Ізденіс – ілімнен, жетістік –білімнен

0
16

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың кезекті Жолдауы ғылыми қауымдастық арасында аса үлкен серпіліс туғызды. Елбасы биылғы Жолдауда білім беру, мұғалімдердің статусы, денсаулық сақтау салалары секілді аса маңызды мәселелерге тоқталған болатын. Соның ішінде педагогтар дәрежесін көтеру мәселесіне айқын басымдылық жасалды.
Оқытушылардың жұмыс тиімділігін арттыру үшін олардың иығына жүктелетін ұзын-сонар міндеттерді азайту керектігі тапсырылды. Ұсақ-түйек шаруаларға алаңдатушылықты азайтып, ұстаздардың алтын уақытын өзінің тікелей міндеті – оқытушылық қызметіне бағыттау қажет екендігі сөз болды. Сонымен қатар, «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажет деп есептеді. Президентіміз: «Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс», – деп бастап білім беру саласындағы дара даму, ерекше оқыту сапасы, білім бәсекелестігін арттыру жолындағы өзгерістер мен жаңартылған мазмұны туралы нақты қадамдарды анық жеткізген. Білім алу сипаты әртүрлі екенін ескерсек, заманауи білім беру жүйесінің мақсаты – бәсекеге қабілетті, жан-жақты, көп тіл білетін маман дайындау қажет деп есептейді. Сондай-ақ білім беру сапасын жоғары деңгейге көтеру бүгінгі күннің талабы.
Бүгінгі таңда Шымкент қаласында да білім сапасы артып келеді. Облысымызда сапалы білім беру ісіне ұдайы көңіл бөлінуде. Сонымен қатар, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің желісін кеңейтуге де ерекше назар аударылуда. Мұнымен қоса, ЖОО-да алдыңғы қатарлы шетелдік оқу орындары және халықаралық қорлармен бірлескен жобалар белсенді жүзеге асырылып келеді. Сондай-ақ орта мектептердің өзінде балаларды мейлінше сұранысқа ие мамандықтарға бейім­деп, кәсіби диагностика жүргізілмек. Бұл оқытудың жеке бағдарын жасауға және оқушы мен мұғалімнің оқу жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Балалар қауіпсіздігінің маңызды­лығын ескеріп, бүкіл мектептер мен балабақ­шаларды бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етуді, мектеп психологтарының жұмысын күшейтуді және басқа да дәйекті шараларды жүзеге асыру қажеттегін Елбасы баса айтты. Жолдауда берілген бағыттар бойынша бірқатар тапсырмалар жүйелі түрде іске асырылып жатыр. Себебі, білім жүйесі дегеніміз өткен ұрпақтың келер ұрпаққа деген мұрасы. Сондықтан да, Президентіміз Н.Ә.Назарбаев тапсырған жұмыстарды сапалы түрде атқарып, еліміздегі білім беру саласын айрықша дамыту біздің міндетіміз.

Аят АЛЖАНОВА,
Шымкент қаласы білім басқармасының №1 үш тілде оқытатын мамандандырылған мектеп-интернат директоры

Жауап қалдыру