Гүлнар Сейітмағанбетова: Қандастар көші жандана түседі

0
82

Парламенттің бесінші сессиясында қабылданған Заңның бірі көші-қон мәселелерін реттеуге бағытталған. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның жағымды да, ұтымды тұстары туралы Мәжілістің экс-депутаты Гүлнар Сейітмағанбетова газет тілшісіне әңгімелеп берді.
– Гүлнәр Сүлейменқызы, дәл бүгінгі күні еліміздегі ең маңызды оқиға Парламент Мәжілісінің таратылуы болып отыр. Көші-қон тақырыбына ауыспай тұрып осы оқиғаға көзқарасыңызды білсек деп едік.
–Біз төрт жыл қызмет еткен Парламент Мәжілісінің таратылуы уақыт талабы деп ойлаймын. Дағдарыстық кезеңде қара бастың емес, елдің, ел экономикасының жағдайын ойлаған дұрыс. Сондықтан бұл оқиғаны драмаға айналдырмай түсіністікпен қабылдадық. Барлық күш-жігер елдің алдағы дамуына жұмылдырылуы керек.
– Ағыңыздан ақтарылған пікіріңізге рахмет! Енді о баста келіскеніміздей көші-қон тақырыбына ойысалық. Халықтың көші-қонына байланысты өзгерістерді ел тұрғындары ғана емес, шетелдегі қандастарымыз да елеңдеп күткен Заң екені анық. Осы заңды қабылдау барысында қандай жұмыстар атқарылды?
– Бізде бар мәліметтерге сүйенсек, тәуелсіздік жылдары елімізге шетелден 1 миллионға жуық қазақтар көшіп келді. Бұл ел тұрғындарының 5,5 пайызын құрайды. Дегенмен, шетелде әлі де көптеген қандастарымыз тұрып жатыр. 2013 жылы заңға енгізілген өзгерістерге орай көші-қонның үдерісі баяулап қалды. Себебі онда бірталай кедергілер болған еді. Ал мына заң жобасының ең басты жаңалығы этникалық қазақтардың көші-қоны төңірегінде туындап отырған мәселелерді шешуде, соларды жеңілдетуде бірқатар нақты-нақты жаңа нормалар қабылдануымен ерекше екенін айта кетуім керек. Үкіметтен де бірнеше жаңа нормалар келіп түскен еді, бірақ депутаттар тарапынан олар жетілдірілді.
Бұрынғы заң бойынша бізге шетелден келген қазақтар азаматтық алуы үшін әуелі Қазақстанда төрт жыл тұруы міндетті болған еді және өзінің төлем қабілетін растауы қажет болатын. Белгілі бір мөлшерде, 2 млн теңгеден астам қаражатты банкілік есепшотқа құюы керек болды. Сол сияқты Үкімет айқындаған өңірге баруы міндеттелді. Сонда ғана оралман мәртебесін алды, аздаған жеңілдіктер берілді. Ал басқа өңірге көшіп келсе, оларға оралман мәртебесі берілмей, бірқатар қиындықтарға ұшырады. Енді біз жаңа Заңмен осы кедергілердің бәрін алып таста­­дық деуімізге болады.
Біріншіден, келетін этникалық қазақтар қоныстанған өңіріне қарамастан, Қазақстанның қай облысына келсе де, оралман мәртебесін ала алады. Екіншіден, төрт жыл тұруға міндетті емес, Қазақстан азаматтығын бір жылдың ішінде ала алады. Жалпы, өтініш берген күннен бастап, үш айдың ішінде де алу мүмкіндігі бар. Бірақ бір жылдың ішінде азаматтықты алып болуы керек. Төлем қабілетін растау талап етілмейді. Кедергі келтірген осы үш мәселе бойынша біздер бірталай жеңілдіктер жасадық. Сондықтан қандастарымыздың көші-қоны алдағы уақытта қайтадан жандана түседі деп ой­лаймыз.
Жұмыс тобының құрамына қандастарымызды біріктіре­тін қоғамдық ұйымдардың өкіл­дері енді. Оның бірі «Жебеу» қоғамдық ұйымынан Ауыт Мұқибек деген азамат, ол Қы­тай қазақтарының проблемаларын жақсы біледі, өзі де сол жақтан көшіп келген. Екіншісі Қайрат Бодаухан есімді азамат, ол кезінде Моңғолиядан қоныс аударған. Осылайша, өзіміз білмейтін қандай ішкі проблемалар бар екенін білу мақсатында және оларды шешу үшін біз шетелде тұратын екі үлкен диаспораның өкілдерін жұмыс тобына қосып, заң жобасын талқылаған барлық жина­лыстарымызға қатыс­тырдық.
– Заңға енгізіліп отырған тағы қандай жаңалықтар бар?
– Депутаттардың ұсынысы бойынша тағы бір жаңа заңдық норма енгізілді. Бүгінгі таңда Қазақстан шетелдегі қазақтарға білім гранттарын беріп отыр. Білім гранттарына ие болып не өз бетінше жоғары оқу орындарына келіп түскен қазақ жастарына жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан азаматтығын алуына құқық беретін норма енгізіліп отыр. Бұл да болса, оң бастама. Себебі бұрынғы заң нормалары бойынша олар біздің елімізде білім алады, бітіргеннен кейін Қазақстаннан шығып кетуі керек болатын. Оралман мәртебесін, одан ке­йін азаматтықты алу үшін көші-қонның бүкіл процесінен өтіп, қайта келуі қажет еді. Енді оқуға келген этникалық қазақ­тар оқуға түскеннен кейін білім беру мекемелерінің жатақ­ханаларында уақытша тіркелуге және жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан азаматты­ғына қабыл­дау туралы өтінішхат беруге құқығы бар.
Сонымен қатар азаматтық алу кезінде қандасымыздың тір­кеген жері болуы талап етілді. Студенттердің азаматтықты рәсімдеу кезінде қиындықтар туындамасын деп, жаңа заңдық нормалар енгіздік. Қызметтік немесе жеке тұрғын үйі болмаған кезде оралмандарды бейімдеу және интеграциялау орталықтарында, уақытша орналастыру орталықтарында не білім беру ұйымдарының жатақ­ханаларында бір жылдан аспайтын мерзімге уақытша тіркелуге құқық беретін норма қарастырылды. Бұл да болса, қандастарымыздың өз Отанына келгенде, аз уақыттың ішінде азаматтығын алуға және жаңа ортаға тез бейімделіп кетуіне септігін тигізеді деп ойлаймыз.
Сондай-ақ олар үшін визаны ұзарту жөнінде проблема болып келді. Себебі виза үш айға беріледі. Осы мерзімде азаматтығын, тағы басқа мәселелерді реттей алмаса, үш айдан кейін өзі келген мемлекетке барып, визасын ұзартуы тиіс болған. Осындай қиындықтар болған соң, біз оны жеңілдетіп, визаны ұзарту мәселесін шешуді Ішкі істер органдарының құзыретіне бердік. Айталық, Ақтөбеге келген адам қайтадан Қытайға не Иранға бармай-ақ, сол жердегі ішкі істер департаментіне барып, визасын ұзарта алады.
Сол секілді алғашқы заңдарда болған, кейін алынып тасталған бір норма бар. Ол отбасын біріктіруге байланысты шетелдерде тұратын ағайын-туыстарын шақыру мәселесі еді. Мысалы, кейбір елдердің мемлекеттік органы отбасын біріктіру үшін куәландырылған шақырту қа­ғазын сұрайтыны анықталды. Соған орай жергiлiктi атқарушы органдардың құзыретіне ша­қырту қағазын беру және куәлан­дыру жөніндегі қосымша мін­деттер жүктелді.
– Ал қандай қандас­та­рымызға азаматтық мүл­дем берілмейді?
– Қазақстан Республикасының шетелдіктердің құқықтық жағ­дайы туралы заңнамасын бірнеше рет бұзған, сондай-ақ ауыр немесе аса ауыр қылмысы үшін алынбаған немесе жо­йылмаған сотталғандығы бар қандастарымызға азаматтық берілмейді. Адамға қарсы ауыр қылмыс жасаған, не болмаса террористік, экстремистік оқиғаларға қатысқан не сондай көзқарасты ұстанған адамдарға азаматтық беруден мүлдем бас тартылады. Өйткені бұл мемлекетіміздің ұлттық қауіпсіздігін сақтауға байланысты. Ол барлық елдердің заңдарында бар норма.
Шетел қазақтарының тағы бір өтініші болды. Азаматтықты алар кезде олардан бұрын тұрған мемлекетінің азаматтығынан шықты деген анықтама талап етілді. Ал кейбір елдер «бара бер» дейді де, ондай анықтама бермейді екен. Яғни, сондай анықтама алуда қиындықтар туындайды. Соған орай Сырт­қы істер министрлігінің 2015 жылғы 7 сәуірдегі №315 қаулы­сымен өзгеріс енгізіліп, ондай елден анықтама әкелу жөніндегі талап алынып тасталды.
Ішкі көші-қон мәселелесін реттеуде де тиімді әрі халыққа пайдалы жаңа нормалар енгізілді. Тұрғындар аз қоныстанған өңірлерге жастарды тарту ар­қылы олардың санын арттыру, баратын адамдарды ынталандыру, әлеуметтік қолдау мәселелері көзделіп отыр. Осы орайда, қазір «Серпін» бағдарламасы жүзеге асып жатыр ғой, соның аясындағы кейбір нормаларды біздер заңдастырдық. Мысалы, оңтүстіктен тұрғындары аз солтүстікке оқуға барған жастарға колледждерде оқу үшін білім гранттары беріледі, сол оқу орнының жатақханасында тұрады, тағы басқа мәселелер заң­да айқындалды.
– Қорытынды ой-пікіріңізді білдірсеңіз?
– Жұмыс тобы барысында кейбір қаржыға не басқа да әлеуметтік-құқықтық нормаға қатысты баптар болды, оларды Үкіметке оң қорытынды алу үшін жіберіп отырдық. Жаңа сессияның басында жан-жақты жетілдіріле келген заң жобасы жалпы отырыстың қарауына ұсынылды, бірінші, одан кейін екінші оқылымда мақұлданды. Қараша айында Сенат депутаттары да қарап, Заңды қа­был­дады. Ал 2015 жылдың 24 қараша күні Мемлекет басшысы осы бір маңызды Заңға қол қойды.
Бүгінгі қандастарымыздың алға тартып келген проб­лема­ларының көбін осы Заң аясын­да шеше алдық. Бірақ заңмен жұмыс жасау процесінде жер­гілікті атқарушы орган­дардың, осы заң нормаларын терең зерделей отырып, заң ая­сында жұмыс жасап, қандас­тары­мызды қабылдауда сауат­тылық танытуына да көп мәселе байланысты болмақ. Қандас­тары­мыздың арасында түсін­діру жұмыстары жүргізілуі керек. Себебі көбіне Заңның нормаларын білмегендіктен, қайшылықтар, теріс әрекеттер туындап жатады. Мысалы, қандасымыз бір жылдың ішінде азаматтық алуы керек екені жазылған. Тіпті үш айдың ішінде де алып үлгереді. Егер бір жылда алып үлгермесе, олар жеңілдетілген тәртіппен алу мүмкіндігінен айырылып қалады да, жалпы тәртіппен алу процесіне тап болады. Ал жалпы тәртіппен азаматтық алу үшін Қазақстанда бес жыл тұруы керек. Міне, осыны біз келген және қоныс аударуға қамданған қандастарымызға жіті түсіндіруіміз қажет. Жеңіл­детілген тәртіп бар екен деп бірнеше жыл жүріп алмауы қажет. «Ой, білмей қалдым, бір мәселелер шығып қалды» деген сылтаумен уақыт өткізіп алуға болмайды. Тұрақты тұруға көшіп келді ме, азаматтық алуға қажетті құжаттарды жинап, тапсыруға бірден кірісуі керек.
Алмағайып заманда көшіп кеткен не сол шетелде ғасырлар бойы тұрып жатқан немесе шекара сызығын белгілегенде, сыртта қалып қойған этникалық қазақтар қаншама?! Олар балаларының болашағы үшін тарихи Отаны — Қазақстанға көшіп келгісі келеді. Қазақ елінің келешегі үшін білім алып, өзінің тәуелсіз мемлекетіне еңбек сіңіруді мақсат етеді. Олардың осы арман-тіле­гін жүзеге асыруға қолдау көрсету, орнығып, бейімделіп кетуіне жағдай жасау біздің міндетіміз және барша Қазақстан азаматтарының парызы деп ойлаймын.
– Келелі ойларыңызды ортаға салғаныңызға рақмет.

Айдын БӘЙМЕН
(Суретте Атамекенге оралған қандастарымыз)

Жауап қалдыру