Көктемгі су тасқынына қарсы дайындық

0
95

СҚО-да 92 елді мекенді су басу қаупі бар
Солтүстік Қазақстан облысында су тасқыны кезінде қауіп төнетін 92 елді мекен есепке алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
36 ауылда өзен суының дең­гейі жоғары болса, 41-інде – қардың еруі салдары­нан және 15 елді мекенде – су деңгейінің көтерілуі мен көлдің толуы салдарынан су тасқыны болуы мүмкін.
– Жергілікті атқарушы орган­дар 84 елді мекенде 3 жылдың ішінде 79,5 шақырым бөгет құрып, 28 шақырым су айдайтын каналдар қазды. 18 елді мекенде инженерлік-тех­никалық іс-шаралар жүр­гізу мүмкін болмады. Се­бебі, олар өзен аңғар­ларында, орман алабында орна­лас­қан, – деді облыс әкімі­нің орынбасары Антон Федяев.
Қазір өңір су тасқынына дайындалып жатыр. Был­тыр қазанда төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері Есіл, Айыртау, Ғабит Мүсірепов және Шал ақын аудандарының аумағында су тасқыны бола­тын елді мекендерде тексеру жүргізді. Атап айтқанда, Есіл ауда­нын­дағы елді мекендерге Үлкен Тораңғұл көлі қауіп төндіріп отыр. Кіші Тораң­ғұлдың суы Үлкен Тораңғұлға құйылып, соның сал­дарынан көлдегі су деңгейі 5 см көтерілген.
Көктемгі су тасқыны кезеңінде төтенше жағ­дайды жою үшін 708 техника, 331 су айдайтын құрылғы дайын. Құтқарушылар мен полицейлерден құралған топ жасақталған. Сондай-ақ, 724 млн теңге сомасында облыстық резерв құрылды.

Олеся Жуковень

Қостанайда 39 елді мекенді су басуы мүмкін
Қостанай облысында су басу қаупі жоғары 39 елді мекен анықталды. Қазір бұл аймақтарда дайындық жұмыстары басталып, күзет күшейтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық ТЖД бастығы Талғат Кәкімов тасқын суға қарсы жағдайды толық ба­қылауда ұстау үшін арнайы штаб құрылғанын айтты.
– Тасқын судың алдын алу бойынша тиісті іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Бастапқыда 96 елдімекен су басу қаупі бар аумақтар санатына алынған. Алайда, қазіргі уақытта нақты қауіп 39 елдімекенге тиіп отыр. Қарғын судың алдын алу және жою бойынша жол картасы жасалды. Оған 442,8 млн теңге бөлінді, – деді департамент бастығы.
Үйіліп-жиылған қарды жаппай қала сыртына шы­ғару түн мезгілдерінде жүзеге асырылады. Өйткені, күндізгі әлетте төгінділерді тысқа тасу жұмыс­тары, көше­лерде көлік қозғалыс­тары­ның көп болуына байланысты, ши­рақ әрі сапалы жүрмеуі мүмкін дейді мамандар. Қазіргі уақытта «Таза-Жол АТ» ЖШС, «АБЗ плюс» ЖШС, «Вектор» ЖШС, «Экол» ЖШС мердігерлік ұйымдары бел жазбай жұмыс істеуде.
Жол тазалау қызметі ал­ғаш­қы кезекте қоғамдық кө­лік­тер қозғалысы ты­ғыз, негізгі көше бағыт­тарын қардан аршыды. «Қаз­гид­ромет» РМК Қос­танай қа­ласы бойынша филиа­лы­ның мәліметінше, бүгінде қар жамылғысының орташа мөлшері 21 см-ге жетті. Бұл жылдық нормадан 5%-ға артық. Таяу арада су айдындарында жарылыс жұмыстары жүргізілмек. Аза­маттық қорғау қызметі жа­сақталып, қауіпсіздік бекеттері әзірленуде.

Қасқырбай Қойшыманов

ШҚО-да су тасқынына дайындық талқыланды
Шығыс Қазақстан облы­сы прокуратурасында об­­лыс әкімінің орынбасары, Төтенше жағдайлар де­пар­таментінің, ШҚО Та­биғат пайдалану және табиғи ресурстарын реттеу бас­қар­масының, «Шығыс Су Қоймалары» мекемесінің бас­шылары, сондай-ақ, бей­не конференция байланы­сы арқылы қала, аудан әкім­дері су тасқыны мерзіміне да­йындық жұмыстарын тал­қы­лады, деп хабарлайды Қаз­Ақпарат.
– Ауылдар мен қалаларды су басу қатерінің алдын алу үшін адамдарды уақытша орналастыру пунктері, сон­дай-ақ, авариялық-құт­қару жұмыстарын жүр­гізу үшін жедел топ құрылды, адам­дарды көшіру бағдар­лары әзірленді, – делінген облыс прокуратурасы таратқан ақ­паратта.
Есептерді тыңдаған облыс прокуроры өткен жылы орын алған ахуалды болдырмау бойынша қосымша шараларды қабылдау қажеттілігін атап өтті. Сондай-ақ, барлық уәкілетті және мүдделі органдарға алдағы су тас­қыны мерзіміне баса назар аудару талап етілді. Басты міндет – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың мүлкін сақтау, қоршаған ортаға және мемлекетке келтірілетін ықтимал залалдың алдын алу.
Жұмыс топтарының соңғы тексерісі нәтижесінде анық­тал­ған бұзушы­лық­тарды жою, профи­лакти­калық жа­ры­­лыстардың жүргізілуіне бақы­лауды қамтамасыз ету, өзендердің қауіпті жерле­рінде мұзды бөлшектеу жұмыстарын жүргізу тапсырылды.

Бағым ҒАЛЫМБЕКҚЫЗЫ

Жауап қалдыру