Ер мұғалімдерді көбейту керек!

0
101

Әлеуметтанушылар соңғы кездері қоғамдағы бірқатар келеңсіздіктердің түп-төркіні отбасындағы және мектептегі тәрбиенің осалдығынан деген тұжырым жасауда. «Әкенің рөлі төмендеп, жұмысбасты тұлғаның бала тәрбиесіне мойынсұнбауының кесірі баланың толыққанды тәрбие алуына өз кедергісін келтіріп отыр» дегенді көлденең тартатын мектептегі психолог мамандар ұлттың ұстыны болады деп үміттеніп жүрген ұлдарымыздың кейінгі кезде көбінде мінезі шарт-пұрт, шәлкес, боркемік, ызақор болып, жиі өтірік айтатынын жоққа шығармайды. «Бірақ, бұл мектептегі тәрбиеден емес» деп бет бақтырмайтыны тағы бар.
Бала психологиясын зерттеуде мол тәжірибесі бар, білікті психолог, мамандығының жілігін шағып, майын ішкен осы саладағы санаулы қазақтілді мамандардың бірі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Зәурет Қа­был­бекованың айтуынша, мектептегі мұғалімдердің көбі қыз-ке­ліншектер болуының да бала психо­логиясына, оның тұлға болып қалыптасуына кері ықпалын ти­гізері әбден мүмкін жағдай көрі­неді.
– Біздің қоғамның ұрпақ тәр­биесін бүгінгідей толықтай әйел­дерге артып қойғанын құпта­май­мын. Балабақшадан бастап, жоғары оқу орындарына дейін ұл баланың тәрбиесімен тек әйел­дер айналысады. Осыдан кейін бү­гінгі жастардың бойында қа­һар­мандық, батырлық, батыл­дық қасиеттер қайдан болсын?! Сон­дықтан да мектептегі ер мұ­ғалімдерді көбейту үшін алдымен педагогикалық білім беретін жоғары оқу орындарына ер балаларды көптеп тарту керек, – дейді Зәурет Қабылбекова.
Әрине, бұл жерде әйел-ана балаға нашар тәрбие береді деген сөз емес. Ар-намысты жоғары қоятын қазақтың әйелдері ұрпағы­ның тәрбиесіне талбесіктен мән берген. Алайда, баласы үшін әйел­дің шыбын жаны жаулығының ұшында түюлі тұратыны да рас қой. Қайсарлық пен өжеттікті, тұрмыстағы қиындықты еңсеруді ұл бала иіні жұмсақ әйелден гөрі, әкеден үйренсе керек-ті.
Ал, бүгінгі әкенің балаға қарауға мұршасы жоқ. «Жұмыстан шаршап келдім. Анаңа барып тексертші сабағыңды…» дейтін әкелер көп. Осыдан кейін бала ер азаматтың тәлім-тәрбиесін қайдан, қалай ала­ды?!
Мектепте ер мұғалімдерді кө­бейту қажет деп отырғанымыз­дың мәнісі де осында.
Әріге бармай-ақ, кешегі кеңестік білім беру жүйесінде мектеп ди­ректорларының ілуде біреуі ғана нәзікжанды болып, көпшілігі ер мұғалімдер болушы еді ғой. Физика, тарих, химия, математикадан көбіне ер мұғалімдер сабақ беретін. «Ана бала мені ұрды, мына апай маған ұрысты» дегенді үйіне айтып баратын ұлды кездестірмейтінсіз. Қыздың өзі мектептегі әңгімені үйге, үйдегі сөзді мектепке тасымайтын кезең еді. Сол тәрбиенің де өзегінде ер мұғалімдердің көп болуы жатыр ма деп ойлайсың осы күні.
Түңілуден аулақпыз. Педагог ма­ман­дығын алып, мектепке мұғалім болып барып жатқан ер азамат­тар әлі де баршылық. Оңтүстік Қазақстан облысында 76 883 педагог маман бар дейтін болсақ, соның 20 052-сі ер мұғалім. Алайда, өңірдегі 1027 мектепке шашқанда тарыдай болатын бұл көрсеткішті әлі де көбейту қажет-ақ.
– Педагогикалық еңбек өтілім – 14 жыл. Соның 5 жылында мектеп директоры болып қызмет етіп келемін. Осынау уақыт ішінде байқағаным, ер мұғалімдердің сабағын бала бар зейінін салып тыңдайды. Жасыратыны жоқ, мектепте апайға қарағанда ағайдан аяқ тартып, тәртіпті болуға, сабақ­қа ықыласпен қатысуға тыры­су­шылықты оқушылардың бойынан байқау қиын емес. Біздің мектебімізде 17 ер мұғалім бар. Олардың екеуі математикадан, үшеуі информатикадан, қалғандары басқа да түрлі пәндерден сабақ береді. Тіпті, бастауыш сыныптың мұғалімдері арасында да ер азамат бар, – дейді Бәйдібек ауданы Бәйдібек ата ауылындағы «Алмалы» орта мектебінің директоры Арман Пайызханов.
Жалпы, мектеп мұғалімдерінің беделі, мәртебесі деген мәселе төңірегінде қоғам пікірі қазір екіге жарылып тұр. «Беделін көтеру керек» дегендерге «беделді қолдан көтеру ештеңені өзгертпейді, мұға­лімнің өзі ең алдымен өте сауат­ты болуы керек. Сонда абы­ройы өзі-ақ артады» дейтіндер де бар. Қалай болғанда да мұға­лім­нің мерейін көтеруге билік тара­пынан барлық мүмкіндіктер қарас­тырылып, іс-шаралар қолға алына бастағаны үміт ұялатады.
Қала мектептеріндегі ер мұға­лімдердің көбі дене­шынықтыру, алғашқы әскери дайындық, еңбек сабақтарынан ғана дәріс беретіндер. Ауыл мектептеріндегідей математика, физика пәндерінен са­бақ беретін ер мұғалімдер қа­лада тым аз.
– Біздің мектепте 70 мұғалім бар, оның алтауы ғана – ер азамат. Олар дене шынықтыру, тех­но­логия, алғашқы әскери да­йын­дық пәндерінен сабақ береді, – дейді Шымкенттегі №102 мек­теп директорының орынбасары Гүл­нар Ибрагимова.
Мектептегі ер мұғалімдерді қа­лай көбейтеміз? Мәселенің осы тұ­сына келгенде тосылып қала­ты­нымыз тағы бар.
– Мектеп бітірген бозбала мұға­лім болғысы келмейді. Себебі, қазіргі мұғалімнің беделі өздері­ңізге жақсы мәлім. Мәрте­бесі анық­талмаған, жалақысы аз бол­ған­дықтан да, бұл мамандыққа жігіттер бара қоймайды. Бірақ, солай екен деп қарап отыруға да бол­майды. Мемлекеттік қызмет­шілерге жасалып отырған қолдау­ды ер мұғалімдерге де жасау ке­рек деп ойлаймын. Олардың осы мамандыққа баруына жағдай жасап, қызықтыра білгеніміз жөн. Себебі, балаға сапалы білім беруде ер мұғалімдердің ықпалы зор. Баланы білімге қызықтыру үшін түрлі үйірмелер ашып, табиғатқа серуенге алып шығып, сабақтан тыс уақытта тәрбие сағаттарын өткізу тұрғысынан алғанда да ер мұғалімдерді көйбейт­кеніміз дұ­рыс, – дейді Зәурет Қабыл­бе­кова.

Жәмила МАМЫРӘЛІ,
(«Оңтүстік Қазақстан» газетінен)

Жауап қалдыру