«Алтын Жүректі» жандар кім екен?

0
43

27 қазан күні қайырымды жандардың басын қосып, істеген игі істерін халыққа жария етіп, зор ілтипатқа ие болған «Алтын Жүрек» сыйлығы еліміздің барлық мейірімді жандарын марапаттады.

Жылдан-жылға жалғасын тауып келе жатқан ұлттық сыйлық қайырымдылық саласына үлесін қосқан барша мейірбандарға, оның ішінде жеке тұлғаларға, ұйымдарға және мекемелерге алғыс айтуды өзінің міндеті санайды. Биыл 12 номинация бойынша жүлдегерлердің есімі белгілі болды. Марапат иегерлері – кәсіпкерлер, ірі компаниялар, БАҚ өкілдері мен қарапайым тұрғындар.

Мысалға «Мүгедек жандарға көрсеткен қамқорлығы үшін» номинациясында ALMAU-дың Әлеуметтік Кәсіпкерлік Орталығының ди⁠ректоры – Нұржан Әлжанова жеңімпаз атанды. Бизнестің қыр-сырын танитын Нұржан ханым, білім мен мансапты дамыту арқылы мүмкіндіктері шектеулі адамдар арасында әлеуметтік теңсіздікті еңсеруге бағытталған жұмыстар жасайды.

– Менің ойымша, қайырымдылық деген жай ғана дайын материалдық көмек емес. Мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға өздерінің білгендерін жетілдіріп, жобалары болса, оларды жан-жақты дамытуға қолғабыс етемін. Болашақта олар қоғамда өз орнын тауып, тұлға ретінде қалыптасып жатса, одан артық не керек? Қайырымдылықтың негізгі идеясы сонда жатыр, – дейді Нұржан Әлжанова.

Сондай-ақ «Қазақстанның өркендеуіне қосқан үлесі үшін» номинациясында мәскеулік Ольга Батутина және Илья Байгабулов, «Жетім балаларға көрсеткен қамқорлығы үшін» Гүлнәр Қабылбекова, «Денсаулық сақтау саласына көрсеткен қолдауы үшін Роза Әлімханова марапатталды.

Қайырымдылықты асыл қасиет деп танитын «Baurzhan» қоры өкілдерінің айтуы бойынша, 5 ай ішінде «Алтын Жүрек» сыйлығына 300-ден астам өтініш келіп түскен. Олардың ішінен әділ-қазылар алқасы тек лайықты деген жүлдегерді таңдаған.

– Қазіргі таңда қоғамда адамдар арасында жылулық мен қамкорлық сиректеп барады. Осы мәселелерді қарастырып, мүмкіндігі шектеулі адамдарға, қарт адамдар мен ардагерлерге көмектесіп жүрген адамдарды анықтап алып, оларға құрмет  көрсету, менің ойымша, өте дұрыс. «Алтын Жүрек» сыйлығы –  философиясы мен қағидалары жетілген, адамдар арасында насихаттауға тұрарлық мән-маңызы бар үлкен жоба, – деп сыйлықтың өзектілігі жайында Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов айтып өтті.

 Адамзат  баласын игі істерге итермелеп, ең бастысы, мұқтаж жандарға көмек қолын созуға деген талпынысты шыңдайтын «Алтын Жүрек» ұлтттық сыйлығы мәртебесін асқақтатып келеді. Оған салтанатты рәсімді тамашалауға келген мыңдаған адам куә.

Томирис Керімқұлова

Жауап қалдыру