Әйел бағынбаса ұру керек пе?

0
28

Ерінің әйеліне қол сілтеп қалуы – ықылым заманнан келе жатқан, қанымызға сіңген сорақы қасиеттердің бірі. Ұрыс-керістің соңы балалардың құтын қашырып, әйелін соққыға жығумен бітеді. Шаңырақта шыққан топалаң шудан кейін, үсті-басы көк ала қойдай боп, әлсіздігіне налып сыңсып жылаған әйел үйде қалса, көзі қанталаған еркек есін жинай үйінен ытқып шығады. Қанша таяқ жесе де, кейбір әйелдер «балаларымды әкесіз қалдырмайын» деп өз-өзіне басу айтса, кейбіреулері «мұндай қорлыққа қашанғы төзуге болады» деп, заттарын жинап төркініне тайып тұрады.
Бәрінен бұрын еркектің өз ісіне өкінудің орнына әйе­лін са­бауды Ислам діні­нің қағи­да­ларынан іздеп өзін ақтай­тын­дардың болуы өкінішті. Дінді дұрыс түсінбеген шала мұ­сыл­мандардың «дінімізде әйелді ұруға рұқсат берген» деуі, өздерінің дөрекіліктеріне тап­қан сылтаулары ғана. Рас, «Ниса» сүресінің отыз төр­тін­ші аятында әйелді ұруға бола­тын­дығы айтылған. Бірақ денеге зақым келтіре соққылау немесе соңы ажырасуға алып баратындай таяқтау емес. Отбасын сақтау жолында айтылған осы аятқа кеңінен тоқталайық. Аятта Ұлы Жаратушы былай дейді:
«Әйелдеріңнің мойынсұн­ба­уынан (күнә істеуінен) сезік­тен­сеңдер, алдымен, оларға ақыл айтыңдар. Кейін (ақыл айтқаннан нәтиже шықпаса,) олардан бөлек жатыңдар. Сонан кейін (онда да қоймаса,) ақы­рындап ұрыңдар. Егер ба­ғынса, оларға жамандық жа­­саудың жолын іздемеңдер. Әл­­бетте, Алла ең үстем, ең ұлы».
Аяттағы «мойынсұнбау» сөзі – арабша «нушуз» деген сөзбен берілген. Бұл сөз күйеуінің ар-намысын аяққа таптаған, мүлде сөз тыңдамайтын, қа­шан­да күйеуіне қарсы келіп, үнемі ұрыс-керіс шығаруға да­йын тұратын көк долы әйел де­ген мағынаға келеді. Демек, әйел осындай сипатта бол­ғанда ғана оны тәрбиелеу мақ­сатымен қол көтеруге рұқ­сат етілген. Бірақ мұндай жағ­дайдың өзінде бірден ұру емес, тәрбиені ақыл-кеңес пен наси­хаттан бастау керектігі айтылған.
Алла Тағала Ислам діні ар­қылы осы жаман әдетті тыйып, әйелдеріңді дереу тепелей жөнелмеңдер, алдымен оларға насихат айтыңдар, тыңдамаса, төсекте бөлек жату арқылы жазалаңдар, сонда да қоймаса аздап, жанын ауыртпайтындай етіп ұруға болады деген. Рас, алдымен ақылға салып түсіндіру керек. Егер күйеуі шын көңілімен жанашыр ретінде әйеліне ескерту жасап, оның жаман қылықтарының қаншалықты зиянды екенін түсіндіре білсе, Алла Тағалаға иман ететін, мұсылмандықты ұстанатын әйел тәубасына келіп, күйеуінің сөздерінен-ақ тыйылуы әбден мүмкін. Себебі кез келген мұсылман жасаған қателіктері үшін о дүниеде Алла Тағаланың алдында жауап беретінін біледі.
Пендешілікпен кейде мұны бір сәтке естен шығарып алуы мүмкін. Егер оған құлақ аспаса, екінші сатыдағы тәрбие әдісі ретінде отағасына әйелін төсекте жалғыз қалдыру жазасы айтылған. Мұнда да Ислам ғұламаларының мәлімдеуінше, отағасы әйелін жалғыз қалдыру үшін үйін тастап кете алмайды. Тіпті басқа бөлмеге де барып жатуына болмайтындығын айтқандар да бар. Себебі ерлі-зайыптылардың арасындағы келіспеушілік оты отбасының өзге мүшелерін де шарпымауы керек. Яғни балалары мен отбасының басқа мүше­леріне араларындағы келіс­пеушілікті сездірмегені жөн. Әйелді төсекте жалғыз қал­ды­рып жазалау дегеніміз – күйеуі­нің төсекте теріс қарап жатуы. Осылай бірнеше күн бай­қап көруі тиіс. Себебі әйел заты әрдайым сүйікті бо­луды қалайды. Ал күйеуі жүзін бұр­май, төсекте теріс қарап жат­са, әйел еріксіз ойға бе­рі­ліп, өзінің қателіктерін түсінуі мүм­кін.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) да жұбайларымен арасында осын­дай бір келеңсіз оқиға бол­ған кезде (Тахрим оқиғасы) қырық күн бойы олармен тілдес­пей қойған. Оларды тәр­бие­леу үшін жұдырығын ала жүгірмеген. Пәк аналары­мыз да ол кісінің ешқашан қол көтермегенін айтады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) отбасында болған мәселелерді күшіне жүгінбей-ақ, әрдайым ақылмен, парасатпен шеше білген еді.
Аятта тәрбиелеу әдісінің ең соңында барып қол көтеру айтылған. Онда да аяусыз соққылау емес, жеңіл түрде ұруды меңзеген. Бұл ананың шектен шығып бара жатқан баласын құйрықтан ұрғаны секілді болса керек. Себебі, осы аятты хадис арқылы түсіндірген Алла елшісі (с.а.у.) былай деген: «Әйелдеріңмен жақсы қарым-қатынаста бо­лыңдар. Себебі олар сендерге берілген аманат. Ашық түрде жа­маншылық жасамайынша, оларға жақсылық жасаудан басқаға құқықтарың жоқ. Егер олар жамандық жасаса, төсекте жалғыз қалдырыңдар және жай ғана ұрыңдар. Осыдан кейін сендерді тыңдаса, тағы да ұру үшін сылтау іздемеңдер. Біліп қойыңдар, сендердің әйелдердің алдында ақыларың секілді, олардың да сендердің алдарыңда ақысы бар. Төсектеріңді басқаға таптатпау, қаламаған кісілеріңді үйлеріңе кіргізбеуге құқықтары бар. Әйелдеріңнің алдындағы міндеттеріңнің бірі – киім-кешек пен азық-түліктерін қамтамасыз етулерің».
Осы хадиске сүйене отырып, сахаба Абдуллаһ ибн Аббас (р.а.) тек қана тіс тазалайтын мисуак және соған ұқсас нәрселермен ғана ұруға болатынын, ал таяқ және темір секілді қатты нәрселермен ұруға болмайтынын айтқан. Тағы бір ескерер мәселе, хадисте «ашық түрде жаманшылық жасамайынша» деу арқылы Пайғамбарымыз (с.а.у.) әйел­дің жамандық жасағанына анық көз жеткізгеннен кейін барып жазалау керектігін, яғни істің ақ-қарасын анықтамай, алып-қашпа сөздерге сүйеніп әйелді жазғыруға болмайтынын мәлімдеген.
Жалпы, ер адамның әйелге қол жұмсауы – оның әл­сіз­дігінің дәлелі. Қара күшке тек надандар ғана сенеді. Ал өзінен күшті біреу табылса, алдында емпеңдей кетеді. Бір істің ақ-қарасын айыруға байып пен төзім керек болса, сол сабырға жету үшін тәрбие керек. Әркім өзін тәрбиелесе, өзіне күші жетсе, кінәні өзінде деп білсе өмір қалай болар еді? Басқа біреудің кемшілігін айтып шағымданбас бұрын адам өз ісін бағамдау керек емес пе? Еркектер көбінесе «менің әйелім» деп иемденіп, қол көтереді. Сүйген жарының, керегесіндей сүйенер кемеңгерінің бұл қылығы әйелге ауыр келеді. Біреу кеңдігімен, біреуі кешірімділігімен, енді біреуі бала үшін шыдап бағады. Әйтсе де, әр сөздің ауыртпалығы жүректе сақталады, денедегі таяқ ізі кетсе де жүректегі ізі кетпейді. Жұбайлар арасындағы сый­ластық сол алғашқы таяқтан-ақ жоғалары сөзсіз.
Әйелдің еріне сеніммен қа­рауы көзден бұлбұл ұшады. Біреуі қорыққандықтан көнсе, енді бірі көз жұма қарап төзсе, шыдай алмағаны кетіп тынады. «Шыдау» деген сөздің өзі қандай қорқынышты. «Өмірлік серігіңе, жарыңа шыдау» деген, адамның өмір бойы еңсесі бір көтерілмей өту дегенмен бірдей емес пе? Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір күні сахабаларына «Адамдардың ішіндегі ең жаманы әйелі мен балаларына жайсыз адам» – дейді. Сахабалар: «Бұл қалай болмақ?» – деп сұрағанда: «Ол үйге келгенде әйелі үркіп, балалары қорқып қашады» деген екен. Бір төсекке бас қойып, артынша аяусыз таяққа жығып отырса, әйелдің жан-дүниесі астан-кестең болары ақиқат. Оны көрген бала да жауыздықтан жиіркенбей өспей ме?! Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Балаңызға арнаған ең үлкен жақсылығыңыз – оның анасын сүйгеніңіз», – деген. Ислам дінінде әйел – Алланың аманаты. Әйеліне қол көтергендер Алланың қаһарына ұшырайтынын білуі керек.

Шәмшат ӘДІЛБАЕВА

Жауап қалдыру