Әлеуметтік сала цифрландырылады

0
17

27 қараша күні ҚР Үкіметіндегі баспасөз конфе­ренциясында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру барысы туралы айтып берді.
Вице-министрдің айтуынша, бүгінгі таңда әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Барлығы бір-бірімен біріктірілген 10 ақпараттық жүйе бар және олар әлеуметтік-еңбек саласының Бірыңғай ақпараттық жүйесін құрайды. Бүгінде шамамен 14,5 млн жазба мен қазақстандықтардың жеке деректері осы жүйеге негізделген.
Адамды дүниеге келгеннен бастап өмір бойы сүйемелдейтін ақпараттық жүйелердің ішінде төлемдерді өңдеуді ұйымдастыру жүйесіне ерекше мән беруге болады. Мұнда мемлекеттік корпорация арқылы төлемдер өңделеді. Бұл міндетті зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар, республикалық бюджет төлем­дері.
Сондай-ақ, әкімдіктер дең­гейінде өңірлерде ұсынылатын қызметтердің бизнес процестері автоматтандырылған. Олар: атау­лы әлеуметтік көмек та­ға­йындау, арнайы әлеуметтік қыз­меттер көрсету.
– Шамамен бір жарым ай бұрын біз еңбектің электронды биржасын іске қостық. Ол бір цифрлық алаңда іздеушілер мен жұмыс берушілерді біріктірді. Осы уақыт аралығында 15 мыңнан астам азамат жұмыспен қамтылды, – деді вице-министр.
С. Жақыпованың айтуынша, бірыңғай еңбек биржасын енгізу 2025 жылға қарай іздеушілерді еңбекпен қамту пайызын қазіргі жұмыс іздеушілердің (2,2 млн адам) жалпы санының 10%-нан 20%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Жалпы, жұмыспен қамту желісі бойынша өткен 10 айда 19 млн-нан астам қызмет көр­се­тілген, олардың 3,2 млн-ы eGov порталы арқылы іске асырылған.
Оның айтуынша, бірыңғай электронды еңбек биржасы негізінде өзін-өзі жұмыспен қам­тыған адамдарға әлеуметтік-еңбек қатынастары саласын цифр­лан­дыру аясында мемле­кет­­тік кіріс органдарына жеңіл­де­­тілген тіркеу тетігі енгізілетін бо­­лады.
Сондай-ақ, жұмыс берушілер мен қызметкерлерге арналған еңбек келісімшарттарының бі­рыңғай есепке алу жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Еңбек келісімшарттарын электронды форматқа көшіру қағаз түріндегі еңбек кітапшаларынан бас тартып, жалпыға ортақ кірістер декларациясын енгізуге негіз болады.
– Бұл біз азаматтардың қол­да­ныстағы жұмыс кітапшаларын цифрлық форматқа ауда­ра­мыз дегенді білдірмейді. Аза­маттар оларды кейін зейне­тақыны есептеу кезінде жұмыс тә­жірибесін растау үшін сақ­тайды. 2025 жылға дейін жү­йе толығымен енгізіледі, – де­ді С. Жақыпова.
Мүмкіндіктері шектеулі жан­­­дарды әлеуметтік қам­сыздан­дыру жүйесінде меди­цина­лық-әлеуметтік сараптама жүргізуге арналған кешенді қызметке көшу жүзеге асырылды, яғни, қазір­гі таңда адам тиісті әлеу­меттік қызметтерді алу үшін үш ұйымның орнына біреуіне ғана жүгінеді.
Сонымен қатар, қызметтер бұдан да қолжетімдірек болады – куәландыру кезінде тікелей қатысудың қажеті жоқ, өтінімді eGov арқылы электронды түрде беруге болады. Тағы бір жоба – мұқтаж азаматтардың әлеуметтік тіркелімі. Келіп түскен өтініштер өтініш берушінің аумақтық бай­ланысынсыз, тәуелсіз сарап­шылардың деректер базасында кездейсоқ таңдау тәсілі ар­қылы анықталады. Соның салдарынан, елдегі меди­цина­лық және әлеуметтік сараптама комиссияларының санын қыс­қарту және шешімдерді қабыл­дау кезінде сыбайлас жемқорлық қауіптерін жою күтілуде.
Бұған дейінгі атаулы әлеу­мет­тік көмек, мемлекеттік бала­лар жәрдемақысы мен көп балалы отбасыларға мемлекеттік арнайы жәрдемақы орнына 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек енгізіледі, ол үшін азаматтар жұмыспен қамту орталықтарына жүгінуі тиіс.
Болашақта АӘК көрсетудің проак­тивті тәсілін пайдалану көз­делген, мұнда әлеуметтік қызметтер қиын өмірлік жағ­дайға тап болған адамның өті­ні­шін күтпестен, мемлекеттік қол­­дау шараларын ұсынатын бо­лады.
– Аталған мәселелерді табыс­ты шешу үшін министрліктің ақпараттық ресурстарын дамыту «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалғасын таппақ, – деп сөзін түйіндеді С. Жақыпова.

Қайрош ЖУСАНБАЙ

Жауап қалдыру