Үгіт-насихат жұмыстары жалғасуда

0
225

Үстіміздегі жылғы 9 маусымда өтетін президент сайлауының дүбірі жақындаған сайын үміткерлердің сайлауалды науқан аясындағы жұмыстары қыза түсуде.

     22 мамыр күні Қазақстан Президенттігіне кандидат Аманкелді Таспиховтың сенімді өкілдері әуелі Қызылорда облысында «Жолаушы» акциясын өткізіп, Түркістан облысында насихат парақшаларын таратты. Ал Жамбыл облы­сын­дағы штаб мүшелері шал­ғай ауылдарды аралап жүр.
Қызылордада кәсіподақ жастары орталық автобекетте, елді мекендерге қатынайтын автобустарда, темір жол вокзалында, аялдамаларда жолаушыларға үгіт-насихат материалдарын таратты. Ал Түркістан қаласында жастар халыққа насихат парақшалары мен президенттікке үміткер Аманкелді Таспиховтың сайлауалды бағдарламасы бар кітапшалар үлестірді. Штаб мүшелері мұнда да халық көп шоғырланған жерлерде болып, насихат жұмыстарын жүргізді. Яссауи кесенесі, «Рәміздер алаңы» аллеясы, орталық базар сияқты орындарда тұрғындар сайлауалды материалдармен танысты. Жамбыл облысындағы кездесудің бірі Мойынқұм ауданына қарасты шалғайдағы Бірлік ауылының «Жастар» клубында өтті. Штаб мүшелері ауыл халқына өз кандидаттарының бағдарламасын таныстырды.

Ал 21 мамырда «Ақ жол» демократиялық партиясы атынан президенттікке үміткер Дания Еспаева Қарағанды өңірінде кездесу өткізді. Іс-шараға партия төрағасы Азат Перуашев, Мәжіліс депутаты Ерлан Барлыбаев, партия төрағасының орынбасары Дмитрий Васильев қатысты.
Кездесу барысында қараған­дылық кәсіпкерлер Дания Еспае­ваның сайлауалды бағдарла­масымен танысып, өз ойлары­мен бөлісті. Жиында елдегі ша­ғын және орта бизнесті дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және салықты азайту секілді мәсе­лелер қозғалды. Кәсіпкерлер аймақ­тағы жеке бизнестің ахуалын айтып түсіндірді.
Осы күні «ақжолдықтар» үміт­кер Дания Еспаеваның сайла­уалды бағдарламасын Қара­ғанды турбомеханикалық зауы­тында да таныстырды. Кәсі­порын жылу электростанция құрылғыларын жөндеу, қосалқы жабдықтарын даярлау саласында 25 жылдан астам уақыт жұмыс істейді. Осы жылдар аралығында түрлі қуаттағы төрт жүздей турбина жөндеуден өтті. Зауыт жұмысшыларымен кездесу барысында үміткер отандық бизнесті қолдау, ішкі нарықта қазақстандық кәсіпорындарға басымдық беру туралы өз ойларымен бөлісті. Сайлауалды штаб мүшелері көпшілікті мазалаған сұрақтарға жауап берді.

Президенттікке үміткер Қа­сым-Жомарт Тоқаевтың Рес­пуб­ликалық қоғамдық штаб өкіл­дері Батыс Қазақстан өңі­рін­де кездесу өткізді.
Алғашқы кездесу «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ-да өтті. Қоғамдық штабтың жетекшісі Мәулен Әшімбаев басқосу барысында кандидаттың сайлауалды бағдарламасы туралы жан-жақты айтып берді. РҚШ басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қолға алған бағытты жалғастыратынына ай­рықша тоқталды. Сон­дай-ақ, канди­даттың өз бағдарла­ма­сында Қазақстанның страте­гиялық әріптес саналатын бірқа­тар мемлекеттермен тиімді қа­рым-қатынасты дамытуды көз­деп отырғанын тілге тиек етті.

Үгіт-насихат жұмыстарын жалғастырып жатқан «Ауыл» пар­тиясы ұсынған кандидат Төлеутай Рақымбековтің сенімді өкілдері Семейде сайлаушылармен кездесті.
Семейдегі ұн-құрама жем зауытында өткен кездесуде Төлеу­тай Рақымбеков бағдарлама­сын­дағы бірқатар бағыттар қызу талқыланды. Зауыттың ға­сырға жуық тарихы бар. Қазір онда маңайдағы ауылдар­дан шикізат жиналып, айына 15 мың тонна дайын өнім шығары­лады. Осыған орай, жиынға қа­тысушылар Төлеутай Рақым­беков бағдарламасында осындай кәсіпорындардың мәселесі көтерілгенін, оны оңтайлы шешу жолдары да көрсетіл­генін сөз етті. Төлеутай Рақым­беков­тың өңірдегі сенімді өкіл­дерінің сөзінше, ауыл – экономи­камыз­дың негізі, өндіріс­тің ошағы және рухани байлықтың қайнар көзі.
«Сондықтан, ауыл мәсе­лесіне бей-жай қарауға болмайды», – деді жиында үміткердің сенімді өкілдері.

Екінші мәрте президенттікке кандидат атанып отыр­ған ҚКХП партиясының аты­нан ұсынылған Жамбыл Ахмет­бе­ковтің штабы қызылор­да­лық дәрігерлермен кездесті.
Ең алдымен облыстық штаб өкілдері орталықтың ұжымымен және қызметімен танысты. Өңірлік штаб басшысы Т. Телеубаев ҚКХП-ның Мәжілісте мемлекеттік деңгейде жұмысшы таптың мүддесін қорғау мүмкіндігі бар екенін айтты. Партия өкілдері әлеуметтік-экономикалық си­пат­тағы мәселелерді көтереді, со­ның ішінде депутаттардың медицина саласына қатысты көтерген мәселелері ерекше аталып өтті.
Жиында Т. Телеубаев сайлауалды тұғырнаманың негізгі бағыт-бағдарына тоқталды. Сонымен қатар, ол партия адам өмірінің сапасын арттыру бойынша мемлекеттік саясаттың іске асырылып жатқан стратегиялық басымдықтарын қолдайтынын және медицина саласы қызметкерлерімен қатар халық салауаты үшін еңбек етуді өзінің борышы санайтынын атап өтті. Спикерлердің сөзінен кейін кездесуге жиналғандар көкейдегі сұрақтарын қойды. Оның басым бөлігі медқызметкерлердің жалақысын көтеру, баспанамен қамту, кадр тапшылығы және тағы басқа мәселелерге қатысты болды.

Үгіт-насихат жұмысын белсенді жүргізіп жатқан кандидат­тардың бірі – Әміржан Қосанов. Ол 21 мамыр күні елорданың проблемалы тұрғын үйлерінің үлескерлерімен кездесті. Тараптар қалыптасқан жағдайды талқылап, мүмкін шешімдерді ұсынды.
Ә.Қосановтың сайлауалды штабы оның алдында 19 мамыр күні Нұр-Сұлтан қаласында Тілендиев көшесіндегі тұрғын үйлерді аралап, «Сәлем» базарында үгіт-насихат материалдарын таратты. Тұрғындар кандидаттың сайлауалды тұғыр­намасының бағыттарымен танысып, халықтың әлеуметтік мәселелерін шешу бойынша өз ұсыныстарын білдірді.
Сондай-ақ Әміржан Қосанов­тың Семейдегі сайлауалды штабы да тұрғындармен белсенді жұмыс жүргізуді бастады. 19 мамырда облыстық штаб қалалық мәдениет үйінде халықпен кездесу ұйымдас­тырды. Бұл акцияны тұрғындар мен қонақтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізген 20-ға жуық белсенді қолдады. Штабтың бір мүшесі үміткердің өмірбаяны және оның өмір жолы туралы сөз қозғап, сұрақтарға жауап берді. Науқандық топтың тағы бір өкілі қатысушыларға кандидатттың сайлауалды тұғыр­намасының негізгі бағыт­тарын таныстырды.

Ал Президенттігіне кандидат Сәдібек Түгел 20 мамырда Алматыдағы Қазақ спорт және туризм академиясында ҚР зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізді.
Кездесуге аталған оқу орны­ның студенттері де қатысты. Сәді­бек Түгел сайлауалды бағдар­ламасы туралы тарқатып айтып берді. Кездесуге «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ғалым Жайлыбай, «Мысль» журналының бас редакторы Аяған Сандыбай, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, белгілі композитор Болат Әшірбаев, ақын Алмас Ахметбеков, Қазақ спорт және туризм академиясының бірінші проректоры Мұхтар Есқа­лиев қатысты. Кешті белгілі журналист Алма Серік­қали­қызы жүргізді.

ҚазАқпарат

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына 12 067 475 сайлау бюллетені дайындалады. Сайлау бюллетенінің нысаны Орталық сайлау комиссиясының 2018 жылғы 23 тамыздағы № 11/192 қаулысының 1-қосымшасына сәйкес белгіленген. Сайлау бюллетенiне мемлекеттiк тiлдiң әлiпбилiк тәртiбiмен тегi, аты, әкесiнiң аты көрсетiле отырып, барлық тiркелген кандидаттар енгiзiледi.
Сайлау бюллетенін дайындауға 132 742 225 теңге жұмсалған. Бір бюллетенді жасау құны 11 теңге. Қорғалуында екі жағында да тангир торшасы, айрықша елтаңба бейнесі, бюллетен мәтіні бойынша өзге де элементтердің айрықша бейнесі бар.
Бұл күндері Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына 59 шетелдік бақылаушы аккредиттелді. ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Зәуреш Баймолдинаның атап өтуінше, Сыртқы істер министрлігінен бірқатар миссиялардың бақылаушыларын аккредиттеуге ұсыныстар келіп түскен. Оның ішінде 35 бақылаушы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығынан бақылаушылар миссиясының, 1 бақылаушы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы миссиясының, 7 бақылаушы Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі миссиясы құрамына кіреді.
20 мамыр күні Орталық сайлау комиссиясында ҚР ОСК төрағасы Берік Имашев пен ТМД Атқару комитеті – атқарушы хатшысы төрағасының бірінші орынбасары Виктор Гуминскийдің кездесуінен кейін Президент сайлауын ТМД-дан 300 бақылаушы қатысатыны айтылған болатын.

Жауап қалдыру