Көздегеніміз – білімді де білікті ұрпақты тәрбиелеу

0
109

Биыл білім беру жүйесінде айтарлықтай жаңалықтар орын алып, біршама реформалар енді. Айталық, ағымдағы жылдың 1-қыркүйегінен бастап Қазақстан мектептері жаңа білім беру бағдарламасына көшеді. Осыған байланысты жазда 73 мың мұғалім арнайы қайта даярлаудан өтуі тиіс. Әрі алдағы жылдары 3 тілде білім беру бағдарламасын дамыту мақсатында бірқатар өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Осы және өзге жаңашылдықтар жайында кеңінен тарқатып өтелік.

Жаңыл Жонтаева, ҚР Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры

Жаңартылған білім беру бағдарламасы Назарбаев зияткерлік мектептерінің бағдар­ламасы негізінде жасалды. 1-қыркүйектен бастап бірінші сыныптарда жаңартылған білім мазмұны енгізіледі. Жалпы 30 мектепте апробация жасалды. Бүгінде бағдарлама дайын. Алдағы уақытта 73 мың бастауыш сыныптың мұғалімі біліктілігін көтереді. 19 мыңнан астам ұстаз дайындалды. Нақты жоспар бойынша 54 036 бастауыш сыныптың мұғалімі арнайы курста білім алады. Оның ішінде 16 196 бас­тауыш сынып ұстазы, қазақ тілінен 10 507, орыс тілінен 6 736, ағылшын тілінен 532, өнер және технологиядан 8 000-нан астам, 6000-ға жуық музыкадан, дене шынықтыру пәнінен 1 300-ден астам мұғалім арнайы оқытылатын болады. Қазірдің өзінде Назарбаев зияткерлік мектебіндегі «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының филиалында қайта даярлау процесі жүріп жатыр.
Бүгінде жаңартылған бағ­дарлама бойынша сабақ беретін бастауыш сынып мұғалім­дерін даярлайтын 536 маман оқы­тылып, дайындалды. Оның ішінде «Өрлеу» біліктілікті арт­тыру ұлттық орталығында 297, мек­тептерде 192, Назарбаев зияткерлік мектебінде 47 жаттықтырушы арнайы да­йын­дық курсынан өтті. Олар­дың барлығы Назарбаев зият­керлік мектебінің базасынан сертификат алды. Қазір 330 мек­тепте сабақ беріп жатыр. Жаңартылған бағдарлама бо­йынша жаңа оқулықтар шы­ғарылады. Оқу­лық жалпы бағ­дар­ламаға сәйкес­тендіріліп жаса­лады.
Бағдарламаның ерекшелігі, функционалдық сауаттылыққа баса мән берілуде. Яғни, оқу­шылар мектепте алған білімін өмірде қолдана білуі қажет. Соған ерекше көңіл аударылады. Биыл күзде бірінші сыныпқа 410 мыңнан астам оқушы келеді. Оған 54 мыңнан астам мұғалім сабақ береді. Жаңа бағдарламаны жасауға еліміздің көптеген ғалымдары, әдіскерлер мен мұғалімдер қа­тысты. Олардың пікірлері ескерілді. Қазақстан бойынша 14 облыста 2 мектептен, Астана және Алматы қалаларында 1 мектептен 30 мектеп апровациядан өтті. Ауылдан бас­тап қалаға дейінгі мектептер қамтылды. Яғни, оқу процесіне енгізілетін жаңа бағдарламаны осы жерлерде сынақтан өткізіп көрдік. Оқу процесі 1 жыл жүрді. Сынақ мерзімі аяқталған кезде бағдарлама балаларға ұнай­тындығына көз жеткіздік. Ата-ана мен мұғалімдердің көңі­лінен шықты.
«Қазақ-түрік» лицейлері мен Назарбаев зияткерлік мектебіне түсу үшін бір орынға 19-25 бала кезекте тұратындығы, бұл мектептерге деген жоғары сұранысты көрсетеді. Осыны ескере отырып, мемлекет аталмыш білім ошақтарындағы оқу бағдарламасын еліміздегі мек­тептерге енгізіп отыр. Бұл сапалы білім алуға мүмкіндік береді. Жұмыс қорытындысы оң нәтиже берсе, жүйе барлық мектептерге енгізіледі.
Мұғалімдерді қайта даяр­лау процесіне барлық ұстаз­дар қатысады. 7 мыңнан астам мектеп бірінші сынып­қа оқу­шыларды қабыл­дайды. Об­лыстық білім басқар­маларының ұсыныс­тарына сәйкес бастауыш сыныптың мұғалімдері аталмыш даярлау курсынан өтіп жатыр. Барлық мектептің ұстаздары арнайы оқудан өтеді. Курс тамыздың ортасына дейін аяқталуға тиіс.
Жаңартылған бағдарлама бойынша барлық пәндер мектеп қай тілде білім берсе, сол тілде оқытылады. Мәселен, математика қазақ мектебінде қазақша, орыс мектебінде орысша болады. Жаратылыстану, өзін-өзі тану пәндері бойынша да тәртіп солай. Ал 2013 жылдың 1-қыркүйегінен бастап ағылшын тілін бірінші сыныптан оқыта бастадық. Барлығы кезең-кезеңімен жүргізілуде.
Қазіргі таңда үш тілде білім беруді дамыту жол картасы жасақталған. Әрі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында 76,79, 86-қадамдарында да осының барлығы нақты көрсетілген. Оған сәйкес тек жоғары сыныпта ғана үш тілде білім беріледі.. Ол – 10-11 сынып. Оқушыға 4 пән беріледі. Екі сабақты таңдап алуға еркі бар. Олар – химия, биология, физика, информатика пәндері. Сонда бір бала 2 пәнді ғана оқиды. Таңдау оқушының болашақ мамандығына байланысты жасалуға тиіс.
Сонымен қатар, 2019 жылы 7-сыныптан бастап Қазақстан тарихы қазақ және орыс мектебінде тек қазақ тілінде оқы­тылады. Ал дүниежүзі тарихын орыс тілінде жүргізуді ұсынып отыр­мыз. Мұның барлығы 2019-2020 оқу жылында енгізіледі. Қалған барлық пәндер бұрынғыдай оқытылады. Қа­зіргі таңда аталмыш мәселе­лер бойынша жұмыс тобы құ­рылды. Қорытындысы Тамыз кеңесінде белгілі болады. Қа­зір тыңғылықты дайындық жұ­мыстары жүргізілуде. Бала­ның қай тілде білім алатынын Білім және ғылым министрлігі емес, ата-ана шешеді. Минис­трлік әзірлеген бағдарламаның мақсаты – балалардың сапалы білім алуына жағдай жасау. Көздегеніміз – білімді де білікті ұрпақты тәрбиелеу.
Енді 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу жайлы бірер сөз. Министрлік Елбасының Жарғысымен бекітілген мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, 12 жылдық білім беру жүйесіне толығымен 2019-2020 жылғы оқу жылында көшуді жоспарлап отыр. Оған дейін дайындық жұмыстары тыңғылықты жүр­гізіледі. Бірнеше жылдар бойы осы бағдарламаны енгізуге бағыт­талған қызу жұмыстар жүрді. Бүгінде оған дайынбыз. Оқулықтардың барлығы сараптамадан өтті. Тамыз айында мектептерге жеткізіледі. Мемлекет қолға алған реформалар сапалы білім беру ісін жетілдіру жолында қызмет ететіндіктен, бағдарлама оқушыларды жаңа белестерге бастайтындығына сенімдіміз.

Жауап қалдыру