Ел игілігі жолындағы ілкімділіктер

0
129

1 қараша күні Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Орталық коммуникациялар қызметінде 9 айдың қорытындыларымен таныстырды, – деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі. Өңір басшысы өз баяндамасында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы және «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің қорытындысында қолға алынған жобалар туралы кеңінен әңгімеледі.

ӨНЕРКӘСІП
Облыста өнеркәсіп өндірі­сінің көлемі 4,3 пайызға арт­қан. Өңірде 1800 кәсіпорын жұ­мыс істесе, оның жиырмасы Трансұлттық компаниялардың, әлемдік брендтерді жасау­шы­лар­­дың қаты­суымен жұмыс жа­сайды. Барлық өнеркәсіп өнімдерінің үштен бірін осылар өндіріп отыр.
Олардың қатарында «Кока-Кола», «Данон», «РДжи Брэндс», «Филип Моррис», «Кнауф», «Тикурилла» сияқты та­нымал іргелі компаниялар бар.
Жалпы бүгінгі күні өңдеу секторы­ның үлесі 85 пайызға жетіп, республика бойынша жо­ғары көрсеткішке ие болып отыр.
Алматы облысындағы  индустриалды аймақтарда 17 кәсіпорын жұмыс істесе, алдағы уақытта оның санын 400-ге жеткізуге мүмкіндік бар.
– Серіктес қала «GateCity» аумағында «Берек» жаңа индустриалды аймағы құрылып, онда ірі компаниялардың қаты­суымен жалпы сомасы 90 млрд теңгелік, 2 мың жұмыс орны құрылатын 5 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырыла бастады. Олардың қатарында ет полуфабрикаттарын шығаратын «Бауманн» (Германия), картоп өңдейтін «Фармфритс» (Голландия), жылыжай шаруашылығы бойынша «Экокультур»  (Ресей) компаниялары бар, – деді Амандық Баталов.
Облыста «Талдықорған», «Бе­­ре­ке», «Арна», «Боралдай», «Қа­зыбек бек», «Қайрат» ат­ты 6 индустриалды аймақ бар. Олардың барлығы қажетті инфра­­құры­лыммен қамтамасыз етіл­ген.

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ
Алматы облысы республикада ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі бойынша бірінші орында. Мәселен, облыста еліміздегі сояның 97 пайызы, жүгері мен қант қызылшасының 64 пайызы, жеміс-жидектің 37 пайызы, көкөністің 25 пайызы өсіріледі. Оған қоса аймақ еттің 20 пайызын , сүттің 13 пайызын, жұмыртқаның 23 пайызын өндіріп отыр.
Облыс әкімінің айтуынша, биылғы жылы АӨК-ке 36 млрд теңге инвестиция тартылған, бұл өткен жылдың алғашқы үш тоқсанымен салыстырғанда 31 пайызға артық.
– Бүгінгі күні ауыл шаруа­шылығы дақылдарының ала­ңын  948 мың гектарға жеткіздік. Мемлекет басшысының аграрлық салаға жаңа технологияларды енгізу туралы тапсырмаларын орындау бағытында облыста жердің 17%-ы озық технологияны қолдану негізінде өңделеді. Соның арқасында дақылдардың өнімділігі 34 %-ға артты, – деді А. Баталов.
Суармалы жерлердің көлемін ұлғайту мәселесінде облы­с басшысы ирригациялық жүйе­­лерді қалпына келтіруге рес­пуб­ликалық және жергілікті бюджеттен қаржы қарас­тырылып, Ис­лам даму банкінен заем тартылу үстінде екендігін айтты. Биылғы жылы 4 ауданда 18 млрд теңгенің қанатқақты жо­балары жүзеге асырыла бас­­тады. 7 мың гектар жерді суландыратын Қызылағаш су қой­масын қалпына келтіру мә­селесі де шешімін тапты. Осы жұмыстардың нәтижесінде 2020 жылға қарай 126 мың гек­тар суармалы жер қосымша ай­налымға енгізіліп, бұл өз кезегінде өнім көлемін 80 млрд теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Соңғы жылдары облыста қант өндірісі жанданғаны белгілі. Биыл қант қызылшасының алқабы 9 мың гектарға жетті. Одан 350 мың тонна, яғни рекордтық өнім алынады деп жоспарлануда. Көксу қант зауыты үш жыл қатарынан жаң­ғыртудан өтті, 10 жыл тоқтап тұрған Ақсу қант зауыты биылғы жылы қалпына келтіріліп, 40 мың тонна қант қызылшасын қабылдады. «Же­тісу» ӘӘК-ні тарта отырып, 18 сервистік дайындау ор­талығы құрылды.
Осының барлығы қант өнді­рісіне оң ықпал ететін болады. Заманауи ауыл шаруа­шылығы техникалары мен эли­талық тұқым пайдаланудың нә­ти­жесінде жекелеген ша­руақожалықтарында өнім әр гектарынан 500-700 цент­нерге дейін жетуде. Сөйтіп, биылғы жылдың өнімі 350 мың тоннаны құрайды деп болжанып отыр. Облыстың қантқа деген сұранысы 35 мың тонна. Таяу жылдарда облыс тұтас республиканың қантқа деген қа­жеттілігін өтеуді межелеп отыр.
Алматы облысында ау ыл ша­руа­шы­лығын­дағы басым дақылдардың бірі, «Дала аруы» атанған жүгері алқабы 79 мың гектарға жеткізілді.
Жаркент крахмал-сірне зауытында Ин­дус­­трияландыру картасы шең­берінде жүргізілген жаң­­ғырту жұмыстарынан кейін қалдықсыз өңдеу циклі құрыл­ған. Соның нәтижесінде өңдеу қуаттылығы 20 мыңнан 90 мың тоннаға дейін ұлғайтылды. Қазір өнімнің 27 түрі шығарылады.
Облыстағы  ауыл шаруа­шы­лығы саласындағы жаңалық­тардың бірі жаңғақ ағашының егілуі. Биыл 1280 гектарға жаңғақ ағашы отырғызылды. Облыс басшысының айтуынша, интенсивті бақтарды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.
Алқаптан сөреге дейінгі кластерлік негізде жұмыс істейтін компаниялар қазірдің өзінде бар. Мысалы, «Амал БИО» компаниясы өсірген өнімдерін өзі сақтап, өзі өңдейді. Өнімдері Қытай, Пәкістан, Иран секілді шет елдерде айтарлықтай сұранысқа ие. Жалпы, өңірдегі бақтардың көлемі 22,4 мың гек­тарға жетсе, соның 2,1 мың гек­тары – апорт алмасы.
Облыстағы мал шаруашылы­ғы­ның жай-күйіне аз-кем тоқ­талған А.Баталов бүгінде облыста 31,4 мың басқа арналған 60 мал бордақылау алаңы және 11,8 мың басқа лайықталған 55 сүт-тауарлы фермасы жұ­мыс істейтіндігін мәлімдеді. Олар­дың ішінде 400 басқа арналған 1 СТФ «Жетісу» ӘКК-нің қатысуымен мемлекеттік-жекеменшік механизмі арқылы жүзеге асырылған.
– Соңғы екі жыл ішінде 13 мың жеке қосалқы шаруашы­лықтарды тарта отырып 239 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Соның арқа­сын­да өткен 9 айда ет өндіру 6,2 пайызға, сүт – 3,2 пайызға артып, оларды өңдеу үлесі орта есеппен 32,5 пайызды құрап отыр, – деді Амандық Баталов.
Сонымен қатар өңірде жыл басынан бері «Сыбаға», «Алтын Асық» және «Құлан» бағдар­ламалары бойынша 15 мыңнан астам мал сатып алынған. Соның нәтижесінде асыл тұқымды мал басы 16-дан 23 %-ға өскен.

КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОЛДАУ ЖӘНЕ ТУРИЗМ
Мұнан соң облыс басшысы өңірдің несиелік портфелі жөнінде айтты. «Бизнестің жол картасы –  2020» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағалы бері ШОБ субъектілеріне 26,3 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілген. Несиелік порт­фель көлемі бо­йынша Алматы об­лысы Алматы және Астана қала­лары­нан кейінгі үшінші орында тұр. «Даму» қоры, жергілікті бюджет және Кәсіпкерлер Ұлттық палатасы есебінен 5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген, соның ішінде 1,9 млрд теңгесі – жергілікті бюджеттен.
– Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде шағын несиеге 5,3 млрд теңге қарастырылды. Соның нә­ти­жесінде жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны үш жылда 23 пайыз, жұмысшылар са­ны – 16 пайыз, шығарылған өнім көлемі – 29 пайыз өсті, – деді А. Баталов.
Биыл туризм саласында да ілгерілеушілік байқалды. Биыл­ғы жылы облыста қызмет көр­сетілген туристер саны 1,5 млн адамға жетсе, соның 750 мыңы Алакөл көлінің еншісінде.
– Ту­ризм нысан­дарына апара­­тын жолдарды жөндеу – туризмді дамытудың бас­ты ба­ғыт­тарының бірі.
Мәсе­лен, Көлсай көлдеріне, Ақсай шат­қалына, Шонжы ауы­лын­дағы ыстық су бастау­ларына дейінгі жолдар жөн­деліп жатыр. Сол сияқты Алакөл жа­ға­лауының инфра­құ­ры­лы­мын дамытуға жер­гілікті бюджеттен 2,6 млрд тең­ге бағытталып отыр, – деді А. Ба­талов.
Брифинг барысында айтыл­ға­нындай, Алакөлге апаратын темір жол байланысы ұйым­дас­тырылып, биылғы жылы Үшарал қаласында әуежай салынып, жұмыс істеді. Енді темір жол вокзалының құрылысы басталған.
Қызмет көрсету сапасы жа­ғынан шетелдік нысандардан бір де бір кем түспейтін үш бірдей ірі демалыс аймақтары салынды. Жалпы, облыс бойынша соңғы үш жылда көрсетілген ақылы туристік-сауықтыру қыз­меті 40 % өсіп, 5,5, млрд теңгеге жетті.

ӘЛЕУМЕТТІК САЛА
Облыс басшылығы тарапынан әлеуметтік сала ерекше қолдауға ие. Өңірде биылғы жылы 44 мектеп салынса, соның – 31-і «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде тұрғызылды. Оның оқушыларға орын жетіспеушілігі мәселесін шешуге тигізер ықпалы зор. Биылғы жаңа оқу жылының өзінде бірінші сыныпқа 46 мың бала барған. Жалпы соңғы үш жылда Алматы облысында «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 82 жобаны жүзеге асыруға 77,2 млрд теңге бөлінген, соның 49 млрд теңгесі – білім беру нысандарына бөлінді.
Ал балаларды балабақшамен қамту деңгейі мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті жандандыру нәтижесінде жыл соңына дейін 95 %-ға жетеді деп күтілуде.
– Мәселен, 2013 жылы балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту көрсеткішісі небары 60 %-ды құраса, соңғы үш жыл көлемінде 279 балабақша ашылған. Оның 88 %-ы – жекеменшік. Ал биылғы жылы тағы 98 балабақша ашылса, жыл соңына дейін қамту деңгейі 95 %-ға жететін болады. Облыстың білім саласына мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетігін қолданудағы тәжірибесі үлкен. Енді біз мемлекет пен бизнес әріптестігінің басқа да формаларын қолдана бастадық. Біздегі 41 жобаның 8-і өткен жылы жүзеге асырылса, құны 9,6 млрд теңгелік 9-ы биылғы жылдың соңына дейін межеленген, – деді А. Баталов.
Әлеуметтік мәселелердің ішін­де маңыздыларының бірі – орталықтандырылған ауыз сумен қамту. Облыста бұл көр­сет­кіш  86 пайызға жетті. Бұл рес­пуб­ликадағы ең жоғарғы көрсеткіш (ҚР-бойынша – 55 %). Үстіміздегі жылы Алматы облысында жалпы құны 9,9 млрд теңге болатын 107 жоба жүзеге асырылуда. Соның нә­тижесінде 18 елдімекенге су құбыры жүргізіліп, 80-інде су сапасы жақсарады.
Әлеуметтік саладағы тағы бір қуанышты жайт биыл «Алматы – Талдықорған» магисралды газ құбырының құрылысы аяқталуы. Қазіргі кезде Алматы облысының 11 ауданында газ­дандыру жұмыстары жүріп жа­тыр. Табиғи газды асыға күт­кен облыс тұрғындарының көп­шілігі осы жылы көгілдір отынға қол жеткізді. Сөйтіп өңір­ді газдандыру 23% құрап отыр.
– Табиғи газға өтудің артық­шы­лығы өте көп: біріншіден, өңір тұрғындарының жылуға кететін шығыны азаяды, екіншіден, тұрғындардың өмір сүру қолайлылығы артады, ең бастысы басқа отын түрлеріне қарағанда экологиялық жағынан таза, – деді Амандық Баталов.
Еске салсақ, 2020 жылға қарай Алматы облысының бес ауданы мен Қапшағай қаласы толығымен 100% газдандырылады, ал жалпы облыста газбен қамту деңгейі 45%-ке жетеді.

ЖОБАЛАР МЕН БАҒДАРЛАМАЛАР
Астана қаласында өткен Халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесінен кейін Алматы облысында 10 за­ма­науи жоба мен оны жүзе­ге асыру технология­лары таң­­далып алынды. Мә­се­лен, «Қал­дықтарды бас­қару­дың өңір­лік жүйесі» қанат­қақ­ты жо­басы іске қосылды. Бұл қай­та­лама материал шығаруды 30 пайызға, қоқыс алаңдар­дарының санын 354-тен 16-ға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Облыс әкімінің айтуынша, «Рецетиловс» компа­ниясының ағын суды тазарту ке­шенін, ис­па­ниялық «Молекул» ком­па­ниясының жоғары сапалы құбырларын пайдалану, жаңартылған энергия көздері бойынша Швейцария мен Америка дайындаған «Альпі Үйін», ауаға шығарылатын қалдықтар көлемін шекті деңгейге дейін төмендету бойынша Чжэйзян энергия корпорациясының тех­но­логиясын, тұрмыстық қатты қал­дықтарды өңдеу кезінде қол­данылатын Хедвигагрупп тех­но­логиясын енгізу қарас­ты­ры­луда.
«Рухани жаңғыру» бағдар­ла­масы шеңберінде Алматы облысында жалпы сомасы 37 млрд теңге болатын 308 әлеуметтік жоба жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, Еңбекшіқазақ ауданы Ащыбұлақ ауылында Сабыровтар отбасы қараусыз жатқан саябақты қайта жаңғыртты. Кербұлақ ауданының тумасы, жеке кәсіпкер Хасан Абуов туған ауылында бастауыш мек­теп салуда. Қарасай ауданы Қыр­ғауылды ауылында «Батыр балалар» мемориалды музейі ашылды, оған меценат 465 млн теңге бөлген. Сонымен қатар Шамалған ауылында әлеуметтік әлжуаз топтар санатындағы 17 отбасы жеке тұрғын үйге ие болды.
Сонымен қатар Алматы облысында «Менің Жетісуым» жер­лес-инвесторлар форумын өткізу жоспарланып отыр. Бұл әлеуметтік жобалар қатарының көбеюіне ықпал ететін болады.

ЖАҢА АУДАН ҚҰРЫЛАДЫ
Амандық Ғаббасұлы Алматы облысында Райымбек ауданынан жер бөлу арқылы жалпы ауданы 711 937 га болатын жаңа Нарынқол ауданының құры­латынын қуанышпен жеткізді.
– Үкімет қаулысы мен Елбасы шешімі шыққан соң, жаңа ауданның құрылатынын халыққа қуанышпен хабарлағалы отыр­мыз. Нарынқолға бар­ғанда, жас­тардың жұмыс іздеп Алма­тыға ағылғанын көрдік, қалада базар жағалап жүрген­дерін көрдік. Сол себепті бұрынғы Нарынқол ауданын қайта құру туралы ұсыныс жасадық. Енді процедуралық жұмыстар қалды. Әзірге арнайы комиссия құрып, Нарынқолдың ғимараттарын тексеріп, келесі жылдың бюджетіне жоспар құруымыз қажет, –деді А.Баталов Орталық коммуникациялар қыз­метінде.
Атқарылған жоталы жұмыс­тар­ға қарап, республи­кадағы ең үлкен аймақтардың бірі – Жетісуда биыл да жылды жоғары жетіс­тіктермен аяқтайтынына көз жеткіздік.

Кәусар ИМАНЖАН

Жауап қалдыру