Ұлы даланың алтын діңгегі

0
421

Тәуелсіздіктің таңсәрісі тұсында Елбасымыз қаламгер қауыммен, әсіресе ақпарат құралдарының басшыларымен жиі жүздесіп, өзін толғантып жүрген ұрымтал мәселелерді ортаға салып, ой бөлісіп, ақылдасып отыратын. Сондай бір келелі кездесу, байыпты басқосу 1992 жылдың аяғына таман желтоқсан айында өткен еді. Онда мен Қазақстан парламентінің тұңғыш тілі мен үні болған «Халық кеңесі» газетінің бас редакторы болатынмын. Кездесуге «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Әбіш Кекілбаев, Қазақ теле-радио комитетінің төрағасы Шерхан Мұртаза, ҚазТАГ-тың директоры Амангелді Ахметәлімов, «Жас Алаштың» жетекшісі Уәлихан Қалижанов, оның орыс тіліндегі әріптесі және «Каз.правдаға» қол қойып жүрген В.Срыбных пен «Советы Казахстана»-ның бастығы Ю.Тараков, – барлығы сегіз баспасөз құралының бірінші басшылары қатысты.

– Түн ұйқыны төрт бөлгізіп мені көптен толғантып жүрген бір мәселе бар, жігіттер! – деп келелі кеңесті ел президентінің өзі бастады. – Егемендігін енді алған еліміздің жарқын ертеңіне жасар қадамын тың топырақтан, жаңа орталықтан бастасақ деймін. Ол үшін астананы Алматыдан көшіру керек. Сонда астанаға қай жер қолайлы? Елдің ең орталығы қай тұс? Менің ойыма, алғаш оралғаны өзім жалындаған жас ғұмырымның табаны күректей жиырма жылын берген, әрине, Қарағанды. Бірақ оның асты алтынға бергісіз сықасып жатқан аса бағалы көмір. Қала тұрған жердің жартысына жуығының кені алынған, газы шығып жатады. Ал астананың ауасы таза болуы керек. Жұлығын сипап өзен ағып жатса және жақсы. Көлік қатынасы мен жол тораптары да ескерілуі тиіс. Осы өлшемдер тұрғысынан келгенде, жаңа астанаға қолайлы қала Ақмола ма деп ойлаймын. Баяғыда Хрущев оны тың өңірдің орталығы деп белгілеп, астананы соған көшіріп, өз есімімен ататпақ болғанын білесіздер. Қанша жерден әпербақан болса да, өз есебін білген ғой, сабаз!?, – деп жымиып күліп алды да, жіті көзімен баршамызды бір шолып өтті:
– Ал, бұл ұсынысқа қалай қарайсыздар? Кімде қандай пікір бар? – деді.
Төтеннен көтірілген мұндай мәселені күтпеген басымыз әуелі аң-таң болып бір-бірімізге қарап үндеспей қалдық. Суырылып шығып ойын ортаға салар ешкім байқалмайды, бәрі аузына су толтырып алғандай тым-тырыс. Сосын неде болса нар тәуекел деп орнымнан мен тұрдым.
– Нұреке, көтеріп отырған мәселеңіздің көкей­тес­ті­лі­гін­де дау жоқ, айтқан ұсы­­нысыңыз да көңілге қонады, – деп бастадым. – Алматының экологиялық жағ­дайы тұрғындарын одан әрі көбейтуді көтермейді. Оның үстіне өзі елдің шетінде, желдің өтінде дегендей, шекараға тиіп тұр. Тау арқылы төтелеп барса Қытайың сексен-ақ шақы­рым. Ал орда елдің дәл ортасында болғаны абзал. Ақмола сондай, ұлы дала­мыздың талөкпесінде тұрған қала. Республиканың батысына да, шығысына да, түс­тігіне де, терістігіне де бірдей қашықтықта. Әрі тоғыз жолдың торабы. Өткен ғасырдың басында азаттық деп ұран салып, алаш туын көтерген арыстарымыз ақыл­дан кенде болмаған ғой. Өз партиясының бағдар­ламасын белгілеген арыс ағаларымыз Алаш республикасының ас­танасы Ақмола болуы керек, қазақтың тұңғыш университеті сонда ашылуға тиіс деп түюі тіпті де тегін емес. Қырқыншы жылдардың орта шенінде ұлы ғалымымыз Қаныш Сәтбаевтың астанаға лайық жер – Ақмола деп жазғаны бар. Ақмола астана болса, жан-жақтан қандас­тарымыз ағылып кеп қазір екі жүз мыңнан сәл ғана асатын тұрғындарының жүзден жиырмасын ғана құрайтын қазақтардың ара салмағы күрт артар еді. Ал бұл елдің қауіпсіздігі үшін де, келешегі үшін де аса қажет. Сонда Қазақстанның солтүстік облыстары орыстікі деп есіріп жүрген айғайкөктердің аузына құм құйылар еді-ау. Бірақ мені су мәселесі ойландырады. Бұрынырақта Целиноград атанып, тың өлкесінің орталығы болған тұста жұрттың ауызсудан зәру тосқаны әлі есте.
– Ә, ауызсу мәселесін ше­шуге әбден болады. Ғалым­дар қашаннан бері бар деп дәлелдеп келе жатқан жерасты теңізі осы далада, тек көзін ашу керек. Қалай болғанмен, кешіктірмей бұл мәселені сессияға қойып, депутаттардың ой таразысына тартамын, – деді Елбасы.
– Нұреке, осы мәселені бұл шақырылымда көтермей-ақ, Жоғары Кеңестің келесі сайлауына қалдырсақ қайтеді? – деп қалды Әбіш орнынан қозғалақтап. Басқаларда үн жоқ, құлаққа ұрған танадай.
– Иә, иә, не ойлап отырғандарыңызды білемін, – деп президент күліп жіберді – Алматыны қимайсыздар, әрине. Келер сайлауға дейін зейнет жасына жетіп, жылы орында қала береміз дейсіңдер ғой.
Сессияға салғанымен пре­зи­денттің сындарлы ұсы­нысы халық қалау­лылары тарапынан қолдау тапқан жоқ. Жекеменшік желеуімен жөнсіз жекешелендіріліп, ортақ бай­лық талапайға түсіп, экономика тұралай бастағанда астананы ауыстыру алғаш жұртқа оғаш болып көрінгені де анық. Оның үстіне мың өліп, мың тірілген қазақтың талай түндік көтеріп, талай шаңырағы шайқалған ежелгі елінің қайта жаңғырған мемлекеттігін тың топырақта түлетіп, жаңа жерде іргесін беркіту жөніндегі Елбасының тереңнен толғаған пікірі халқымыздың төл дәстүрімен, игі ырымымен үйлескен ізгі идея екенін екінің бірі түсіне де қоймаған-ды. Алайда мемлекет басшысы алған бетінен, айтқан пікірінен қайтпады.
Ақыры ойшыл Әбіштің айтқаны келіп, жаңадан сайланған Жоғарғы Кеңестің алғашқы мәжілісінде мәселе қайта қаралып, еліміздің бас қаласын Алатау баурайынан Арқа аясына көшіру жөнінде 1994 жылдың 6 шілдеде парламенттің шешімі шықты. Жоғарғы Кеңестің төрағасы Ә.Кекілбаев бастаған депутаттар: «Жарайды, бұл сіздің туған күніңізге тартуымыз болсын, ал іс жүзіне қашан асарын уақыт көрсетер» десті. Кейбіреулер ойлағандай бұл шаруа қырық–елу жылға созылған жоқ, үш жылдан асар-аспаста, әлгі екі ойлы болып, әрең дауыс берген депутаттардың өзі бастап, пойызға сықаса тиеліп ұлы көш боп Ақмолаға аттанды.
…Бірі бастауын Қарқаралы мен Қызыларай тауларынан, бірі ұлан даланың Ұлытауы мен Ниязынан алатын қазақтың екі алып өзені Нұра мен Есіл теріскейді бетке алып таласа ағып, тақаса беріп Сарыарқаның кеуде тұсындағы ежелгі қыпшақ қаласы Бозоққа жақындағанда, біріншісі кілт бұрылып кері тартып, Қорғалжын қопасын басып, Теңізге құяды да, екіншісі екпіндеген бойымен ілгері өрлеп, Ертіс арқылы Обқа ұласып, Мұзды мұхитқа жөнейді. Дәл осы екі дарияның екі айырылар тұсында көмекей әулие Бұқар жырау «Нұрада бар – Ақмола, Есілде бар – Қараөткел, осы екі өткелдің аузынан тас қорғанды салды, ойла» деп Абылай ханды орыс патшалығының зымиян саясатынан сақтандыратын қаланың іргесі бұдан үш ғасыр бұрын қаланған еді. Оның аты да қос өткелдің атауындай бірде Қараөткел, бірде Ақмола, тіпті Целиноград боп та бұрмаланып орнықпай қойып еді, әйтеуір әлгі ұлы көш келіп, егемен елдің жаңа ордасы көк туын көтерген соң Астана болып тұрақтады.
Ұлы жырау айтқан тас қорған орыстардың қазақ елі мен жерін отарлау үшін орнатқан бастапқы бекем бекінісі болса, оның орнынан бой көтерген айбарлы Астана отаршылдыққа ақтық нүкте қойған тәуелсіз елдің алтын тұғыры болды. Осы арада оның орысқа да, қазаққа да, ағылшынға да жылы естіліп, жатық жазылатын Астана деген атын өзі қойып, алғашқы тасын өзі қалаған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев екенін атап айтпасқа болмайды. Сондықтан да жұрт оны Астананың авторы әрі сәулетшісі атайды.
Бүгінгі алты алаштың айбыны мен айдынына айналып, атақ-даңқы жер жаһанға жайылып, аз жылдардың ішінде халқы бес есе көбейіп, миллионнан асқан айнұрлы, аялы Астана Елбасымыздың көрегендігі мен кемең­герлігінің, батылдығы мен батырлығының жемісі екеніне ешкім де дау айта қоймас. Тәуелсіздік тұғырын беркітуде Елбасының тілеуқор серіктерінің бірі болған белгілі қоғам қайраткері академик Сұлтан Сартаев ол туралы таяуда жақсы айтты: «Астана Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүрегіне сыйған тұтас әлемді өз елі мен халқына деген шексіз сүйіспеншілігінің белгісіндей етіп, қасиетті қазақ жеріне, киелі кең даласына қондырып орнықтыра білген ғажап бір ғалам, – дейді даңғайыр ғалым. – Әр нәрсенің өз қиындықтары болады. Рас, қазақ елінің жасампаздығын паш еткен ұлы көш оңай болған жоқ. Тұтас ел болып жүзеге асырған осынау ұлы істі бейбіт күндегі ерлік деп бағалаған абзал».
Әрбір елдің астанасы өз ұлтының айнасы, өз жұртының айбары ғой. Өрке­ниетті елі, өрісті жері, өсіп-өнген халқы бар қазіргі Қазақстанның жарқын да жайсаң жаңа астанасы өз жұртының жігерін жанып, намысын қайрап, рухын өсіріп, еңсесін көтеріп, шырқау биіктерге, асқар асуларға ұмтылтты.
Соның арқасында оның өзі де баяғының ертегі батырларындай жыл санап емес, сағат санап, сәт санап өсіп, қамшының сабындай қас қағым уақытта шалқи өсіп, толқи ұлғайып, аз жылда-ақ әлемдегі алып шаһарлардың біріне айналды. Ай сайын емес, апта сайын келсең де, күмбездері күнмен тілдескен таңғажайып ғимараттарға тап келесің және бәрі де «Бәйтерек» бастаған бір-біріне ұқсамайтын, басқа жерде кездесе бермейтін сәулет өнерінің бірегей туындылары. Тұрағына қарай тұрмысы, мекеніне қарай мәдениеті емес пе, соларға сәйкес елорда тұрғындарының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, мінез-құлқы да тез өзгеріп, түлеп салған сыңайлы. Елорда қазір Қазақстанның саяси-әкімшілік орталығы ғана емес, өнер-білім ұясы, рухани, мәдени мектебі, айдай әлем санасатын мәмілегерлік мекені. Сайып келгенде, Сарыарқаның самал таулы сайын даласында, есіліп аққан ерке Есілдің жағасында бой түзеген арман қала Астананы күллі қазақ жұртының үкілеген үміті, асқақтаған арманы десек, әсте де артық болмас.
Асылы, Астана Елба­сы­мыздың тәуелсіздік тұғырын биіктетіп, мемлекеттік тамырын тереңдетудегі батыл қадамы, қажымас қарекеті. Осы игі іс-әрекет ұлтымызды да, жұртымызды да бұрын-соңды болмаған тарихи тың белеске көтерді. Мұны мемлекет басшысының өз ой-өрнегімен өрбітсек, бұл бұған дейінгі талай ұрпақтың таланына жазылмаған, тағдырына бұйырмаған тарихи белес. Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін бүгінгі біз көзбен көріп, жүрекпен сезіп отырмыз. Кешегі кеңес дәуірінен кейінгі күйзелісте күйреп қалуы кәдік немесе дербес мемлекет болып өз алдына түтін түтетуі күмәнді деп сумаңдаған сыпсың сөзді сырткөз сыншылардың, болымсыз былшыл, берекесіз болжамының күлі көкке ұшты. Ширек ғасырға жетер-жетпес уақытта Қазақстанның қазіргі қарышты қадамы, жан-жүрегі – Астананың кескін-келбеті ондай сандырақтың сан-талайына соққы берді.
Шынында да дүйім дүниенің сәулет өнерінің, інжу-маржандарды тоқайласқан сән-салтанаты таңдай қақтырар елордамыз Еуразияның алып жүрегіне, ұлы даланың алтын діңгегіне айналды емес пе. Өз басым, астананы Арқаға көшіру жөнінде алғаш мәселе көтерілген бетте-ақ ел ертеңін көздеген бұл бағалы бастаманы бірден қолдап, ой-пікірімді бүкпей баспасөз бетінде бірінші болып ашық жариялағанымды зор мәртебе санаймын. Сәулеті апта сайын әрленіп, әлеуеті ай сайын артып, айдай әлемді аузына қаратқан алып шаһарға айналған Астананың қазіргі кемел қадамы, жасыл желекке оранған алабы мерейімді одан әрі өсіре түседі. Жалпы, ежелгі өркениеттің ошағы болған Есілдің бойында осындай елорданың болуы тарихи заңдылық та ғой. Астананың еркін елдің жүрегі, тәуелсіздіктің тірегі болып отырғаны да содан шығар.

Сарбас АҚТАЕВ,
Қазақстанның құрметті журналисі

Жауап қалдыру