Көрнекті ғалымға арналды

0
143

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті 1998 жылдан бері Мәскеу мемлекеттік педагогикалық университетімен, В.П.Астафьев атын­дағы Кроснояр мемлекеттік педагогикалық универси­тетімен және ҚР Білім және ғылым министрлігінің Тес­тілеу орталығымен бірлесіп «Білім мен ғылымдағы мате­ма­ти­калық модельдеу және ақ­параттық технология» тақы­рыбында Халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция өт­кізуді дәстүрге айналдырып келеді. Конференцияның негізгі мақсаты – білім беру мен ғылым саласында, мектептерді ақпараттандыру жүйесінде ғылыми-педагогикалық тәжі­рибелермен, ғылым жетістіктерімен алмасу болып табылады. Сондай-ақ аталған халықаралық конференцияның міндетіне инновациялық-педагогикалық тех­­­нологияларды, жаңашыл бі­лім беру мен ғылым жетістіктерін математикалық модельдеу саласына батыл енгізу, республикамыздың бел­гілі ға­лымдарын ғылыми-педа­го­ги­калық және ғылыми-тех­ни­­калық салаға көптеп тарту ар­қылы отандық білім берудің ха­лықаралық беделін көтеру мә­селелері кіреді.
Жақында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық уни­­верситетінде «Білім мен ғы­­лымдағы математикалық модельдеу және ақпараттық технология» тақырыбында екі күнге ұласқан VII Халықаралық ғылыми-әдістемелік конфере­нция болып өтті. Бұл конфе­ренция педагогика ғылым­да­ры­ның докторы, профессор Есен Ықыласұлы Би­дай­бе­ков­тың 70 жасқа то­луына жә­не мектептерге инфор­ма­ти­ка пәні енгізілуінің 30 жыл­ды­ғы­на арналды.
Ғылыми іс-шараның профес­сор Есен Ықыласұлы Би­дай­бековтың 70 жасқа толуына ар­налуының да өзіндік себебі бар. Өйткені Қазақстан Рес­пуб­ликасы мектептеріне «Ин­фор­матика және есептеу тех­никасы» курсының мазмұ­нын жасап, оны оқытудың әдіс­темесін енгізуге белсене ат­са­лысқан дәл осы педагог-ға­лым Есен Ықыласұлы Бидайбе­ков болатын. Қазақстанда әр­түрлі педагогикалық маман­дық­тар шеңберінде білім беруді ақ­па­рат­тандырудың кон­цеп­туалдық негізін жасаумен профес­сор Есен Ықыласұлы Би­дай­бе­ков­тың ғылыми мектебі айна­лысып келеді.
Есен Ықыласұлының оқулық­тарындағы іргелі зерттеулерде білім берудің барлық деңгейлері үшін информатика мен білімді ақпараттандырудың теориялық-әдістемелік негіздері, информатика мұғалімдерін даяр­лау­дың әртүрлі аспектілері қарас­ты­рылған. Профессор Е.Ы.Би­дай­бековтың ғылыми мектебінде 12 ғылым докторы, 31 ғылым кандидаты, 30 педагогика ғылымдарының магистрі бар. Ал Есен Ықыласұлының ғылыми-педагогикалық еңбегі елімізде ғана емес, онан тыс жерлерде де кеңінен таныс. Профессор Е.Ы.Бидайбековтың ғылыми-зерттеу еңбектерінің жалпы саны 540 болса, оның 20-сы монография, 45-і оқу­лықтар мен оқу құралдары. Ре­сейлік белгілі ғалымдармен тығыз араласа, қоян-қолтық жұмыс істеу арқасында Есен Ықыласұлының Ресей ғылыми жұртшылығының арасындағы беделі де жоғары. Ғалымның 70 жылдық мерейтойына арналған VII халықаралық ғылыми-әдістемелік конференцияға ресейлік оншақты әйгілі ғалым қатысып баяндама жасады .

Мырзахан АХМЕТОВ,
Абай Атындағы ҚазҰПУ-дың
Ақпарат орталығының жетекшісі.

Жауап қалдыру