«Ұлы жебе» мемориалдық кешені ашылды

0
31

Қазақ халқы қалыптасу кезеңінде небір зұлмат замандарды басынан өткерді. Халыққа әсіресе «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деген аттармен тарихта қалған жоңғар шапқыншылығы ауыр тиді. Дегенмен, қазақ халқы өзінің азаттығы мен бостандығы үшін талай кескілескен шайқастарда жеңіске жетті. Жоңғар шапқыншылығына қарсы ұйымдастырылған ұрыстардың ішінде Орбұлақ шайқасын ерекше сезіммен еске аламыз. Орбұлақтағы жеңіс – сырттан төнген қауіп-қатерді сейілткен үлкен оқиға. Елдігімізді танытатын осындай тарихи оқиғаны мәңгі есте қалдыру үшін 1993 жылы 3 шілдеде Панфилов ауданына қарасты «Белжайлау» жазығында ұлы жеңістің 350 жылдығына арналған той өткізілген болатын. Онда кескілескен шайқас болған тарихи жерге белгітас орнатылған еді. Енді міне, өткен сенбі күні Жаркент қаласында Тұңғыш Президент күніне орай және Орбұлақ шайқасының 375 жылдығына байланысты «Ұлы жебе» мемориалдық кешені ашылды.
Салтанатты шараға облыс әкімі Амандық Баталов, Парламент Мәжілісінің депутаты, қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов, бірқатар зиялы қауым өкілдері, тарихшы ғалымдар, қаламгерлер, аудан жұртшылығы мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкіл­дері қатысты.
Жиналған көпшілікке құт­тықтау сөз арнаған облыс әкімі А. Баталов:
– Орбұлақ шайқасы – қазақ халқының азаттық жолындағы тарихи оқиғаларының бірі. Елбасымыз «Орбұлақ пен Аңырақайдағы тарихи маңыз­ды жеңістер азаттықтың ақ туы астында желбіреді», – деп, тарих толқынындағы ерлікке толы ұлы оқиғаларды дәріптеуге ерекше мән берген болатын. Мемлекет басшы­сының жақында жарық көрген «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы да біздің ұлттық тарихымызға терең үңілуге, халқымыздың өткеніне, бүгіні мен болашағына зор құрметпен қарауға үндейді, – дей келіп, Орбұлақ тарихы – сол Ұлы Дала тарихының бір парағы, – деп атап өтті. 1993 жылдан бергі Орбұлақ шайқасының зерттелуі мен оны насихаттауға арналған шаралардың бір парасына тоқтала келе, қазіргі ашылып отырған мемориалдық кешен сол іргелі істердің жемісі екенін атап өтті.
Осындай заман талабына сай мазмұн-мәні жағынан тарихи орны бар көрікті ескерткіштің өмірге келуіне үлес қосқан кешен авторларына – Ғазиз Ешкеновке, Айдар Жамханға, Айдын Жайлаубаевқа көпшіліктің атынан алғыс айта отырып, Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын табыстады.
Мұнан соң Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бексұлтан Нұржекеев, жастар атынан Ернар Ерғали сөз алып, тарихи оқиғаның маңызы, оның бүгінгі күнге берер тәлім-тәрбиесі туралы сөз қозғады.
Мемориалды кешеннің шы­мыл­дығы ашылып, шашу шашылды, жиын ән-жыр­мен өрнектелді. Орбұлақ шайқа­сының 375 жылдығына арнал­ған шара аудандық Мәдениет үйінде ғылыми-прак­тикалық конференциямен жалғасты.
Онда Талас Омарбеков, Берекет Кәрібаев, Нәбижан Мұ­ха­метханұлы сынды тарих­шы-ғалымдар баяндама жа­сап, шайқастағы әскери әдіс-тәсілдер, оған қатысқан батыр­лар туралы тарихи дерек­терді молынан сөйлетті.
Жалпы, «Ұлы жебе» мемо­риалдық кешені негізінен ақ мәрмәр мен граниттен дайындалды. Жобаның құны 278,6 млн теңгені құрайды. Кешен құрылысын жүргізген мердігер ұйым – «Kagan Engineering» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Мемориалдық кешеннің суретшілері – Ғазиз Ешкенов пен Айдар Жамхан, мүсінші архитекторы – Айдын Жайлаубаев. Мемориалдық кешенді тұлпарлы батырлар бейнеленген барельеф пен жоғарыға тік шаншылған жебе мен қалқан құрап тұр.
Орбұлақ шайқасы – қазақ халқының Жоңғар шапқын­шылығына қарсы азаттық соғысындағы алғашқы бет­бұрысты оқиға. Бұл соғыс 1643 жылдың жазында қазақ қолын басқарған Жәңгір сұлтан мен жоңғар қолын басқарған Батыр қонтайшы арасында өткен. Жәңгір жоңғарлардың жолын кесу үшін білтелі мылтықпен қаруланған 600 сарбазбен қарсы аттанады. Әлемдік соғыс өнерінің жылнамасына енуге лайық Орбұлақ шайқасында осы 600 қазақ сарбазы 50 мың жоңғар қолын тас-талқан етіп жеңеді. 600 адамның 50 мың адамды жеңуі бізге аңыз секілді көрінгенмен, шындық солай.
– Біздің бабалар жасаған ерлік 300 спартандықтың ерлі­гі­нен де асып түседі, аны­ғында. Ең өкініштісі, осы 300 спартандықты көріп өскен біздің қазақтың жастары Орбұ­лақ шайқасындағы ерліктен хабары жоқ. Шындап келген кезде, жауға шапқан адам саны емес, Спартадан шыққандардың саны 300 болды. Сол заманда гректер кішігірім полюстерге бөлінді. Солардың әрбірінен жиналған әскер санын қосқанда 5 мыңға дейін барған. Ал біздің Жәңгір хан шынымен де небәрі 600 әскерімен жауға қарсы тұрды, – дейді жас тарихшы Азат Бақытұлы.
Иә, қалай айтсақ та, төл тарихымыздың бір парағы түгенделген сияқты.
Біздің бала кезімізде атақ­ты «Бел» жайлауының батыс жағындағы «Үш судың құй­ғаны» шұңқырының сол­түстік қарсысында батыс жағынан ат керлеп жүре алмайтын тік беткейдің үстіне ұзына бойы ор қазылғанын байқаушы едік. Оны білуге құмарланып үлкендерден сұрағанымызда:
– Бұл жерде үлкен соғыс болған. Сонда бабаларымыз ұлы жеңіске жеткен, – деп, әңгіме өрбітетін.
– Менің бүгінгі күні еліміздің тарихында негізгі орын алып отырған «Орбұлақ шайқасын» зерттеуіме түрткі болған жазушы Балғабек Қыдырбекұлы ағамыздың кітабындағы деректер еді. Онда қазақтардың Жоңғар шапқыншылығына қарсы ұйымдастырған шай­қасы туралы айтылған. Бұл соғыс – қазақ халқының Жоңғар шапқыншылығына қарсы ұзаққа созылған азат­тық соғысының бір үзігі. Сонымен бірге, бұл маңызды оқиғаның 1643 жылдың жазында Жәңгір сұлтан басқарған 600 қазақ жауынгері мен 50 мың жоңғар қолын басқарған Эрдэни Батыр қонтайшы арасындағы шайқас екендігі, – деді «Құрмет», «Парасат» ордендерінің, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік, халықаралық «Алаш» сыйлық­тарының иегері, жазушы-тарихшы, Алматы облы­сының құрметті азаматы Бексұлтан Нұржекеев Талдықорған қа­ла­сында өткен Орбұлақ шай­қасына байланысты өткізілген брифингте.
Міне, қазақтың халық болып қалыптасуында шешуші рөл атқарған сол тарихи оқиғаның терең мазмұны мен тәрбиелік мәні айқындалып, өскелең ұрпақты отансүйгіштік қасиеттерге баулуға, олардың ерік-жігерін, күш-қайратын елдің өркендеп дамуына жұмсауға негіз болатын құн­ды дүние өмірге келді. Бұл – ұлттық тарихымыздың ұмы­тылмас оқиғасының естен кет­пес, көңілден өшпес мол мұ­расы.

Ғ. БИШАЛОВ.
Алматы облысы
Панфилов ауданы

Жауап қалдыру