Мәдениет – мықты мемлекет құрудың негізі

0
65

XXI ғасыр – адамзат баласы тарихындағы ең жарқын әрі ең күрделі де қиын кезең. Орын алып жатқан әр салалы оқиғалар, факторлар және іс-әрекеттер қоғамды сантүрлі өзгерістер мен жаңашылдық сипатқа итермелеуде. Мәдениет – адамзаттың өзі үшін қалыптастырған ең үлкен өмірлік саланың бірегейі.

Жасырары жоқ, бүгінгі таңда әртүрлі қоғамдық, діни, мәдени-әлеуметтік және этносаралық әртүрлі кикілжіңдер орын алуда. Дәл осы кезде халықты әрі мемлекетті аталмыш орынды-орынсыз текетірестерден сақтандыру және алдын-алу мақсатында мәдениеттің орны ерекше. Дәлірек айтқанда, нақ Қазақстан мемлекетінің жарқын болашағы үшін бұл өте маңызды. Қазақстан – көп этносты мемлекет. Осы арада, барлығына ортақ идеологияның озық формалары қажет. Мәселен, Отанға деген ұлтжандылық тәрбиені жолға қою. Оның негізінде, қазақ ұлты доминатты, жергілікті ұлт болғандықтан тіл, мәдениет, тарих сынды мемлекет үшін маңызды салаларды дамыту. Сондай-ақ білім жолын жақсарту мақсатында яғни ұлтжандылық тәрбиені бастаушы ретінде мектептерден бастап Отанның болашағына деген жанашырлық сезімді оятып, нығайтатын пәндер енгізу, тегін қазақ тілі курстарын енгізу, тарихи тағылым мәселелерін дамыту сынды ұсыныстар бар. Кез келген мемлекеттің дамуы мен өркендеуі үшін – ішкі тұрақтылық маңызды. Мемлекет ішінде интеграциялық шаралар ұйымдастыру өте маңызды. Өнер саласында нақ өнер иелерін ғана халыққа шығарып, мәдени идеологияны реттеу, жас ұрпақ санасына ұлттық-патриоттылық тәрбиені енгізу мәселелері жатыр.

Мемлекеттің болашағы үшін маңызды мәселелерді, аналитикалық әрі футуристік көзқарастар мен теорияларды қарастырып, талдап, практикалық тұрғыда жүзеге асыру – мәдениеттанушының мақсаты. Әрине, бүгінгі таңда елімізде аталмыш ойлар аясында түрлі прогрестік әрекеттер жасалуда әрі жасала беретініне сенімдіміз. Біздің мақсат еліміздің имидждік әлеуетін жақсарту барысында игілікті істер атқару. Елімізде өткен Универсиада – 2017, ЭКСПО – 2017 аталмыш бағытта үлкен маңызға ие. Қазіргі әлемдегі күрделі жағдайды есепке ала отырып, бұндай шаралар жалпы бейбітшілік, интеграция жолында аса қажет. Себебі Қазақстан – келісім мен бейбітшілік мекені, осы орайда мемлекетіміздің саяси беделге мүмкіндігі жоғары, аймақтағы ықпалын бекітуге тиімді. Әрине, ол өте күрделі әрі шығынға толы жобалар, бірақ сол арқылы өз мақсатымызға жете аламыз, бір сөзбен «бір беріп, екі жеу». Дәл осындай шаралар барысында өзіндік қанымызға сіңген қонақжайлылық пен тарихи тамырымызды баян ету – негізігі міндет. Ұлттық мәдениетімізді көрсете білу, оның өзіндік жоғары бағасын беру өте маңызды. Өз кезегімізде біз де осы мақсатта жұмыс атқаруымызға тиістіміз деп санаймыз.

Мәдениет феноменін түсіндіру аса күрделі тіпті онсыз қоғамды қоғам, адамды адам деп санау орынсыз, адамды адам еткен – еңбек десек, қоғамды қоғам, мемлекетті мемлекет еткен – мәдениет. Осындай күрделі де сол уақытта қызық мамандықтың қыр-сырын танып білу – қызық екені жасырын емес.

                                                                                                Әлия ӨМІРБЕКОВА,                                                                                     Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ                                                               Философия және саясаттану факультеті                                             Дінтану және мәдениеттану кафедрасының доценті

 

Жауап қалдыру