Ел келешегінің кемелділігі – жастар белсенділігінде

0
194

Алматы облысы Алакөл ауданының әкімі Әлібек Жақанбаев таяуда Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық құжаты аясында аудан жастарымен кездесу өткізді. Белсенді жастармен өткен басқосуға «Серпін – 2050», «Жасыл ел», «Дипломмен – ауылға» сынды мемлекеттік бағдарламалардың қатысушылары, сонымен қатар, білім, денсаулық, мәдениет, спорт саласының өкілдері, әскери бөлім қызметкерлері қатысты.
Жастармен пікір алмасу сананы жаңғыру, өз елінің патриоты болу сынды тақырып төңірегінде өрбіді. «Еліміздің ертеңгі болашағы – жастар. Олар заманның айнасы, ке­лешек­тің нысанасы. Кез кел­ген қоғамның қозғаушы күші жастар екені баршаға мәлім», – дей отыра, аудан әкімі Ә.Жақанбаев «Сондықтан да, бүгінгі басқосуымызды еркін форматта өткізіп, өздеріңізбен пікір алмасу алаңын құрсам деген ойдамын», – деді.
Егемен еліміз демократия жолымен алға жүріп, әлемде өзіне лайықты орын алуы үшін еңбектеніп келеді. Бүгінде жастар қоғамның қозғаушы күші ретінде озық идеялармен қаруланып, еліміздің дамып, өркендеуіне лайықты үлес қосып келеді. Болашақта ел тізгінін ұстайтын, еліміздің әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті, экономикасы дамы­ған, өркениет көшінен лайық­ты орын алатын, еліміздің қар­қынды дамуына өзіндік үлес қосатын қоғамның негізгі бел­сенді күші жастар екені сөзсіз.
Еліміздің ертеңі, мемлеке­тіміздің болашағы – жастар. Бүгінгі жас – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын ел ағасы. Бүгінгі алдыңғы толқын аға буынның орнын басар, ізін жалғастырар артында өсіп келе жатқан жастар екені даусыз. Еліміздің ендігі дамуы мен өркендеуі, келешегі жастарға тікелей байланысты. Әрі білімді, бә­секеге барынша қабілетті, сонымен қатар дені сау, яғни, саламатты өмір салтын ұстануы алғышарт болып табылады. Ұлы Мағжан Жұмабаев айтқандай: «Арыстандай айбатты, жолба­рыс­тай қайратты, қырандай күшті қырағы – Мен жастарға сенемін» дегендей, бүгінгі қоғам, қазіргі нарық бәсеке зама­нын талап етіп отыр. Жү­рек­терінде жалыны, бой­ларын­да күштері бар ХХІ ғасыр­дың жастары күнделікті өзгеріп жатқан өмірге, құбылыс­тар мен жаңалықтарға шошып қарамай, батыстың қитұрқы өміріне еліктемей, «жақсыдан үйреніп, жаманнан жиреніп» жатса, бұл керемет болар еді.
Қазіргі жаһандану заманында Қазақстан Республикасы – жастардың білім мен білік­тілікке талпынып әрекеттенуін, еңбектеніп өсуін талап етіп отыр. Осы тұста Елбасының мына бір сөзін айта кетудің орны ерекше: «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың мемлекетін нығайтып, көркеюі жолында теріңді төгіп, еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі екеніңді ұмытпа».
Бүгінгі жастар – мемле­кетіміздің ертеңін ойлайтын, ел тұтқасын ұстар азаматтар. Бұл ұлы сөзді Елбасы ешқашан естен шығарған емес. Мемлекет басшысы жастар үшін қазіргі таңда жан-жақты жағдай жасап, үлкен мүмкіндіктер туғызып отыр. Жақында ел Үкіметі шығарған қаулыға сәйкес, Жастар саясаты комитеті өмірге жолдама алып отыр. Яғни, Білім және ғылым министрлігіндегі департамент орнына комитет құрылады. Осыған орай бүкіл облыстарда басқармалар ашы­лады. Ол комитетке Мемле­кет басшысының Жарлығымен қосымша 38 штат бірлігі бөлінді. Осылайша мемлекеттік жастар саясаты күшейтіліп келе жатқанын көруімізге болады.
Міне, мұндай бағыттарға Президентіміз ұсынған «Қазақ­станның әлеуметтік жаңғыр­тылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай – 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласындағы тапсырмалар арқылы қол жеткізе аламыз.
Елбасының бұл бағдар­ла­малық мақаласы қазақ­стан­дық жастарға әл-ауқатқа, өмірдің жаңа сапасына қол жеткізуін қамтамасыз ете алатын «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» идеясын танымал етуге және ілгерілетуге ықпал етеді. Мұндағы айтылған кең ауқымды жаңғыртуды жүзеге асыру үшін жастардың әлеуметтендірілуі, оны иннова­циялық экономиканы тұрғызу және нығайтуға, демократияны дамытуға тарту өте маңызды. Өйткені, әлем дағдарысты бастан кешуде. Тиісінше, қоғам­да өте көп қиыншылықтар туындауда. Біздің мемлекеттің міндеті – еңбек бірінші орынға қойылатын қоғамға келу.
Жалпы алғанда, Қазақстан Республикасының жастар сая­саты әлеуметтік саясаттың аса жас бағыты болып отыр. Мә­селен, «Қазақ­стан Рес­пуб­ликасының Жастар саясаты туралы концеп­циясы» 1999 жылы 28 тамызда қабылданған, оның мағына­сын кең түрде ашатын, тұжырымдамалық-әдістік негізге сүйенетін 2004 жылы 7 шілдедегі «Жастар сая­саты туралы» Заң бар. Ел­басы айтуынша, төрт база­лық элемент – кәсіби жақсы білім, жақсы төленетін тұрақты жұмыс, отбасы құруға арналған жеке үйі, саламатты өмір сал­тын жүргізуге арналған мүм­кіндіктің болуы жастар мә­се­лесін шешу қадамдарының бірі.
Қазақстандықтар – жасампаз және жас ұлт: республиканың әрбір екінші тұрғыны 30 жасқа толмаған жастар.  Қа­зақ­­станның болашағы Қа­зақ­стан жастарының даму дең­гейі­мен, олардың қоғамға ық­пал­дасуымен байланысты. Жас­тар саясатының басым­дық­тары Қазақстан Республи­касының Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев бастама жаса­ған «Қазақстан – 2050» Страте­гиясының түйінді мақ­сат­тарының бірі болып табылады.
Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарынан бастап жас ұрпақ­тың ойдағыдай әлеуметтенуі мемлекет назарында болды және солай болып қала береді. 1994 жылы Қазақстан Бала құқықтары туралы конвенцияны ратификациялағаны бәрімізге белгілі. Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 28 тамыздағы өкімімен Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саяса­тының тұжырымдамасы мақұл­данған еді. «Қазақстан Респуб­ликасындағы мемлекеттік жас­тар саясаты туралы» 2004 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Респуб­ликасы Заңының қабылдануы жастар саясатын одан әрі іске асырудың институционалдық негізіне айналды. 2010 жылдан бастап жастар саясаты Білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде іске асырылып келеді.
2008 жылы «Нұр Отан» ха­лықтық-демократиялық пар­тия­сының «Жас Отан» Жастар қанаты І съезінің қоры­тындысы бойынша Қазақ­стан Республикасы Прези­дентінің жанынан Жастар саясаты жөніндегі кеңес құрылды.
Жалпы алғанда, қазіргі уа­қытта әлеуметтік-экономи­ка­лық жағдайларды жақсартуға, болашақ ұрпақтың қалыптасуы мен жан-жақты дамуына тек арнайы жастар бағдарламалары ғана емес, бүгінде елімізде іске асырылып жатқан білім берудің, денсаулық сақтаудың, тілдерді дамытудың, үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың ауқымды мемлекеттік бағдарламалары: «100 мектеп, 100 аурухана», «Балапан», «Жұмыспен қамту – 2020», «Бизнестің жол картасы – 2020», «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламалары бағытталған. Қазіргі таңда, Елбасының тап­сырмасына сәйкес ауыл жастарын қолдауға бағытталған «Ауыл жастары» бағдарламасы негізінде «Дипломмен – ауылға» жобасы жүзеге асырылып келеді. Бүгінде жастар аудан экономикасының қай саласында да нәтижелі еңбек етіп жүр.
«Мемлекеттік жастар саясаты жастарға еліміздің толыққанды азаматы болуға жақсы мүм­кіндік беруі тиіс. Ол жастар өмірдегі өзінің жеке табысын іздей отырып, жақындары, өз халқы және Отаны үшін жағдай туғызатын азаматтар болуы тиіс. Мен біздің жастарға сенемін!», – деген Н.Назарбаевтың үмітін біз – жастар әрқашан ақтауымыз керек.
Кездесу барысында сан түрлі салалардың өкілдері көкейкесті сауалдарын жолдап, аудан әкімінен қанағаттандырарлық жауаптарын алды. Бұл кездесу жас буынның аудан әкімімен шынайы сұхбат құралған алаңға айнала білді десек, артық айтпаспыз. Бірнеше сағат­қа со­зыл­ған кездесу бары­сын­да, сұрақтар мен қоса, қаты­су­шы­лар ортаға шығып өз өнерлерін ортаға салған еді. Мұн­дай кездесулер, алдағы уа­қытта дәстүрлі шаралардың бі­ріне айналмақ деген сенім­деміз.

Гүлнұр СӘЛІМБАЙ

Жауап қалдыру