Кеншілер талабы орындалмай тұр

0
93

Қарағанды облысындағы «АрселорМитталТеміртау» компаниясы шахтасында 11 желтоқсан күні басталған кеншілер ереуілі әлі басылмай тұр. Наразы кеншілер жалақыларын 100 пайызға өсіру, зейнеткерлікке 50 жастан шығару, ауырып қалған кездегі жалақысын толық көлемде төлеу талаптарын қоюда. Жұмысшылар сондай-ақ құрал-жабдықтарды жаңғырту, шахталардағы материалдық-техникалық базаны жақсартуды, сонымен қатар қаладағы мәдени-демалыс ошақтарын көбейтуді сұрауда. Өйткені Шахтинскте театр, кинотеатр сынды демалыс орындары жоқ. Кеншілер көңіл көтеретін жерлерден тек сырахана сынды орындар ғана барына наразы.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың 12 желтоқсанда журналистерге айтқан мәліметі бойынша «Шахтинск», «Қазақстан», «Ленин» және «Тентек» шахталарында 700-ге жуық кенші наразылық танытуда.
Азаттықтың хабарлауынша 13 желтоқсан күні Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов шахталарға түсіп кеншілермен сөйлескеннен кейін «Шахтинск» шахтасынан 59 кенші, «Тентек» шахтасынан 76, «Ленин» шахтасынан 19 жұмысшы жер бетіне шыққан. Алайда ереуілшілердің басып көпшілігі әлі де шахталарда.
«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының бас директоры Парамжит Калон «шахта жұмысын тоқтатып, жер астында рұқсатсыз отыру – мәселені шешпейтінін» айтып, ереуілдеп жатқан кеншілерді шахтадан шығуға шақырды.
Жергілікті әкімдік пен компания бірігіп ереуілшілермен келіссөз жүргізуде. Әзірге келіссөз нәтижесі белгісіз.
КазТАГ-тың хабарлауынша кеншілер бұған дейін билік өкілдеріне митинг өткізуге бірнеше рет өтініш білдіріп, рұқсатын ала алмапты. Кеше ақпарат құралдарында «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы кеншілер ереуілін заңсыз деп тануды талап етіп, сотқа шағымданғаны туралы ақпар тарады.
Шахтадан шықпағандарына төрт тәулік болған кеншілердің денсаулық жағдайы қоғамды алаңдатуда.

Төрткен ҚЫЗЫЛЖАР

Жауап қалдыру