Ерлік ешқашан ұмытылмайды

0
129

5-мамыр күні облыс әкімі Амандық Баталов Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында облыстың 200 ардагерін салтанатты түрде қабылдады. 64 Ұлы Отан соғысы ардагері мен 136 тыл еңбеккеріне концерттік бағдарлама мен бағалы сыйлықтар ұсынылды. Қарт қонақтарды болашақ Отан қорғаушылар – Іле ауданындағы кадет сыныбының оқушылары қарсы алды.
Басқосуда құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі Амандық Баталов:
– Сіздердің жастық шақтарыңыз Ұлы Отан соғысы кезеңімен қатар келді, соғыстан кейін де бүлінген шаруашылықты қалпына келтіріп, елдің еңсесін қайта көтердіңіздер. Сіздер қиындық пен ауыртпалықтың бәрін абыроймен жеңе білдіңіздер. Сол үшін де облысымыздың барлық ардагерлеріне шын жүректен алғысымды білдіремін. Бүгінгідей Жеңіс мейрамы қарсаңында Сіздерге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін, – деді.
Салтанатты басқосуда ардагерлер де тілектерін білдіріп, жиналғандарды мерекемен құттықтады. Олардың қатарында Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны ҰОС ардагері Солтанбай Жарықбасов, тыл еңбек­кері, талдықорғандық Александр Мосько да бар.
Мемлекет басшысының жан-жақты қол­дауын сезініп отырғандарын айта келе ардагерлер осындай сый-құрметтің арқасында уақыт тезіне, сырқатқа мойымай, бойларын тік ұстап келе жатқандарын жеткізді. Жұртшылықты Ұлы Жеңіс мерекесімен және Отан қорғаушылар күнімен құттықтап, ашық аспан, бейбіт өмір, еліміздің өсіп-өркендеуіне тілектестіктерін білдірді.
Жалпы, Алматы облысында 190 Ұлы Отан соғысының ардагері, 13 мыңға жуық тыл ардагері бар. Жыл сайын Жеңіс күніне орай ҰОС қатысушылары мен мүге­дектеріне облыстық бюджеттен бір реттік материалдық көмек үшін қаржы бөлінеді. Соған сәйкес биылғы жылы әр ардагерге 150 мың теңгеден берілетін болады. Сонымен қатар тегін санаторлық емделуге, коммуналдық төлемдерге және қажетті құралдармен қамтамасыз етуге қаржы қарастырылған.
Мұнан соң Амандық Баталов Талдықор­ған қаласында тұратын бірқатар соғыс ардагерлерінің үйлеріне арнайы барып, құт­тықтады. Облыс басшысымен қатар арда­­герлерге мектеп оқушылары да гүл шоқ­тарын ұсынып, өлең оқып берді.
Алғашқы болып халық «паровоз апа» атап кеткен Алтынай Есболатованың шаңы­рағына келген облыс басшысы ардагерге құттықтау тілегін және сый-құрметін білдірді.
– Елбасының атынан, облыс жұртшылы­ғы атынан Сізді Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтаймын. Бізге бүгінгідей бейбіт өмір сыйлағандарыңыз үшін әрқайсыларыңызды мақтан тұтамыз, алдарыңызда бас иеміз. Сізді құттықтауға келген осы өскелең ұрпаққа сіздер қашанда үлгісіздер. Біз сіз­дердің ақ ба­талары­ңызбен кө­ге­реміз. Алдымызда ақылшы, ті­лек­ші боп аман жү­ріңіздер, – деп ізгі тілегін жеткіз­ді.
Алтынай Жай­нақ­­қызы өз кезегінде соғыс кезіндегі сұрапыл жылдардан шағын естеліктер айтты. Ардагердің неміс әскербасы Ф. Паулюс пен оның 1200 сол­датының тұт­қын­дал­ғанына куә болып, тұтқын солдаттарды тауар пойызымен алып барғаны, Жеңіс шеруі кезінде маршал Жуков пен маршал Рокоссовскийді көргені және басқа да мағыналы естеліктерін жас өрендер қызыға тыңдады. Алтынай апа 1941 жылы майданға аттанып, кондуктор ретінде әскери эшелонмен бірге жүрген, машинист болған кездері де аз емес. Ұлы Жеңіске куә болып, 1946 жылы елге оралды.
– Біздің көрген бейнетімізді, қиын­ды­ғымызды көрмеңдер. Балалар тек жал­қауланбай оқысын. Білім бәрінен жақсы. Алла мені осы күнге жеткізгеніне разы­мын. Ең бастысы, еліміз тыныш болсын, ел басқарып жүрген азаматтарымыз аман бол­сын, балалар бейбіт өмірдің қызығын көр­сін! – деп Алтынай апа ақ тілегін білдірді.
Мұнан соң, Хасан Боранбаевтың үйіне атбасын тіреп, ақсақалды мерекемен құттық­тады. Облыс басшылығының құттық­тауы мен мектеп оқушыларының жалынды жырларын тыңдаған Хасан ата үлкендерге көрсетілген құрметі үшін алғысын білдіріп, жас өрендерге ақыл-кеңесін айтты.  Х. Боранбаев соғыс кезінде Кировоград, Яссы, Воронеж, Рыбница қалаларын жаудан азат етуге қатысып, Венгрия, Румыния, Австрия, Чехославакия елдерін жаудан қорғау ұрыстарын бастан кешірген.
Кезекті құттықтау соғыс ардагері Григорий Харченконың  шаңырағында жалғасты. Григорий Назарович артиллерия полкінің құрамында Ленинград пен Прибалтика түбінде ұрысқа кіріп, 1948 жылы Литва түбінен елге оралды. Соғыстан кейінгі шаруашылықты қалпына келтіруге белсене атсалысқан ақсақал өмірін гидро-, жылу-, электр станцияларын салу ісіне арнады.
Облыс әкімі А. Баталов ардагерлерге басқа да сыйлықтармен қатар «ЭКСПО-2017» көрмесіне билеттер тарту етті.

Жауап қалдыру