Ерекше қасиеті ұнайды

0
57

Ұлыбританиялық дра­ма­­лық өнер мұғалімі Джон жә­не канадалық ағылшын тілі мен әдебиетінің мұғалімі Кэт­рин Астанада 3 жылдан астам уақыт тұрып келеді….
– Менің Астанадан алған ең керемет әсерім – ол адамдардың кеңпейілділігі, бұл астаналықтардың ерек­ше қасиеті дер едім. Біз түрлі мемлекеттерді алты жыл бойы саяхаттап келеміз, сондықтан да достық пен жылылықтың маңызын өте жақсы түсінеміз. Жақында көшеде серуендеп жүргенбіз. Сонда бір жігіт біздің ағылшын тілімізді естіп, бізге бұрылды да: «Қазақстанға қош келдіңіздер!» – деді. Міне, керемет! Меніңше, бұл жағдай Лондонда ешқа­шан болмайтын еді. Ал әуе­жайдағы қазақ кеденші менің ойымша, маған кездескен кеденшілердің ең сыпайысы болған шығар, – дейді Джон.
– Мені таң қалдырған – Астананың ашық аспаны. Ұлыбританияда болсын, Канадада болсын аспанда үнемі қара бұлт үйіріліп, ауа райы бұзылуға шақ тұрады. Ал сіздерде аспан қазақ даласы секілді кең әрі ашық. Бұл біле білсеңіз адамға өте керемет кең тыныс сыйлайды. Адам өзін сондай еркін сезінеді. Соған жараса адамдар да кеңпейіл, ашық екен. Мысалыға, сіздердегі такси тоқтату өте қызық. Егер сіз бір жаққа барғыңыз келсе, сіз жәй ғана қолыңызды созып, кез келген тоқтаған адамға мекен жайды айтсаңыз, сізді сол жерге дейін алып барып тастайды. Лондонда бұл мүмкін емес. Адамдардың бұл жерде бір-біріне соншалықты сенетіні қуантады. Астана өсіп, нағыз үлкен мегаполиске айналса екен деп тілеймін, – деп жалғастырады Кэтрин.
– Біз бүкіл қазақстан­дықтарды «Астана» күнімен шын жүректен құттық­тай­мыз! Астана бір ғана мемлекетке бас болатын қала емес, бүкіл Орта Азия елдеріне, түркі жұртына ортақ қала. Сондықтан да Астана болашақта мәдени-экономикалық орталықтың бірі боларына біз сенеміз. Аспандарыңыз ашық, көңіл­деріңіз кең болсын!

Асан ШАҢБАЙ

Жауап қалдыру