Каспий экологиясы басты назарда

0
343

Каспий жағалауында орналасқан мұнайлы Маңғыстау өлкесіндегі жерасты қазба байлықтарын өндіру, тасымалдау, бұрғылау, өңдеу, геологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу себептерінен осы өлке топырағы, ауасы және теңіз суы ластанып кеткені белгілі. Өңірдің экологиялық ахуалы мен мәселенің шешілу жолдары өте күрделі. Маңғыстау облыстық туризм басқармасының басшысы Гүлжан Байжауынова осы тақырыпта тілші сұрақтарына жауп берген еді.
– Соңғы жылдары Маңғыс­тауда Каспий қайраңынан мұнай-газ өндіру қарқыны кү­шейе түсуіне байланыс­ты теңіз және жағалау эко­жүйесіне антропогендік әсер­дің өсуі салдарынан қар­қынды ластану жүріп жат­қа­нын эколог мамандар айтып жүр. Оңалту мәселесі бо­­йынша жасалып жатқан жұ­­мыстармен таныстыра ала­сыз ба?
– Иә, қарт Каспий қойнауы баға жетпес қазынаға толы. Теңіздің жерасты байлығын игеру қарқынды жүріп жатқан­дықтан, өндірістік үрдіс тоқта­мақ емес. Әрі теңіз бес мем­лекеттің жағалауын шайып жатқандықтан, мәселені шешуде бірлесе қимылдаған тиімді. Сол себепті теңіз экологиясы жөнінде арнаулы халықаралық құжат қабылдау қажеттігі туды. Бүгінгі таңда халықаралық, мемлекеттік және жергілікті деңгейде, сонымен бірге қызмет аясы теңіз акваториясына бай­ланысты компанияларда теңіз­дің жағдайын бақы­лап отыру үшін тұрақты жұмыстар жүр­гізіліп келеді.
– Бүгінгі күні Маңғыстау түбегі ластану тұрғысынан Семейден кейінгі орында. Ке­зінде өңірде түрлі сынақтар өткізілгені де белгілі, ал бү­гінгі күні бірқатар аумақ эро­зиялық апатқа ұшырап отыр. Бұдан мәселенің күрделілігін аңғару қиын емес. Сол себепті мемлекетаралық бірлескен ша­ралар құптарлық іс екен. Ал ішкі жағдайда отандық өндірушілердің экологиялық нормаларды сақтауы мен жал­пы мәселеге атсалысу жа­ғы қалай?
– Солтүстік Каспий мұнай-газ жобасының жетекші ком­паниясы «NCOC» денсаулық, еңбек және қоршаған ортаны қорғау саласында белсенді жұ­мыс жасап келеді. Консорциум тарапынан Каспий теңізі та­биға­тын, биоалуандылығын қор­ғау әрі зерттеу, техногендік қал­дықтардан арылту, төтенше жағдайлар мен ластанудың алдын алу мақсатында ауқымды істер жүзеге асуда. Сондай-ақ компания қолдауымен қос жинақ жарық көріп отыр. «Мұ­най кен орындарын иге­ру барысында солтүстік-шы­ғыс Каспийдің қоршаған таби­ғи ортасына мониторинг» ат­ты жинақ Каспий теңізінің сол­түс­тік-шығыс бөлігін мекен ет­кен итбалықтар популяциясы, те­ңіз суының сапа көрсеткіші, фитопланктон, су өсімдіктері, су түбінде шөгінді жыныстарына микробиологиялық сараптама жүргізу сынды ғылыми ма­қа­лалар мен зерттеу жұмыс­та­рының нәтижелерінен тұрады. Ал «Қазақстандағы құстардың атлас-анықтағышы» атты жа­ңа кітапқа ел аумағында ме­кен­дейтін 500-ге жуық құс атау­лары, олардың дене тұр­қы, түр-келбеті, өмір сүру орта­сы, тіршілік ерекшеліктері енгізіл­ген.
– Индустрияландырудың батыл енуімен бірге тех­ни­калық прогрестің кү­шейе түсуі, экологиялық проб­ле­малардың туындауына себеп­ші болып отыр. Экологтардың айтуынша өңірде 15-20 жыл ара­лығында тиісті шара қолданылмайтын болса, онда химиялық улану салдарының зардабы тіршілік атаулыға айықпас дерт әкелуі мүмкін екен. Осы ретте мониторинг болмаса қандайда бір зерттеу жұмыстары жүргізіле ме?
– Өңірде 2008 жылдан бе­рі «Экологиялық зерттеу зерт­ханасы» МКК тұрақты жұ­мыс істеуде. Зертхана 2010 жыл­дан бастап Каспий теңізінің жаға­лау зонасында орналасқан мұнай өндірістері мен теңіз порттарының техногендік әсерін бағалау мақсатында кешенді экологиялық мониторинг жүр­гізіп келеді. Бес жыл қата­рынан Бозашы түбегіндегі Қа­лам­қас, Қаражанбас, Арман кен орындары мен Ақтау, Бау­тин порты бақыланып, ана­литикалық зерттеу нәтижесінде үл­кен мәліметтер қоры жинақ­талды. 2014 жылы Құрық портында теңіз суындағы мұнай өнімдерінің мөлшері 5 есеге артқандығы анықталды. Ауыр металдар мөлшері де рұқсат етілген шектен бірнеше есе жоғары. Темір концентрациясы рұқсат етілген шектен 74, алюминий 220, сынап 82 есе артық. Қаражанбас, Комсомольский кен орындарында 14 су басу қау­пі бар мұнай ұңғымалары орна­ласқан. Бұл аймақта суда­ғы мұнай өнімдерінің мөлшері рұқ­сат етілген шектен 5 есе жоға­ры. Ауыр металдар, атап айтқанда, мышьяк 112, алю­миний 80, темір 7, сынап 22 есе артқан. Көрсеткіш көңіл көншітерліктей емес. Осы ретте Каспий теңізінің экологиялық қауіпсіздігін арттыру мақса­тын­да мұнай өндірісі орындарына мұнай төгілуін мұқият бақы­лайтын радарлар орнатуды жос­парлап отырмыз.
– Маңғыстау өңіріндегі жерас­ты, жерүсті байлық­та­ры мен Каспий қайраңын игеру жобасы барысында антро­погендік және техногендік әсер­лері қоршаған ортаға қат­ты әсерін тигізетіндігін өзіңіз де айтып отырсыз. Әрі бұл бір күнде шешімін табатын проб­лема емес екендігін де түсіне­міз. Десе де жағдайға қатысты нақ­ты жұмыс жоспары жасал­ған ба?
– ҚР Президенті Н.Ә.Назар­баевтың өзі Қауіпсіздік кеңесі отырысында атап көрсеткендей «Каспий маңы аймағы та­би­ғи және антропогендік фактор­лармен байланысты бірден-бір экологиялық сезімтал өңір» деген болатын. ҚР Президентінің бастамасы барлық Каспий ма­ңы мемлекеттерінің болашақ ұр­пақ тұралы қамын ойлау ниеті­нен туындаған. Каспий теңізі­нің құқықтық мәртебесі мәселе­лерін тезірек шешу тұра­лы айтқан идеясын Иран Прези­денті де қолдады. 2004-2015 жж. арналған экологиялық қауіп­сіздік концепциясы бойын­ша Каспий теңізі қайраңын қар­қынды игеруге қатысты пробле­малардың бірі жаңа тех­нологиялар енгізу, қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалануға байланысты эко­логиялық мониторинг және мем­лекеттік бақылау жүйелерін жетілдіру тұрақты түрде жүзеге асып келеді. «Экологиялық зерт­теу зертханасы» гидробиология, гид­рохимия саласы бойынша да­мыту сынды бірқатар мін­деттемелер бойынша жұ­мыс жа­сауда. Сондай-ақ ком­па­ниялар өндірістік мониторинг сапасын арттыру, Каспий теңізі ор­тасын қорғау бағытында нақ­ты шараларды белгілеу, мони­торинг жүйесін жетілдіру ба­ғыт­тары бойынша нақты тапсыр­маларды орындауда.
Ел мен жер, болашақ игі­лігі үшін атқарылып жатқан іс­тер нәтижелі болсын дей ке­ле, уақыт тауып сұқ­бат­тас­қаныңыз үшін алғысы­мызды білдіреміз.

Әділет ТОБЫШ

Жауап қалдыру