тіп қалады. Біраз уақыт өткізіп қай­тып келген мектеп директо­ры Бақытжан Исетова жүкті келін­шекті қинауын одан әрі жалғайды. Ақыры өз дегеніне жетіп, кабинетінің еденінде дома­лап, ішін басып, қиналып жат­қан Ұлпанның қолына қа­лам мен қағаз беріп дегеніне жетіп, «Жұмыстан өз еркіммен босатыңыз» деген көптен күтіп жүрген арызын қолына түсіріп, жеңісінің қуанышында шек болмайды.
Жүкті болғанына 5-6 ай шамасы болып қалған Ұлпан қатты қорқудың салдарынан ішіндегі нәрестесіне түсік тастауға дейін шақ қалып, ұялы телефоны арқылы күйеуіне хабарлаған екен, әйтеуір «Жедел жәрдем» уақытында жетіп, жүкті келіншекті ауруханаға жатқызады. Қа­зіргі уақытта құрсағындағы нәрес­тесіне зиян тигендіктен түсік тастау қаупі төнген Ұлпан Қос­танай қалалық ауруханасында сақтауда жатыр. Ал оның туыс-тумалары әділдік іздеп Қос­танай ІІМ басқармасына барса, «бұл жерде қылмыстық бап жоқ, басқа жерге барып шағымданыңыздар» деп азар да безер болса, «Нұр Отан» партиясы амалдары болмай, қолдарын жаяды екен екі жаққа. Лажы құрып, басқа амалдары қалмаған жаңағы жүкті келіншектің туыстары Қостанай қалалық оқу бөлімінің бастығы В.А. Цымбалюкке барса: «Мектеп директоры қарамағындағы мұғалімдеріне не істесе де өз еркі» – деп, масқараның бір шетін шығарыпты. Ал енді әлгі «қарамағындағы мұғалімдерге не істесе де өз еркіндегі» №5 мектептің директоры Астанада дөкей «крышасы» бар екендігін де еске салып қойыпты…
«Қазақстан – Қостанай» телеарнасы ауруханада емделіп жатқан жүкті мұғалім Ұлпанды бейнетаспаға түсіріп кеткен екен, онысын осы уақытқа дейін «аялап», көрсетуге қимай отырса керек. Ал алдында ғана «осы жағдаятты түсіреміз, телеарнадан көрсетеміз» деп батырсынып жауап берген КТК арнасына да «тұмау» тисе керек, «ауыз­дарын ақ дәкемен тұмшалап отыр» дейді жас мұғалімнің туыстары…

Қуаныш МҰҚТАЙ

Жауап қалдыру