Әйел түзелсе, қоғам да түзеледі

0
319

«Еркек түздің тынысы болса, әйел үйдің ырысы» демекші, отбасын айрандай ұйытатын, үй ішін жылытатын әйел адам. Әйелдің жақсы, не жаман болуына тұтас қоғамның тіршілігі байланған. Осыдан-ақ бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетіп тұрған әйелдің өмірлік орны өзінен өзі ерекшеленеді. Осы орайда Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы, қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрін зерттеп, отбасы, ене мен келін тақырыптарын үнемі қаузап жүрген Зейнеп Ахметовамен тілші  сұқбатында бүгінгі қазақ әйелінің бейнесі туралы ой өрбітіледі.
– Қауырт жұмыстың үстінен түстім-ау деймін. Жұмыс үсте­лі­ңіздегі қолжазбаға қарағанда кезекті кітабыңызды әзірлеп жатқанға ұқсайсыз ғой…
– Иә, оның рас. Салт-дәстүрге қатысты көптен көкейімде жүрген көлемді еңбек жазуды бастаған едім, соны бітіруге жақын қалдым. Бұған дейін де бұл тақырыпта ғалым­дардың, этнографтардың кі­тап­тары шықты ғой. Үлкен энцик­лопедиялар да бар. Алайда олар­дың бірлі-жарымы ғана болмаса, дені салт-дәстүрдің атын атап, қысқа анықтама берумен шекте­ліп келді. Ал дәстүрдің шығу себебі, тегі, оның мақсаты айтылмады. Оның мәнін ұқтырып, түсіндіріп жатқандар жоқ. Салт-дәстүрді теріп, жинап, топтастыру да үлкен еңбек. Бірақ бұл ұлттық құндылықтарымызды түсінуде жетіңкіремейді. Айталық, қазақта «қолыңды төбеңе қойма» деген түсінік бар. «Неге» деп сұрай қалсаң, себебін ешкім айта алмайды. Сол сияқты бәріміз естіген, білетін тыйымдар, салт-жо­ралғылар өте көп. Оларды теріп шы­ғу бар, мәнін түсіндіріп, мағы­насын ашу да бар екен. Бұндай ауқымды шаруаның алғашқы талпынысы 1994 жылы жасалған болатын.
Қарасам, халықтың әлеуметтік жағ­дайы түзеліп, балабақшалар салынып, мектептер бой көтеріп жатты. Оған қуанғанымызбен,  шын мәніндегі бір де бір не ұлт­тық балабақша, не мек­теп ашылмапты. Ол әлі күнге дейін солай. Содан «Кәусар бұлақ» атты халық педагогикасына арналған бағдарлама жасап, өскелең ұрпақ ұлттық тамырымен таныссын деген оймен мектеп бағ­­дарламасына енгіздік. Оған сол кез­дегі Алматының әкімі, марқұм Заманбек Нұрқаділов көп көмектесті. Зәкең, нағыз ұлтжанды азамат еді ғой. Арнайы қаржы бөліп, бағдарламаның атамыздың атындағы №131 мектепке «әдеп» дейтін пән болып енуіне, артынша бүкіл республика мектептеріне таралуына көп көмектесті.
Заманбек әкімдіктен кетісімен, қаржы бөлу тоқтатылып, «сиыр құйымшақтанып» ақыры жабылып тынды. Қазақ «ықтырмаң болмаса, желге өкпелеме» дейді. Қазаққа ық­тырма болатын, жаһандануға жұтылып кетуден сақтайтын дәл осы ұлттық құндылықтар. Сан ға­сыр сарабынан өткен бабалар аманатын ұстап қалсақ, ұлт болып жоғалмайтынымыз хақ. Осы жазып жатқан, бұған дейін де шығарған кітаптарымды он адам оқыса, он адам тағы он адамға айта, сол арқылы кенжелеп бара жатқан қазақылығымызбен қай­та қауышуға тамшыдай үлесімді қоссам, мақсатымның орындалғаны болар еді. Өзімді ата-анам ұлттық тәрбиемен, салт-дәстүрімізді бойы­мызға сіңдіріп тәрбиеледі, кейін тұтас халықтың батыры, қалыпқа сыймайтын атаның тәрбие инс­титутын көрдім. Енді осыны өскелең ұрпаққа жеткізсем деймін.
– Өзіңізге қоңырау шалып, сұқбат беруіңізді өтінген сәтте журналистер қауымына біраз өкпеңіздің барын да айтып қалғаныңыз есте. Соған қарағанда көңіліңізге қаяу түсіргендері болған-ау?
– Мен қазір телеарналарға барғым келмейді. Біріншіден, өңкей жеңіл-желпі шоулар. Ол жерде көсіліп, келелі әңгіме айта алмайсың. Анау бір, мынау бір сөйлеп, әркім өз ішіндегі шерін тар­қатады да кетеді. Ал содан шы­ғып жатқан нәтиже жоқ. Бірге-бір отырып сұқбаттасуға шақыр­са, бір сәрі. Кейде үйге келіп түсіретіндер болады. Эфирге шыққанда қарасаң, сенің бүкіл сөзіңді өз сөзі секілді айтып, сені ара-арасында жылт еткізіп, бір-екі жерде ғана сөйлетіп қояды. Бұл менің намысыма тиді. Бұл ренжігеннен емес, берекесі кетіп, жөнді нәтиже болмағаннан. Содан кейін сен туралы ештеңе білмейтін, сұқбатқа еш дайындықсыз келетін журналистер бар. «Апай, қандай кітабыңыз бар?» деген сықылды сұрақтар қойғанда ары қарай сөйлегің де келмей қалады.
Сұқбат деген тең отырып сөйлесу, пікірлесу, дидарласу ғой. Сондықтан жас журналистер осыны қаперлерінде ұстаса деймін. Телефонмен «пікір айтып жіберіңізші» дейтіндерден де бас тартам. Өйткені телефоннан кейбір сөздер дұрыс естілмей, жансақ ой кетіп қалуы мүмкін. «Сарбаз» бен «сабаз», «писатель» мен «списатель» сияқты бір әріп, бүкіл ойдың тонын айналдырып жіберуі ғажап емес. Сондықтан телефонмен сұқбат дегенге үзілді-кесілді қарсымын. Кейде артымнан «апай, өркөкірек», «апайдың мінезі қиын» деп сөз айтылып жүргенін естіп қалам. Олай емес. Тек әрнәрсенің жөні, орны бар. Ата «жақсы адамның жақсылығын айт, бірақ жағымпазданба. Жаман адамның жамандығын бетіне бассаң да, жала жаппа» деп отыратын. Мен осыны басшылыққа ұстайтын адаммын.
– Таяуда ұлттық ән өнерінің жарқын өкілі Еркін Шүкімәннің шығармашылық кешінде болғанымыз бар. Байқағаным, залда отырған орта, орта жастан асқан әйелдердің көбісі концертті телефондарының камерасына түсіріп, әлеуметтік желіге салып жатты. Бір бірімен орысша тілдескендері құлаққа оғаштау естілді.
– Ұлт – әйел арқылы қалып­тасады. Орысшаға бейімділік те қо­ғамдық ауру. Қиғаштықты тоқ­тататын уақыт жетті. Бұл «өзің дуа­насың, кімге пір боласыңның» кебі. Бұл індетті мен де байқап жүрмін. Тісі сарғайған, самайы ағарған, немере сүйген әйелдер, сол немере, балаларынан көргенді жасайды. Концертте де, театрда да, тойда да. Бұл барып тұрған мәдениетсіздік, дарақылық. Театр, концерт көру мәдениеті бар. Баяғыда театрға барымызды киіп баратынбыз. Қыстың өзінде «туфлиімізді» газетке орап, өзімізбен алып жүретін ек. Қазір қалай болса солай базардан жетектеп, әкелгендей киіммен келеді. Үп-үлкен басымен, алды кебежедей, алды тегенедей болып шалбармен барады. Театр дегенің «өнердің мешіті» іспетті ғой. Сахнаның өзін әншілер былғап бітті. Оларға қарап, кейінгі толқын бой түзейді. Басының суы кеппеген жастар, солай жүруге, киінуге, өзін солай ұстауға болады екен ғой дейтін болды. Кішкене күлкіге дарақылана күлетінді шығардық. Қазақы әйел бейнесі өзінің қазақылығынан, биязылығынан, ибалығынан кетіп барады. Әйел бұзылды дегенше, ұлт бұзылды дей бер.
– Ал әйел бұзылмас үшін не істемек керек?
– Қазақтың отбасы институтын қайта күшейту керек. Қызды қырық үйден тыю сырға салумен бірге жоғалды. Ата-бабаларымыз қыз жеті жасқа келгенде құлағын тесіп, сырға салған. Оған дейін қуыршақ ойнап, үйшік жасап, жасырынбақ, қуаласпақ ойнап өскен қызға енді басына үкілі тақия, үстіне қос етек көйлек кигізіп, «сен енді ойын баласы емес, сырғалы әдемі қыз болдың» деп оның көңілін өсірген. Сырғалы қыз ендігі жерде жаңағы ойындарды ойнауға именеді. Оны ұят көреді. Ол енді кесте тігіп, шашақ түюді үйренеді. Үй тірлігіне араласып, анасына қолқанат болады. Анасы «барған жеріңде бізді ұятқа қалдырып жүрме» – деп бәрін үйрететін. Бұл болашақ келіндік жолдың басы, баспалдағы. Тәрбиелік мәні осыда жатыр.
Ал қазір қыздарымыз келін болуға дайындалмастан күйеуге тиеді де, оп-оңай ажырасып кетеді. Қызға әке үйінің оң жағынан кеткеннен кейін, әке үйі қайтып үй болмайды. Ол анда-мында сағынып, еркелеп, аунап-қунап кететін құтты мекен ғана. Ал қазір ата-аналар «ішіме сыйған балам, сыртыма да сыяды» дейді да, күйеуімен ұрсысып келген қызды, «қайтып барма! Сені жылату үшін тапқан жоқпын» деп алып қалып жатады. Сөйтіп тұрғаннан кейін қыз әкесінің үйінде қалмай қайтеді.
Ал енелер келінді келгеннен бастап өз ырқына көндірем деп жанталасып бағады. Кейін «айтқандарымды істемейді» деп келіндерін жамандайды. Мен ондай енелерге «Сенің соған қандай еңбегің сіңді? Сен оны түнде тұрып емізбедің, бақпадың, мектепке жетектеп апармадың, ауырған кезде түн ұйқыңды төрт бөліп, жанында отырмадың» деймін. Біреу оны өсірді, оқытты, шоқытты яғни бүтін бір дайын әлемді қолыңа «мә» деп ұстата салды. Енді оған ие бола алмағанда ене келінге не деп ренжиді. Мен айтам, «кез келген әйел ене бола алады, бірақ ана бола білу керек» деп.
Келін табалдырықты аттағаннан кейін оның түпкілікті үйі осы. Ененің қолын ұзартатын, жолын жалғайтын келін. Ене мектебін өтпеген келін емес. Өйткені кейін ол өз келініне ене болып жарытпайды. Ал баласын жақсы көріп, енесін жамандайтын келін, өзі таңдап, болмысын, мінезін ұнатып, өмірін сеніп тапсырған жарының анасын да солай сыйлап, құрметтегені ләзім. Баласы жақсы да анасы жаман болушы ма еді?! Әрине, жоқ. Міне, сондықтан енені жарының анасы деп қабылдаған дұрыс.
– Демек, кез келген келін барған жеріне «келсап» болам деп бармайды, тек ене мен келін арасындағы сабақтастықты жойып алдық дейсіз ғой.
– Асылында солай. Түсінісу барлық түйіткілді тарқататын тәсіл. Қандай да бір дау болса, екі жақты бірдей тыңдап, екі жақтың да уәжін ескеру керек. Түсіністікті мендей білетіндер кем де кем шығар. Атаны күту, оның бабын табу маған оңай болды дейсің ба?! Ой-ой-ой, ата деген екі жағы бірдей қайралған қанжар секілді, былай тартсаң осып түседі, былай тартсаң кесіп түсетін. Қазақта «басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» дейді. Ата-анамның тәрбиесінің арқасында, атаның бабын тауып, міне, бүгінде соның рахатын көрудемін. Қазақстанның қай жеріне бармайын, «атаның келіні» деп аяғымды жерге тигізбейді. Қазақ әйелінің бейнесі ата-енеге адал қызмет етумен биіктейді.
– Әуелі ата-анамның, кейін атаның тәрбие мектебінен өттім дедіңіз. Осы орайдағы сұрағы­мыз: ынжық еркек, өнегесіз әке неге көбейіп барады?
– Біз әкелерімізді пір тұтатынбыз. Өйткені анамыз «әкең келе жатыр» дегенде бас аяғымызды жинай қалатынбыз. Бір жаққа сұранғанда, аналарымыз «әкеңнен сұрайын, әкеңе айтайын» деп, баланың алдында әкені төбеге көтеріп тұра­тын. Анаң сөйтіп тұрған кезде, сен қалай әкеңді қадірлемейсің. Өзін сөйтіп тұрғаннан кейін әкеміз де анамызды қалай сыйлайтын. Даладан келгенде үстіндегі киімін іліп, қолына су құйып, етігін тазалап қоятынбыз. Бір сөзбен айт­қанда әкенің айбарымен, ананың мейі­рімімен тәрбиелендік. Әкені сыйлап өскен қыз болашақта ерін де солай сыйлайды.
Қазір ер азаматтарымыз кейбірі сондай ер-азаматтылыққа талпынбай жүр. Әлжуаз, ез жігіттеріміз бар. Тез байығысы келеді. Немесе Сейфуллин көшесінің бойында өзін құлдыққа бейімдеп тұратын еркектеріміз пайда болды. Тиыннан теңге жаралады. Қарап отырғанша, бірдеңеге жарап отырсаң ғана қолыңа бірдеңе түседі. Сондықтан жалқауланбайық. Аз болса да, маңдай термен тапсаң, соның берекесі болады. Үйіңе ырыс кіреді. Тап­қан нанның адалдығынан асқаны жоқ. Арам ақша, ол зауал, ал зауал соқпай қоймайды. Жа­ман­дық арқандаулы ат секілді, қай­тып айналып қазығын табады. Бұл жаратқанның заңы.
– Ұлттық дәстүрге жетік Ана ретінде, соңғы кездері белең алған қазақы дәстүр мен дінді қарсы қоюшылыққа не дейсіз?
– Біз 70 жыл бойы құдайсыз қоғамда өмір сүрдік. Бірақ қазақ ешқашан құдайшылдығын жоғалт­қан жоқ. «Құдайсыз қурай да сынбайды» деген бір-ақ ауыз сөзге барлығын сыйғызып тұр. Алайда діннің «фанаты» болған жоқ. Сол діни сенім тұншыққан кезең өтіп, тәуелсіздікке қол жеткеннен кейін, шекарамызды да, құшағымызды да ашамыз деп, көңілшектігімізден барлығына иіліп төсек, жайылып жастық болып кеттік. Батыстың да, шығыстың да көз құртына айналарымызды аңғармай, жем болып қалдық. Батыс келіп жалаңаштады, шығыс келіп тұмшалады. Діннен сусындап, елдің сауатын ашады деп шетелде оқытқан, талай жасымыз ол жақтан бөтен ілім үйреніп келді. Қазақты арабтандыруға тырысты. Ислам діні ұлттық құндылықтарды жоймайды. Керісінше, сол халықтың әдет-ғұрпының аясында тарайды. Ұлтты дінге қарсы қойғысы келетіндер, дінді жамылған жымысқылардың әрекеті. Олардың көздегені ұлт тұтастығын, біртектілігін жою. Мұсылмандықтың белгісі «хиджап ки», «сақал өсір» деп жастардың санасын улауда. Хид­жап арабтардың ислам діні пайда болғанға дейін киген киімі.  Олардың жері ыстық,  үнемі  құм­ды боран соғады. Сондықтан еркегі де әйелі де көзінен басқа жерін тұмшаланып жүрген. Қазақ әйелдері тек күйеуі қайтыс бол­ғанда ғана қара жамылған. Былайша, тұмшаланбаған.
Сосын арабтарда ағасының қы­зына, інісінің ұлы үйлене береді. Олай болса, арабтан неңі үйре­несің? Ислам арабтарға ғана емес, тұтас адамзатқа түсірілген асыл дін. Сондықтан мұсылман болу үшін, араб болудың қажеті жоқ. Сонымен қатар жастар­мыз­дыға білімін тереңдету керек. Секталардың шырмауына шырмал­ғандардың көбінде діни білім таяз, салт-дәстүрден хабары шамалы. Осы екеуін күшейтсек, қазақты еш жат ағым ығына көндіре алмайды. Иман тілде, киімде емес, жүректе болуы керек.
– Әңгімемізді, бір кездері Бауыржан атамызға қойылған сұрақпен аяқ­тағым келіп отыр. Сіз неден қорқасыз?
– Мен жамандыққа селқос қарап, етіміз үйреніп кете ме деп қорқам. Жер-көкте жаңалық деп жағаңды ұстататын, небір сұмдықтарды құдайдың құтты күнінде көрсететін болды. «Қырды, жойды, баланы тастап кетті, біреуді зорлады» бұл барлық ақпарат көздерінің басты тақырыптарына айналды. Жамандыққа тегін жарнама жасаудамыз. Қайғыға ортақтасқан, қуанышты бөліскен халық едік. Осының бәрі мейірімсіздікке әкеле ме деп қорқам.
Бізге ұлттық құндылық­тары­мызға қайта оралу керек. Су аққан жерден су ағады. Қазақ тамыры тереңге кеткен алып бәйтерек се­кілді. Шайқалса да құлауы қиын. Шай­қалдық, қисайдық, бірақ құла­мадық. Салт-санамыз­ды, әдет-ғұр­пымызды жаңғыртып, ұлт­ты­ғы­мызға қайтып келсек, әлі-ақ қазақылығымыз қайтып келеді.
– Мазмұнды да мәнді әңгі­ме­ңізге рақмет!

Сұқбаттасқан
Меліс СЕЙДАХМЕТОВ,
«Президент және Халық»

Жауап қалдыру