Латын әліпбиімен келешек кемел

0
22

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы еліміздің мәдениеті мен әдебиетін, салт-дәстүрі мен ұлттық руханиятын қайта жаңғыртуға мол мүмкіндік бергені баршамызға аян. Сонымен қатар бұл Қазақстан болашақта тек экономика­лық дамуымен ғана емес, рухани өркендеудің де жоғары сатыларына қол жеткізуі тиіс екенін аңғартады. Елбасымыз осы мақаласында ел дамуының басты факторларын атап көрсете келіп, таяу жылдарда атқарылатын міндеттерге де тоқталды. Оның бірі – қазақ тілін біртіндеп 2025 жылға дейін латын графикасына көшіру екендігін қадап айтты. Бұл мәселе бұрын да бірнеше рет көтерілген болатын. Биылғы жылы осы міндетті жүзеге асыру мықтап қолға алынды.
2017 жылғы 26 қазанда Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаев «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл, шын мәнінде тарихта алтын әріппен жазылатын күн болды. Қазақ елінің кешегісіне көз жүгіртсек, ХХ ғасырдың өзінде әліпбиіміз үш рет ауысқанын байқар едік. Осы науқанда қазақ тілінің тілдік ерекшелігі біршама өзгерістерге түскенін лингвист ғалымдарымыз айтып та жүр. Елбасымыздың Жолдауында көрсетілгендей, Қазақстан Үшінші жаңғыру кезеңін жаңа әліпбимен бастаса, бұл руханиятымызды жаңа ғасырға қарай жаңаша жаңғыртуға көп көмегін тигізері анық. Сонымен қатар латын әліпбиіне көшу әлемнің өркениетті елдерінің мәдениеті мен біліміне кірігуімізге зор мүмкіндік ашатыны сөзсіз. Қазіргі жаһандану заманында біздің басты мақсатымыз – әлемнің дамыған елдерінің көшінен қалмау. Латын әліпбиі еліміздің білім саласын жан-жақты дамытуға, сонымен қатар түркі халықтарының бір-бірімен мәдени және рухани жақындасуына да ықпалын тигізері анық. Олай дейтінім, түбі бір туыстас түркі халықтарының басым көпшілігі латын графикасын кеңінен қолданады. Келешек ұрпақ түбі бір туыс елдердің рухани дүниесін терең меңгеруі үшін бұл әліпбидің рөлі зор болмақ.
Елбасымыздың биылғы Жолдауындағы білім саласына жүктелген міндеттер бойынша 2018-2019 жылдарға қарай еліміздегі кейбір жекелеген пәндерді ағылшын тілінде оқыту міндеттеліп отыр. Соған байланысты қазіргі таңда педагогикалық университеттерде Білім және ғылым министрлігі тапсырмасымен ағылшын тілінде дәріс беретін мұғалім кадрларын дайындау қолға алынды. Біздің еліміздің латын әліпбиіне көшуі мектеп табалдырығын жаңа аттаған бүлдіршіндеріміздің ағылшын тілін меңгеруіне қиындық тудырмайды. Яғни латын әліпбиін меңгеру арқылы ағылшын тілін де меңгеру оңайлау болатыны сөзсіз.
Ұрпақтарымыз тәуелсіз еліміздің ертеңіне өзіндік тілдік ерекшелігі сақталған, ұлттық рухани мұрасынан толық ақпар бере алатын төл әліпбиімен енсе, онда тәуелсіздіктің де тұғыры солғұрлым биік болары хақ. Біздің университетіміздің басшылары мен лингвист-ғалымдарының осы міндет бойынша атқарар жұмысы да орасан. Себебі қазақ білімінің қарашаңырағы – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті елімізде тек тұңғыш оқу орны ғана емес, педагогикалық жоғары оқу орындарының көшбасшысы. Көшбасшы оқу орны бұл міндеттерді тиянақты орындап, басқа педагогикалық оқу орындарына, еліміздің ұстаздар қауымына қолұшын соза алатын ғылыми орталық болуы тиіс деп санаймын. Ел болып ұзақ жылдар бойы сарыла күткен бұл қуанышты мерекенің ғұмырын ұзақ қылып, болашақта осы әліпбиді әлемдік деңгейге көтеру біздің қолымызда. Осы жолда тек ұрандатып қана қоймай, әрі қарай осы әліпбидің дамуына үлес қосу баршаның міндеті.

Хайрулла ЖАНБЕКОВ,
Абай атындағы ҚазҰПУ
Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры.

Жауап қалдыру