Инвестициялық мүмкіндік үлкен істерге бастайды

0
97

Экономикаға инвестиция тарту iшкi жинақтардың және қаражаттардың жетiспеушiлiгiнен құтылуға, өндiрiстiң өсуiне, экспорттың жоғарылауына, импорттың төмендеуiне, тауарлық тапшылықтың қысқаруына және өндiрiстi ұйымдастырудың тиiмдiлiгiн жоғарылатуға көмектеседi. Бүгінгі таңда республика бойынша Атырау облысы осындай саяси-экономикалық маңызды мәселелені шешуде жетекші орынға ие.
Атырау облысы әкімдігі аймақтың инвестициялық кли­матын жақсарту және об­лыс экономикасына тіке­лей шетелдік инвести­цияны тарту бойынша жү­йелі жұмыстар жүргізуде. Өңір­де инвестициялық кли­мат­ты жақсарту және шетелдік инвесторлардың қыз­метіне қолайлы жағдай жа­сау мақсатында «Атырау Innovations» ЖШС жа­ңа ұйымы құрылған болатын. Ұйымның басты мақ­саттарының бірі – отан­дық және шетелдік инвес­торларға сапалы және жедел көмек көрсету үшін ақпа­раттық-аналитикалық және сервистік қолдау көрсету. Бүгінгі күнде Атырау облысы әлемнің 50-ден аса елдерімен ынтымақтастықта. Облыста өкілдіктерді және филиалдарды қосқанда мыңға жуық бірлескен және ше­телдік кәсіпорындар құ­рылып, ойдағыдай жұмыс іс­теуде.

Үстіміздегі жылы Беларусь Республикасының іскерлік тобы Атырау облысында іс-сапармен болды. Делегация құрамына Гомель об­лысы кәсіпорындарының өкіл­дері енді. КПРСУП «Гомельоблдорстрой», РУП «Го­мельская областная сельскохозяйственная опыт­ная станция» ОАО «Ком­бинат «Восток», ОАО «Буровая компания «Дельта», ОАО «Гипроживмаш», ЧСУП «Митэкстройэнерго», ООО «НПП Брандтрейд» сынды нарықта тәжірибелі кәсіпорындар өкілдері келді. Іс-сапар Аты­рау облысының әкімдігі және Атырау облысының Кә­сіп­керлер палатасымен бірлесіп, Қазақстан рес­пуб­ликасындағы Беларусь Рес­пуб­ликасының елші­лі­гінің қолдауымен өтті. Атырау облысы әкімдігінде беларус делегациясын облыс әкімінің бірінші орынбасары Сағындық Лұкпанов қарсы алды. Гомель облысының облыстық БелТПП бөлімінің бас директоры Марина Владимировна Филонова Гомель обласысының және БелТПП Гомельдік бөлімінің жұмысы туралы таныстырды. Іс-сапар барысында Атырау облысының бірқатар ірі кәсіпорындары басшыларымен кездесу өткізді: «Тенгиз­шевройл» ЖШС, «Эмбаму­найгаз» ЖШС, «Аты­рау» ӘКК» АҚ, «Kazakhstan Petrochemical Industries» ЖШС, «Жигермунай­сер­вис» ЖШС, ГК «DANA GROUP», Атырау облысы Құрылыс басқармасы және Автомобиль жолдары басқармасы басшыларымен және т.б. кездесті. Екі­жақ­ты кәсіпкерлік кез­десу­де өңір экономикасына инвес­ти­ция тарту мәселесі де шет қалмады. Еура­зия­лық экономикалық одақ аясын­дағы екі ел сауда-саттық пен іскерлік байланыстарды жетілдіру жайында келісім-шарттарға қол қойды.
«Атырау Innovations» жаңа ұйымы құрылғалы об­лысқа ресми іс-сапармен келуші шетелдік делегациялар артып, өңірге мол инвестиция тартыла бастады. Солардың қатарында – Ресей және Жаңа Тәуелсіз Мемлекеттер экономикасы ғылыми-зерттеу институты директорының орын­басары Мики Вадзима­ның басшылығымен жапон делегациялары келді. Сапар шеңберінде делегация облыс басшыларымен кездесті және «Ұлттық индустриалды мұнай химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағына барды. Бұл сапарда «Ұлттық индустриалды мұнай химия технопаркі» заманауи құрал-жабдықтармен жаңарту шарттамасы мен тәжірибе алмасуға келісілді.
Мұнан бөлек Оңтүс­тік-Африка Республикасының Қазақстандағы Елшісінің Кеңесшісі – Ренске Фос ресми іс-сапарымен келді. Кездесу кезінде Елші Кеңесшісі аймақтың инвестициялық тартымдылығымен таныс­ты, сондай-ақ Атырау об­лысы мен ОАР арасын­дағы мүмкін болатын ынты­мақ­тастық бағыттарын тал­қылады.

Бүгінде Қазақстан Эконо­микалық ынты­мақт­астық және даму ұйымының Ха­лықаралық инвестициялар көпұлттық кәсіпорындар дек­ларациясына қосылған 48-ші ел және ЭЫДҰ Инвестициялар комитетінің қауымдастырылған мүшесі. Нәтижесінде ЕЫДҰ бастауымен «Қазақстандағы өңір­лердің бәсекеге қабілеттігін арттыру» бағдарламасы аясында облыс делегациясы Францияның химиялық саласын қолдау тәжірибесімен танысуға және іскер байланыс орнатуға Париж бен Лион қалаларына оқу сапарына барып келді. Делегация құрамына облыс әкімдігі, Аймақтық кәсіп­керлер палатасы, Атырау поли­тех­никалық колледжі мен өңірдің мұнай-хи­мия­лық компа­ниялары­ның (Хи­миялық компа­ния­ларының ұйымы, «Рауан Налко» ЖШС-і, «KPI» ЖШС-і) өкіл­дері кірді. Қазіргі таңда, мұ­най-газ және химия са­ла­сындағы екі француз ассоциа­циясының Атырау об­лысына жауап сапарымен ке­луге қызығушылық таныт­қан.
Жоба аясында өңірге Нор­вегия Корольді­гінің Қа­зақстан Респуб­лика­сын­дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Оле Йохан Берноймен іс-сапармен келді. Сапар аясында облыс басшылығымен кездесіп, Атырау облысының Норвегия Корольдігі арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Кездесу кезінде Нидерланды Корольдігі мен Атырау облысы арасында жос­пар­ланған сауда миссиясын жандандыру жайлы ұсы­ныстар жасалды.
Өңірдің экономикалық бә­секелестігін арттыр­у мен инвестиция тарту мақ­са­тында өткен жылы «ATYRAU INVEST – 2017» IV халық­аралық форумы ұйым­дастырылды. Оған ор­та­лық және жергілікті мем­ле­кет­тік мекемелер, ұлттық компаниялар мен даму институттарының, елі­міз­дегі дипломатиялық өкілдіктердің өкілдері, шетелдік және отандық инвес­торлар ша­қырылды. Фо­румға 20 мемлекеттен 500 қатысушы келді. Облыс әкімдігі «ITECA» халық­ара­лық көрме компаниясы мен Атырау мұнай жә­не газ университе­ті­мен бірлесіп қолға алған шара­ның мақсаты – ай­мақ­тың инвес­тициялық мүм­кіндік­тері­мен таныстыру, облыс экономикасына жә­не нақты инвестициялық жо­ба­ларға инвестиция тарту.
Айта кетейік, Атырау облысы – инвестиция тартудан көшбасшы аймақ, өткен жылы елімізге тартылған инвестиция көлемінің 25 пайыздан астамы мұ­найлы өңірдің үлесіне тиді. Индус­трияландыру бағдар­лама­сы бойынша облыста 2016 жылы жеті жоба жүзеге асты. Ал 2017 жылы жалпы құны 11,8 млрд теңге болатын төрт жоба іске қосылды. Форум аясында «Global Oil&-Gas Atyrau 2017» Солтүстік-Каспий аймақ­тық көрмесі өтіп, өңір­­дегі инвестициялық жоба­лар жайында кең мағ­лұ­мат берілді. Облыс әкімі дип­ломатиялық корпус пен қатысушы компания өкілдерін қабылдап, келіс­сөз­дер жүргізді. Ал бизнестік құрылым жетекшілері өзара іскерлік кездесулер өткізді. Сондай-ақ, «Мұнай-газ кластері – аймақтың бә­секеге қабілеттілігін арт­тыру құралы», «Жоба менеджменті немесе инвести­ция тиімділігінің шарттары» тақырыптарында пле­нар­лық мәжіліс өтті. Бұл шара­лардың барлығы өңір эконо­ми­ка­сы­ның қарқында дамуына әсер етті деуге толық негіз бар.
Және бір айта кетер жайт өткен жылы Атырау облысы Ұлыбританиямен іскерлік байланыс орнатты. Нәтижесінде өңірге 40 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылмақ. Әріптестік негізде Атырау облысында құбыр жүйесі арматурасын шығаратын жаңа зауыт іске қосылды. Ол өңірдегі экономиканы әртараптандыру және индустрияны дамыту жобасы негізінде іске асты. Құбыр жүйесіне қажетті ондаған бөлшектер енді Атырауда шығарылатын болады. «Қазақстанда жасалған» деген белгімен шетелдерге саудаланады. Бұл шетел инвестициясын тарту арқылы іске асырылған ауқымды жоба. Бұл жайлы Ұлыбританияның Сауда және инвестиция ми­нистрлігінің өкілі Кэмп­белл Кеир: «Бізді Қазақ­станда қолайлы инвести­циялық климат қызық­тырады. Сіз­дерде өндірістік бизнеске мемлекет тарапынан үлкен қолдау бар. Нәтижесінде аз уақытта Атырауда 60-қа тарта бірлескен кәсіпорын құрылып отыр», – деген еді.
Ұлыбритания мен Қазақ­станның Атырау облысы арасындағы тауар айналымы артып келеді. Өткен жылдың 5 айында көрсеткіш екі есеге өсіп, 123 млн АҚШ долларын құраған. Қазіргі таңда мұнайлы өңірде британдық инвестиция қатысуымен 126 бірлескен компания жұмыс жасайды. «Қазақинвест» ҰК Атырау өңірлік филиалының жетекшісі Азамат Асылбеков: «Қазіргі таңда «Қазақинвест» АҚ ұлттық компаниясы Атырау облысына жылына шетелдік инвестициядан келетін тікелей 3 млрд доллар тартуды жоспарлап отыр. Біз осы жоспарды орындау мақсатында инвесторларды тарту мақсатында мемлекеттік қолдау шараларын «жалқы терезе» жүйесімен көрсетуге дайынбыз», – деген болатын. Мамандардың пайымдауынша бұл – тек осы саладағы тұңғыш шетелдік инвестиция. Жалпы жоба 5 жылға жоспарланған. Егер зауыт өніміне сұраныс көбейсе, өндірісті кеңейту ойда бар.

Исатай ЕРЖАН

Жауап қалдыру