Көксуда өсіп, көктеген

0
182

Алғыс айту күнін Алматы облысының халқы айрықша атап өтіп келеді. Өйткені Жетісу жері өткен ғасырдың 30-40 жылдарында Қиыр Шығыс пен Еділ бойынан және Қап тауының етегінен Қазақстанға жер аударылған жүз мыңдаған адамды бауырына басты.
Дала пейілді, дархан көңілді қазақ халқы оларды келімсек деп кемсітпеді. Қайта алдарына барын тосты. Алматы облысының Көксу ауданында тұратын Самат пен Кулюза Кур­бановтар да қазақ еліне ерекше бағалайды. Алматы облысының Көксу ауданындағы Мұқыры ауылының тұр­ғыны Самат Курбанов үшін туған жерге деген махаббаттың мән-мағы­насы өте ерекше. Өйткені ол өз Ота­ны­нан аласталып, өзге елде өмір сүруге мәжбүр болған отбасында дүниеге келді. Оның ата-анасы 1937 жылы Әзір­байжандағы Нахичевань қала­сы­нан Қазақстанға депортацияланыпты.
– Менің әкемді контрабандашы ретінде ұстап, концлагерьге қамап тас­таған. Бір аптадан кейін шығарып, әке-ше­шемді шиеттей 4 баласымен пойызға отырғызып, Қаратал ауданына жөнелтеді. Жол үстінде нан түгілі құдай­дың қара суы да қат болған. Соның салдарынан үлкен әкпем науқас­танып, жарты жолда көз жұмды. Кәлпе ауылының қазақтары бізді киіндіріп, қолында жарты құрты болса, со­ны бізбен бөле жеді, – дейді, Көксу ауда­нының тұрғыны Самат Курбанов.
Саматтың жан-жары Кулюзаның ата-бабалары да қуғын-сүргінді көп кө­ріпті.
– Ондай қиындықты өз басымнан кешірмесем де, әке-шешем «Қа­зақ хал­қына қарыздармыз. Соны ес­теріңде мықтап сақтаңдар!» дегенді жиі айтып отыратын, – дейді ол.
Кулюза Курбанова, Саматтың зайыбы «Біздің ата-әжеміз депортация­ланған. «Өте қиын жағдайға душар болдық, вагонның іші қақап тұрды. Қатты тоңғаннан тісіміз тісімізге тимейтін», деп әкем сол кездерді жиі есіне алып отыратын. Соған қарағанда, оларды қыстың күні жер аударған сияқты. Қонақжай қазақ халқының арқасында аяғымыздан нық тұрып, ел қатарлы өмір сүріп жатқан жайымыз бар» – деп ағынан жарылды.
Жетісу жеріне Әзірбайжаннан 400-ге тарта отбасы күштеп көшірілген. Көбі осылайша, туған елден жырақтап, ет жақындарынан айырылды. Курбановтар да ұзақ жылдар бойы туған-туыстарының тағдырынан бейхабар болып келді.
– Із-түзсіз кеткендер қаншама?! Ал олардың балалары қараусыз қалды. Ойлап қараңыз, менің әке-шешем бауырларымды 1956 жылы Қап тауының етегіне барып, Қазақстанға көшіріп алып келді. Ағайынды кісілердің балалары да солармен бірге ілесе келді, – дейді Самат Курбанов
Самат пен Кулюза қазір құрметті демалыста. Екеуі үш бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінде немерелерінің қызы­ғына тоймай жүрген жайы бар. Олар­дың барлығы спортпен айналысады.
Ерлі-зайыпты Курбановтар түрлі салада талмай еңбек етіп, еліміздің гүлденуіне атсалысып жүрген өз балаларын мақтан тұтады. Олардың Қазақстаннан өзге Отаны жоқ. Өйткені осы жерде туып-өсті. Сондықтан ұр­пағымыздың болашағы осы елмен ты­ғыз байланысты, – дейді Курбанов­тар.

Ардақ АЙБАРҰЛЫ

Жауап қалдыру