Инфрақұрылымдық нысандарға инвестиция тартылмақ

0
97

Таяуда Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов пен ұлыбританиялық «Global Project Capital Ltd» компаниясының бас директоры Кеннет Фултон өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Меморандум Ақтау қаласын­дағы инфрақұры­лымдық және көліктік нысандардың, жол құрылысы саласындағы жоба­лардың кезең-кезеңімен жүзеге асырылуындағы ынтымақ­тас­тықты көздейді. Жергілікті атқарушы орган өз кезегінде инженерлік инфрақұрылымды – газ, су, электр желілерін, жол және жылу жүйесін жүргізіп беру жұмыстарын міндетіне ала отырып, 800 гектар көлемінде жер учаскелерін жалға береді.
– «Global Project Capital Ltd» компаниясы қаржы ресурстарын бөліп, облыстың әлеу­меттік дамуына үлес қоса­тын болды. Болашақта біздің ынтымақтастығымыз жақсы нәти­­желерге жеткізетініне сенім­дімін. Бүгінгі таңда біз туристік шағын ауданның құрылысы бойынша жобаны жүзеге асыруды бастап кеттік. Жоспар бойынша жаңа шағын ауданның аумағында меди­циналық мекеменің, мектептің, ойын-сауық нысандары мен сауда орталықтарының құры­лыстары жүргізілетін болады. Сондай-ақ, жаңа жұмыс орындары ашылады. Біздің тарапымыздан инфрақұрылымды жүргізуге қатысты барлық жұмыстар жасалады, – деп атап өтті Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.
Жоспарланып отырған ны­сандарға – су тазалау мен жылу жүйелері, Ақтау халық­аралық әуежайы мен Ақтау халық­аралық теңіз сауда портын дамыту, жасыл энергия көздерін (күн және жел) пайдалана отырып сұйытылған табиғи газ бен технологияларды қолдану арқылы энергияны жеткізу, медициналық және өзге де әлеуметтік нысандарды қаржыландыру, облыстағы ауыл шаруашылығын дамыту, жылыжай кешендерінің құрылысы мен азық-түлік тауарларын шығару, ірі туристік нысандарды тұрғызу секілді салаларға жаңа технологиялар енгізу кіреді. Алғашқы кезеңге 500 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция бөлінеді.
– Бүгін біз үлкен жобамызды іске асыру жолында алғашқы қадамымызды жасадық. Жасыл энергетика көзін пайдалана отырып әрі қарай Маңғыстау облысының жұртшылығына беру және су тазалау, сәулет, білім мен денсаулық сақтау салаларына жаңа инновация әкелу арқылы осы өңірдің дамуына өз үлесімізді қосудамыз. Бұл қала жаңа технологиялар бойынша алынған және құрылған шаһар болмақ. Ол теңіз жағалауынан басталып, үйлер өсу деңгейі бойынша тұрғызылады. Яғни басында шағын үйлер салынса, содан кейін ұзын және одан да ұзын үйлер бой көте­реді. Үйлердің жартысы шыны шатыр секілді дәліздер арқы­лы байланысатын болады, олар­ға ауа-райын бақылайтын қон­дырғылар орналастырылады. Барлық үйлерде тек қана жер асты паркингтері болады, – деп атап өтті «Global Project Capital Ltd» компаниясының директоры Кеннет Фултон.
Өзара ынтымақтастықтың тиімді болуы үшін және жобаларды сапалы іске асыру үшін бірлескен кәсіпорын құрылатын болады.

Маусымжан ДИХАНБАЕВА
«Президент және  Халық»

Жауап қалдыру