Көкке қадам жерден басталады

0
221

Мемлекеттік Әуе қорғанысы күштерінің қатары тағы да 108 жас маманмен толықты. Ақтөбенің қоңыр күзінің бір күніне ерекше көрік қосып, қала қонақтары мен тұрғындарына әсерлі сәт сыйлаған кіші офицерлер өздерінің алғашқы «лейтенант» әскери атағын алды. Бұл Кеңес Одағының Екі мәрте Батыры Т. Бигельдинов атындағы Әуе қорғанысы Күштерінің Әскери институтын тәмәмдаған түлектерге жоғары білім туралы диплом мен төсбелгілері табысталған салтантты жиын болатын. Түлектердің арасында Әуе қорғанысы күштері Әскери институтында Ұжымдық қауіпсіздік туралы келісім ұйымының бағдарламасы бойынша білім алған Қырғызстан және Тәжікстан Республикасының 15 әскери қызметшісі де бар.
Әуе қорғанысы күштері Әскери институтының түлек­тері ұшу құрамының авиация мамандықтарын, атап айтқанда әуе кемелерін, ұшақтарды, тікұ­шақтарды, көліктік ұшақтарды пайдалану, әуе кемелерінің навигациясы, яғни, авиация ұшу ағынын басқару, авиациялық инженерлік-техникалық құ­ра­м­ның мамандары, авиация тех­нигі және авиациялық радиоэлектронды жабдықтардың технигі мамандықтарын игеріп шықты.
Институтты үздік аяқтаған түлектер арасында Н.Айтма­ғамбетов, С.Нәлібек, Р.Меди­ненов, А.Хегай бар. Түлектерге жо­ғары білім жөніндегі диплом мен төсбелгілерді осы салтанатқа құрметті қонақ ретінде арнайы шақырылған Әуе қорғанысы күштері Бас қолбасшысының орынбасары Н.Карбенов, жергілікті билік пен облыстық мәслихаттың хатшысы тапсырды.
Бүгінгі күні ұлттық ұшқыш­тар сапын толықтырып отыр­ған жас қырандар 4 жыл 2 ай ішінде әскери іске үйреніп, авиация саласының түрлі ма­ман­дықтарын игеріп, шыдам­дылық, төзімділік сияқты сала­лық кәсіби психологиялық қабілеттерін жетілдірді. Оларды мемлекетіміздің әуе кеңістігінің қауіпсіздігін қорғауға әркез да­йын болатындай, кәсіби жо­ғары білімді авиация мамандары етіп қалыптастыру үшін инс­ти­туттың командалық және про­фессорлық-оқытушылар құ­­рамы тынымсыз еңбек етті. Олар өз тыңдаушыларын Отан қорғауға әркез дайын, әскери қатаң тәртіпті ұдайы сақтап ел­ге, халыққа адал қызмет ете­тін түлек ұшырдық деген үміт­те.
Оқу барысында институт кур­санттары ұшу тәжі­ри­бе­сін және әскери тағы­лымда­ма­ларды әскери-әуе күш­тері­нің авиа­ция­лық бөлім­дерінде игерді. Бұл жерде Әуе қорғанысы Күштерінің Әскери инс­ти­тутының курсанттар­ы авиа­ция­лық техникамен ұшуға және оларды техникалық мақсатта пайдалануға машықтанды. Түлектердің әрқайсысы оқу бағдарламасының көрсетілген мерзімінде жалпы ұшу саны АН-26 ұшағында – 209 сағат, МИ-8 тікұшағында – 349 са­ғатты меңгеруге тиіс болатын. Ал, институттың «Жауын­герлік басқару офицерлері» мамандығы бойынша білім алған курсанттар жиырмадан аса өзіндік оқу-жаттығу барлауын, әуе кемелерінің осыншама тосқауылын ауыздықтау жұмыстарын атқарды.
Инженерлік-техникалық құ­рам түрлі ұшақтарда 100 сағат­тық регламентттік жұмыстарды атқарып, әскери-әуе күштері бөлімдерінде ұшу ағынын қам­тамасыз етуге белсенді қа­тысты.
Жас офицерлер арасында әскери институттың күрделі оқу-жаттығу бағдарламасымен қоса өздерінің спорттық, ин­тел­лектуалдық қабілеттерін танытқандары бар. Респуб­ли­калық деңгейде өткен қарулы күштер саласының түрлі чемпионаттарында лейтенант Б. Жақ­сылықов, А.Қанатбаев, Р. Нур­мұхамедов, Р. Коңыратов, Н. Қа­сым т.б. бірнеше жеңімпаз атанды.
Оқу-материалдық базаны жетілдіру бойынша өздерінің өнер­тапқыштық ұсыныс­тарын білдірген лейтенант И.Хай­рулин, А. Сейдахметов, С.Еркі­нов, Ф. Нарзулозода сияқты түлектер командалық және профессорлық-оқытушылар құрамын жетістіктерімен бірнеше рет қуантты.
Жауынгерлік Ту – әскери бөлімнің, айбын мен даңқтың нышаны болып табылатын ерекше құрметті белгісі. Жауынгерлік Ту алдында тағзым ету құрметі биылғы түлектер арасынан Нұрислам Қасымға бұйырды.
Бұл түлектердің жеке бастамасымен жыл сайын Әуе қорғанысы Күштері Әскери институтының жас офицер – түлектерінің оқуды аяқтар алдында «Үміт» сәбилер үйі мен Алғадағы жетім балалар үйіне шефтік көмек көрсету дәстүрге айналды. Сонымен бірге, еуропалық ақсүйектер билеген дәстүрлі әскери бал биі биыл қайта жаңғырды. Әуе қорғанысы күштері Әскери институтының 2015 жылғы түлектерінің бастамасымен Тұң­ғыш Президент атындағы саябақтағы алаңға шыққан елу шақты жұптың әскери бал биі көрермендердің ыстық ықыласын тудырды. Кеш көрігін қыздырған осы бір көркем де әсерлі шақты жергілікті педагогикалық университеттің студент-бойжеткендерінің ке­лісті келбеті көркемдей түсті.
Кеңес Одағының Екі мәрте Батыры Т. Бигельдинов атын­дағы Әуе қорғанысы Күш­терінің Әскери институты елі­міз­дің қарулы күштері саласы үшін авиация мамандарын даярлайды.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы келісім ұйымының бағ­дар­ламасы бойынша Әуе қор­ғанысы күштері Әскери инсти­тутында Қырғызстан және Тә­жікстан Республикаларының курсанттары білім алуда.
Бүгінгі күнге дейін институттан 1800-ден астам авиация маманы даярланыпты, олар еліміздің әуе қорғанысы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінің авиациялық бөлімдерінде, Ішкі істер ми­нистрлігінің арнаулы бөлім­шелері мен Ұлттық гвардия құрамында әскери қызмет ат­қаруда. Үстіміздегі жылы елі­міздегі тұңғыш әрі жалғыз Әуе қорғанысы Күштерінің Әскери институтының құрыл­ғанына 40 жыл толып отыр. 1975 жылы өзінің алғашқы курсанттарын оқуға қабылдап, оларды сол кездегі Кеңес Одағының аза­маттық авиация саласының ин­женер-ұшқыштары маман­дығына дайындаған Ақтөбе Жо­ғарғы авиация училищесі болатын. Бұл өңірдің табиғат жағдайы ұшып-қону үшін аса қолайлы және облыс халық ша­руашылығының Батыс Қа­зақ­стан аймағындағы ірі ор­та­лығы деп саналды. Оқу орны­ның меншікті автопаркінде сол жылдардың өзінде бірнеше аэродром (Хлебодаровка ауылында) және Як-18 маркалы 100 шақты ұшағы мен атақты Як-40-сы болған еді.
Бұл күндері ордалы оқу орнында ертеректе білім алған ұшқыштар Сібір мен Қиыр Шығыста, Балтық елдерінде, Орта Азия, Венгрияда, Ауғанстанда, Африкада, Оңтүстік және Солтүстік Америкада түрлі азаматтық әуе кемелерін тізгіндеп жүр.
Інжу ТӘЖІҒҰЛОВА, «Президент және Халық»
Ақтөбе қаласы

Жауап қалдыру